Бас прокуратура 2025 жылдың алғашқы екі айында қазақстандықтардың қандай мәселелер бойынша жиі шағымданғанын жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, аталған мерзімде прокуратура органдарына 70 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға көп.
Қазақстандықтардың шағымдарының басым бөлігі келесі мәселелерге қатысты:
• Тергеу және анықтау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері;
• Олардың шығарған процестік шешімдері;
• Қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот шешімдерімен келіспеушілік;
• Тексеру жүргізу кезінде құқықтардың бұзылуы;
• Сот орындаушыларының әрекеті немесе әрекетсіздігі;
• Тұрғын үй қатынастары, жер заңнамасы саласындағы заң бұзушылықтар және жасалған қылмыстар туралы арыздар.
Бас прокуратура азаматтардың сот актілеріне қатысты өтініштеріне де тоқталды. Егер азаматтық істер прокурордың қатысуынсыз қаралған болса (мемлекет, қоғам немесе өзін қорғай алмайтын азаматтардың мүдделеріне қатысты емес санаттар), прокуратура мұндай арыздарды қарамайтынын ескертті.
“Азаматтар осы мәселелер бойынша жиі жүгініп, жеке қабылдауға сұраныс білдіреді. Алайда прокуратураның құзыретіне жатпайтындықтан, мұндай өтініштер қанағаттандырылмайды”, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.