сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Шалғайдағы ауылда бір баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек – депутат

/
сурет: parlam.kz
Зайытов қазақтың "балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса" деген сөзін Мәжіліске келгенде тереңірек түсінгенін айтып өтті.

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысында үш жылдық саяси реформалардың аралық нәтижесіне тоқталып, болашақтағы атқарылар жұмыстардың әлі де көп екенін айтты. 

"Бұл – тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси институттарға, ойы бөлек азаматтарға деген сенімінің арқасы", – деді депутат.

Зайытов қазақтың "балпаң-балпаң кім баспас, басуға балтыр шыдаса" деген сөзін Мәжіліске келгенде тереңірек түсінгенін айтып өтті.

"Менің күнделікті жұмысқа келетін сапарымдағы әр қадамым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар", – деп ой бөлісті ол.

Ол кейбір азаматтардың депутаттар көтерген мәселелерді сынайтынын, "неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелерді қозғайды?" деген пікірлер айтылатынын атап өтті.

Дегенмен, депутат бұл сынмен келіспейтінін жеткізді: "Себебі біз – бір мемлекетпіз! Сондықтан ұсақ, ірі демей, әр мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған Астанадағы министрдің жүрегі ауыру керек".

Оның айтуынша, Мәжілістің бүгінгі құрамы қазақтың ертеңіне жарайтын, келер ұрпақтың да пайдасын көретін заңдарды шығарып жатыр.

"Бұрын көшеде ғана айтылып, ұзаса бірер ереуілмен басылып қалатын халықтың үні бүгінде төрге жетті. Елдің көкейінде жүрген түйткілдердің бәрін осында қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге бүкпесіз талқылаймыз", – деді Зайытов.

Ол Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатқанын, айтылмай қалған ой жоқ екенін атап өтті.

"Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді", – деді депутат.

Зайытов мемлекеттің оң өзгерістерінің барлығы Президенттің ойлы саясаты мен батыл бастамаларының арқасында жүзеге асып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол қоғамдағы рухани дағдарыс мәселесін көтеріп, "Қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып барады" деп алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, мұның себебі бір ғана нәрсе емес.

"Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалдық байлықтың бірінші орынға шығуы – осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр", – деді ол.

Осыған байланысты депутат идеологиялық тәрбие жұмысын күшейту қажет екенін айтты.

"Қазақстандағы мультфильмдерден бастап, балабақшадағы тақпақтардан романдарға дейін адамдардың бойындағы мейірім мен бауырмалдықты, мемлекетшілдік пен әділдікті насихаттауы керек. Сонда ғана біз Қазақ мемлекетінің байрағын құлатпай, мәртебесін асқақтататын ұрпақ өсіре аламыз", – деп түйіндеді Зайытов.

Бөлісу: