сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты іс сотқа жолданды

/
скриншот
Ол алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден астам сомадағы ақшалай қаражатын қолды қылған.

Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасап айыпталған бұрынғы судья С. Жолмановаға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. 

Тергеудің мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден астам сомадағы ақшалай қаражатын қолды қылған.

Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іс жүргізуге біріктірілді.

Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша айыптау актісімен мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылы 9 қазанда Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдік бойынша ұсталды.

Медеу аудандық полиция басқармасы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті полицияға жеткізілді, – деп хабарлады Алматы полиция департаменті.

2022 жылы Жоғары сот кеңесі Алматы Медеу ауданы сотының судьясы Светлана Жолманованы қызметтен босату туралы шешім қабылдады. 

2021 жылдың көктемінде әлеуметтік желіде судья Жолманованың кабинеті, үйі және көлігінен ірі мөлшерде ақша табылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда кейіннен Алматы соты бұл ақпаратты жоққа шығарып, судьядан 10 мың доллар табылғанын мәлімдеді.

Алматы қаласы Медеу ауданының судьясы Светлана Жолманованың кабинетінен 4 500$, үйінен 2 800 000$, көлігінен 600 000$ табылды және құрылыс жүргізушіден 1 180 000$ алды деген әлеуметтік желідегі ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Содан кейін судья Жолманованың өкілеті сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов өкімімен тоқтатылғаны айтылды.

Ал Светлана Жолманова тәркіленген 10 мың доллар өзінің ақшасы екенін, пәтер сатып алмақ болғанын айтты.

Бөлісу: