Мазмұны
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ономастика саласын ретке келтіру керек екенін баса айтты.
«Менің бастамаммен ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталды. Көшелер мен елді-мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жіберген, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілген. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданды. Депутаттар бастамаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет.
Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды. Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы бұл жұмысты ретке келтіру керек», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет екенін айтып өтті.
«Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет.
Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім.
Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін», – деді Мемлекет басшысы.