Оскар жүлдесін алған әйгілі актер әйелімен бірге өлі табылды

Актер Джин Хэкман мен оның әйелі, классикалық пианист Бетси Аракава АҚШ-тың Санта-Фе қаласындағы үйлерінде өлі табылды. Олардың иті де өлі табылғаны хабарланды.
Санта-Фе округінің шерифі олардың өліміне қылмыстық әрекет себеп болмағанын мәлімдеді, дегенмен нақты өлім себебі әлі жарияланған жоқ. Тергеу жалғасуда.
«Қазіргі уақытта біз алдын ала тексеру жүргізіп жатырмыз және сот ордерінің мақұлдануын күтіп отырмыз», – деп мәлімдеді Санта-Фе New Mexican басылымына берген сұхбатында шериф. Ол сондай-ақ қала тұрғындарына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.
Джин Хэкман ХХ ғасырдың ең құрметті және марапатты актерлерінің бірі болды. Ол екі мәрте «Оскар» жүлдесін, үш «Алтын глобус» және 2003 жылы Сесил Б. ДеМилль атындағы марапатқа ие болған.
Хэкман «Француз байланысы» (1971) фильміндегі Джимми «Попай» Дойл рөлі үшін «Үздік актер» аталымында «Оскар» жеңіп алды. Кейін 1992 жылы Клинт Иствудтың «Мейірімсіз» («Unforgiven») вестерніндегі Шериф Литл Билл Даггет рөлі үшін «Екінші пландағы үздік актер» номинациясында тағы бір «Оскар» иегері атанды.
Актердің ең танымал фильмдерінің қатарына Bonnie and Clyde, The Conversation, Mississippi Burning, Crimson Tide, The Quick and the Dead, The Firm, Under Fire, The Birdcage және Уэс Андерсонның The Royal Tenenbaums фильмдері кіреді. Сондай-ақ, ол әйгілі Superman фильмдеріндегі Лекс Лютор рөлімен танымал болды.