Сауық Жақанова: Қазақты біріктірген – Қазақ радиосы

Сауық Жақанова: Қазақты біріктірген – Қазақ радиосы
196

ХХ ғасырда ұлтымыздың тілі мен өнерін сақтауға зор әсер еткен құралдың бірі – Қазақ радиосы. Қазақ тілінде күллі әлемге хабар таратып, елдің тыныс-тіршілігімен таныстырып отырған радио ұлттың тұтастығы жолында үлкен қызмет етті. Сол радиода өзінің ғажап сазды даусымен тыңдарманының жүрегінен жол тапқан дикторлардың бірегейі – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова. Біз даңқты диктормен   Қазақ радиосының өткені мен бүгіні, өзінің өмірі мен өнер жолы туралы әңгімескен едік.

– Сауық апай, кеңестік кезде Қазақ ра­диосын тыңдамайтын қазақ жоқ еді десек, артық болмас, сол шақта өзіңіз де күллі жұртшылық дауысынан таны­ған аса танымал диктор болдыңыз. Әри­не, сіз жайлы талай жазылды, деген­мен әңгіменің басын өзіңіз туып-өскен ортадан бастасақ деп отырмыз.

– Мен қазіргі Ұлытау облысының Жаңаар­қа ауданында Екінші дүниежүзілік со­ғыс бітерден үш ай бұрын дүниеге келіп­пін. Әкем Мәсіғұт соғыста жараланып, әске­ри госпитальда емделіп шыққаннан кейін ел­ге оралып, 9 кластық сауаты болса да есеп­ке жүйріктігінің арқасында ауылда есеп­ші болып  тағайындалыпты. Өмір бойы ең­бегімен күн көрген, сонысымен елге қадірлі адам болды. Қан майданның сұмдықтарынан жаны қатты түршіккен болуы керек, бертінге дейін өзі куә болған соғыс жайлы әңгіме ай­туға ықылас танытпайтын. 1943 жылы анам Зира Мақанқызымен отбасын құрып, екі жылдан соң мен туыппын. 
Анам өнерді құрмет тұтатын адам бол­ды, халық әндерін нәшіне келтіре шырқай­тын, дауысының әдемі тембрі бар еді. Туыс-туғандар жинала қалғанда қолқалап ән салдырып, «Ән салса, Зира салсын» деп риза бо­лып жататын. Ән салғанда ажарланып ке­тетін анамның жүзіне қарап, сүйсініп оты­ратынмын. Анамыздың бұл қасиеті бауыр­ларым Роза, Райхан, Қосманға да дары­ған еді. Тіпті, өнер олардың балаларына, не­­­­мерелеріне де қонған.
Әкем ауылда басшылық қызметте бол­ғандықтан ғана емес, үйін таза ұстайтын, дас­тарқаны берекелі зайыбы болғасын шы­ғар, үйімізге қонақ жиі келетін. Бірде Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабековалар елге келіп спектакль қоюға кеткенде, солардың ба­ласын тіземе жастық қойып тербетіп, ұйық­татқаным есімде.
Анамның әңгімешілігі де ғажап еді. Мек­тепте өте жақсы оқыған. Қазақтың белгілі әдебиеттанушы ғалымы, академик Серік Қирабаевпен бір сыныпта оқыған. Соғыс басталып кеткендіктен білім алуға мүмкіндігі болмағанын айтып: «Жоғары білім алғаным­да мен де Серік сияқты ғалым болар ма едім?» деп отыратын, орындалмай қалған ар­ма­нын айтып. Бірақ «Мен жетпегенге сен­дердің жеткендеріңе ризамын» дейтін.
Осы арада айта кетейін, мен ағам Жан­­ша­ның (әкемнің немере інісі) қолында өс­тім. Фамилиям да басында солар­дың тегімен жа­зылып, Жұмашева бола­тын­мын. Ол кісі­нің анасы Әпақа апа (шын аты Ағынай) мені тәр­биелеп өсірді. Жанша ағам Жезқазғанға жақын жердегі Атасу теміржол стансасына  бастық болып, отбасы сонда тұрды. Мен жыл сайын әке-шешем тұрған ауыл­ға келіп, бауырларымды көріп кете­тін­мін. Бірақ ол кезде мен де, бауырларым да ме­нің Мәсіғұттың тұңғышы екенімді біл­мейтінбіз. Тек кейін 5-сыныптан бастап өз әкем­нің үйіне қайтып келіп, 3 жыл сонда оқы­дым. 8-сыныпты әкеміздің немере апасы Тә­бәрік апайдың үйінде оқыдым. Ол кісі ісмер, мейірімі мол жан еді. 
Мектепте жүргенде белсенді оқушы бо­лып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып ән салдым, өлең оқыдым, концерт жүргізе­тін­мін.

– Алматыға жолыңыз қалай түсті? Оқуға келгенде бірден түсе алмапсыз...

– Әкемнің жалғыз қарындасы Биғайша Жақанқызы Қарағандыда жұмыс істеп жүріп соғыстан майор шенімен оралған Жақия Ахметов деген кісімен танысып, отау құрған. Кейін жездеміз жұмыс бабымен Алматыға көшіп, онда орныққан соң Мәсіғұттың ба­лаларының білім алуына қамқорлық жасады. Мен мектептің соңғы екі жылын Алматыда оқыдым.
 Мектепте жүргенде өнерге жақын бол­ғанымды айтып кеттім ғой, соны көргендер «сен әртіс бол, қабілетің бар» дейтін. Соған құ­лақ қоятынмын, өзіме де ұнайтын әртіс болу. 
Өнер адамдары туралы небір сыпсың сөз­дер айтылып жатады ғой, содан ба екен, ел­де әртістерді онша ұната бермейтін әдет бар еді. Мектеп бітіріп оқуға түсемін деге­нім­де әкем «әртіс болмай-ақ қойсын, мұғалім болсын» деп сәлем жолдапты ауылдан. Содан сол кісінің тілін алып, ҚазМУ-дің Филология факультетіне құжат тапсыруға барсам, мені оқуға алмады. Екі жыл еңбек стажың болуы керек екен. Сосын Алматыдағы жездемнің кө­мегімен «Ара» – «Шмель» журналына хат тасу­шы болып жұмысқа тұрдым. Журнал ре­дакциясы Қазақстан Жазушылар одағы­ның ғимаратында. Ол бір ғажап кез еді, күн сайын жұмысқа барғанда қазақтың атақты ақын-жазушылары – Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Тахауи Ахтанов, Бердібек Соқпақбаев сияқты атын бала кезден естіген қаламгерлерді көре­мін. Сол тұста университеттің 2-курсында оқи­тын Әбіш Кекілбаевты да көріп қала­тын­мын. Әрине, бұл жазушылар Алматыда мек­теп­те оқып жүргенде талай кездесулерге кел­ген, бірақ жүзбе-жүз көргеннің әсері бас­қа ғой. 
Ол кезде басымда бантигім бар, кіш­ке­не сары қызбын. Күнде көріп жүр­гендіктен мені бәрі таниды. Жазу­шы­лар­дың бәрімен күлімдеп амандасатын болуым керек, бір күні Бердібек Соқпақбаев ағамызға сәлем бергенімде, ол:  «Айналайын, сен елдің бәрі­мен осылай күлімдеп амандасасың ба, әл­де тек менімен ғана ма?» деді. Мен қысы­лып «Білмеймін... енді сізді танимын ғой» дегенім бар.
Сөйтіп, Жазушылар одағында бір жыл жұ­мыс істеген соң ҚазМУ-дың Филология фа­культетіне оқуға түсіп, қазақтың белгілі қа­ламгері, жазушы-драматург Дулат Иса­бе­ков, ақын Марат Отарәлиевпен бірге оқы­дым. Дулат: «Кішкене қыз келіп «кемпір-
шал­дармен» оқып жатыр»  деп әзілдейтін.

– Қазақ радиосына қалай келдіңіз? Өзіңіз бардыңыз ба, әлде жұмысқа  ша­қырды ма?

–  Оған да жездем себепші болды. Оқуды бітір­гелі жүргенімде радиоға дикторлыққа кон­курс жариялағанын естіп, Жақия жездем ба­рып көрсеңші деген соң бардым. Ол кезде оқу­ды бітірген соң жолдамамен жан-жаққа жі­береді ғой, сондықтан жасырып не керек, сту­денттік шағымыз өткен ортаны қимай­мыз, ауылға барғымыз келмейді. Бір себеп тауып, Алматыда қалғымыз келеді.
Дикторлық конкурсқа түсіп, бірден өтіп кет­тім. Сөйтіп, 1966 жылы радиода еңбек жо­лым басталып, сол жерде табан аудармай 36 жыл жұмыс істедім.
Радиоға келгенде басында таңырқап жүр­дім. Әсершіл болған шығармын, олардың сөй­легенінің өзі ерекше көрінеді. Жай қара­пайым адамдардай емес, басқаша сөйлей­тін­дей. Дауыстары көмейінен шығып, күмбірлеп тұратын сияқты. Сөздердің бәрін анық, өте түсінікті, әсерлі қылып айтады. 
Ол кезде Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Ер­жанов, Мырзабек Қуатбеков, Нина Сейітова, Жанель Асқарова, Сара Омар­қо­жаева, Қатира Әзімбаева (Абай Құнанбайұлы­ның ағасы Тәкежан бар ғой, соның баласы Әзім­байдың шөбересі) Асыл Рахымжанова секіл­ді мықты дикторлар болды. Жаңадан кел­ген дикторларды бір адамға бекітіп қоя­ды, жол-жоба көрсетсін деп. Мені Асыл апай­ға тапсырды. Ол – дикторлардың ішін­де­гі ең жасы екен. Бірақ ол апай кейін дәрігер жол­дасының қызмет бабымен Шымкентке ауы­сып кетті. Мені алғаш эфирге алып кел­ген сол кісі болатын. 
Радиода диктор аға-апаларымнан көп үй­рен­дім. Олар дауыс ерекшелігіне, сөздің анық айтылуына ерекше мән беретін. Мә­селен, Әнуәрбек Байжанбаев ағамыз ашық дауысты дыбыстарды созыңқырап, «а»-ны «аа-а» деп айтатын. Сөйлеу техникасы деген бар, сонда айтады «дұрыс ашылған ауыздан дұрыс сөз шығады» деп. Қазақ сөздерінде дауысты дыбыс көп қой, солардың бәрін анық айту керек, дауысты дыбыс тым қысқа айтылса естілмей қалады. Оны ауызша айтқанда, сөйлескенде түсіне береміз ғой, ал эфирде көмейіңді керіп, анық айтуың керек. Жай сөйлегенде ғана емес, ән айтқанда да сөздің мағынасын, мәнін жеткізетіндей етіп дыбыстарды анық айтпаса, сөз түсініксіз болып қалады. 
Ән демекші, қазақтың жанын ұғындыра­тын халық әндерін жақсы көремін, эстрада­лық әндерді онша ұқпаймын, кейбірін тіпті түсінбеймін. 

– Дикторлардың жалпы қызметінің мәні бір болғанымен әр диктордың өзіне сай дыбыс түрлендіруі, стилі бо­лады. Сіз өз стиліңізді қалай қалып­тас­тырдыңыз?

– Әрине, ол аз уақытта бола қалатын нәр­се емес қой, ізденіс арқылы келетін, көп еңбектенумен жететін нәрсе ғой. Сондықтан үнемі өзімнен алдыңғыларды бақылап, тың­дап, ойыма тоқып жүретінмін. 
Әнуарбек аға менің дауысымды бірден ұнат­ты. Бибінұр Қайратбаева деген дыбыс ре­жиссері болды, сол апай Байжанбаев екеу­міз эфирді жүргізер кезде «Әнеш, Сауықтың дауы­сын көріп отырсың ғой, әлі бала дауыс. Сен дауысыңды қысыңқырап оқы» дейтін. Әйт­песе, Әнекеңнің дауысы кең ғой. Сөйтіп ба­рып, Әнуарбек аға дауысын маған ыңғай­лап оқығаннан бірте-бірте үйреніп, қалып­тастым. О кісінің оқыған хабарының бәріне көзімнің қырымен қарап отырамын, қай жерде демалады, қай жерде кідірістер жа­сайды деп. Ол кісі бұрын баспада коррек­тор болған екен, олар тексттегі қатені жөн­де­ген соң машинисткаларға әріпті анық ды­быстап айтады екен. Содан қалған дағды болуы керек, ол кісінің оқуында сөздегі бар­лық дыбыстар анық естілетін.
Мәтінді оқығанда кей сөздердің, тір­кестердің оқылу, айтылу ерекшелігі болады. Мәселен, қазақ тілінде екі-үш сөз бірігіп бір мағына беретін жағдайлар бар. Сондықтан тұрақты тіркестерді құрайтын сөздерді арасына пауза (кідіріс) жасамай тұтас айту қажет. Мина Сейітова апай «Мәтінді өзіңе ың­ғайлы етіп  оқуға әлгіндей сөздерді белгі­леп отыру үшін қолыңда үнемі қарындаш болсын» дейтін. Сөйтіп-сөйтіп үйрендік қой.

– Жаңалықтардан өзге қандай ха­бар­лар жүргіздіңіз?

– Радио дикторының бір ерекшелігі – оқылатын мәтінге қарай оларды бөлмейді. Мы­нау кешкі хабарды, мынау әдеби шығар­маны оқысын, мынау эфирден берілетін концертті жүргізсін демейді. Дегенмен дик­тордың табиғаты қайсысына сәйкес келеді – оны тыңдаушылар да, режиссерлер де, автор­лар да көреді, сосын мына диктор оқысын деп сұрайды. 
Мені жаңалықтарға кішкене қиын деп ай­тады екен, себебі дауысым тым нәзік көрі­неді. Бірде композитор Ілия Жақанов «Сен жаңалықтарды елжіреп, лирикаға салып, шектен тыс сентиментальды түрде оқыма, оны орыста «слащавость» (тым тәтті) дейді. Екеуміз де Жақановпыз, фамилиямызды биік ұста!» дегені бар, әзілдеп. Өйткені дикторлы­ғымның алғашқы кезінде мәтінді  тым әсерлеп оқиды екенмін.
Студент кезімізде ауыл еңбеккерлеріне ба­рып концерт қоятынбыз, лекция оқи­тын­быз. Сол туралы Қойшығара Салғарин ма­қа­ла жазып, оны радиодан өздерің оқыңдар деп­ті. Бірақ оны өздері қолай көрмей, өлең оқып, концерт жүргізетінімді білген соң маған қолқа салды. Сонда бірінші рет эфирге шығып, жастар студиясынан оқыдым. Бәрі жақ­сы шықты деп мақтады, мен де оған қуа­нып жүрмін. Кейін радиоға келгеннен кейін сол өзім оқыған хабардың пленкасын тауып алдым. Тыңдасам... «Біз, студенттер мына-а Талды­қорған облысында-аа болып  кон­цееерт қойдық...» деп әсерленіп, созыып оқып­пын ғой ерке балаға ұқсап. Оқу мәнерім­нен өзім ұялып кеткем сонда. 
Әсерленіп оқу әдеби шығармаларға жарасқанымен, ресмилік мәні бар жаңа­лықтарға, соңғы хабарларға келмейді. Олар­ды эмоция білдірмей, бірқалыпты, түсі­нікті қылып жеткізу қажет. Оның бәрін кейін келе үйрендік қой.
Әдеби шығармаларды оқығанда оның мағы­насына, айтпақ ойына қарай дауысты да, интоннацияны да құбылтуды оқыған дик­тордың табиғаты шешеді.  Біреудің өйт, бүйт дегенімен ештеңе істей алмайсың, өзің ізде­несің, тапқаныңды сіңіресің, сөйтіп барып қалыптасасың.

– Қырық жылдай уақыт радиода диктор болғандықтан, түрлі мәтінді оқыдыңыз. Сіз үшін оқуға қиын ауыр хабарлар болды ма?

– Диктордың жұмысы – мәтінді оқу. Кез келген хабарды жүргізе беретінбіз. Әнуарбек аға «Сауықпен бірге оқимын» дейді. Әйтпесе, өзге дикторлар да бар ғой, сондықтан маңызды хабарларды біз оқи берген соң ренжитін де адамдар болды, әрине.
Айтайын дегенім, эмоциялық жақтан оқуға ауыр тиетін хабарлардың бірі Екінші дүниежүзілік соғыс туралы болатын. Ол жыл сайын мамыр айында оқылады ғой. Әнуарбек Байжанбаев соғыста болып келген ғой. Сол кісіге қатты әсер ететін сондай хабарлар. Әнекең көзілдірікпен оқиды ғой. Жаңағыдай хабар жүргізетін кезде Әнекең режиссерге «тоқтай тұршы» деп іркіліп, көзілдірігін ше­шіп, көзінің жасын сыпырып барып оқитын соғыс туралы текстерді. Ондай мезеттер  болып тұрады, менде де талай кездесті. Жал­ғыз соғыс тақырыбы емес, арасында ауыр шығар­малар оқығанда қиналған сәттер кездесетін. Біз соны сезініп, радиотыңдау­шыларға қалай жеткізсек әсерлі болады деп ойлап, шығарманың мәнін жеткізуге тыры­сатынбыз.
Әр хабардың өз ерекшелігі бар. Жастарға арнал­ған хабарларды, соңғы жаңалықтарды оқитынбыз, репортаж жүргізетінбіз. Әрқай­сысы әр бөлек.
Ол шақта радиода хабар жүргізуге әртіс­терді жолатпайтын, олар жаттауға үйренген, рөл орындауға дағдыланған деп. Радиода берілетін хабарлардың бәрін дикторлар шы­ғаратын. 
Сол кезең радионың алтын ғасыры бол­ды. Өйткені ол дәуірде Қазақстанды дүние­жү­зіне танытқан, бар қазақты рухани тұрғы­дан біріктірген күштің бірі қазақ радиосы бол­ды дер едім. Талай белгілі журналистер, ті­­лі төгіліп тұрған жазушылар радиоға жаза­тын. 

– 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы ке­зінде ол туралы мәтінді сіздер оқы­дыңыз­дар ма?

– Желтоқсан оқиғасы кезінде радиода Әнуар­бек Байжанбаев жоқ. Ол кезде Омар­хан Қалмырзаев деген мықты диктор бола­тын. Сол екеуміз Сәтбаев-Желтоқсан (ол кез­де Мир деп аталатын) көшелерінің қиы­лы­сында орналасқан жұмысқа келсек, жан-жақ­та адам қаптап жүр. Есіктің аузында бұрын­ғыдан да қатал күзет қойылған. Ол КГБ-ның адамдары екен, кейін білдік.
Радио ғимаратына кірген соң Омархан екеу­мізді шақырып алды да:  «Қазір сіздерді машинамен бір жерге алып кетеміз» деді. Не үшін алып кетеді, қайда апарады – түсінбедік. Бізге ашып айтқан жоқ. Сосын бізді қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр көшесіндегі бір үйдің жертөлесіне жасап қойылған радио сту­диясына алып келді. «Қазір сіздерге ЦК мә­тін дайындап жатыр, соны әкеп береді. Со­ны сіздер көшені аралап жүретін ма­шинада оқисыздар» деді. Сонымен отырмыз, отырмыз... Әне келеді, міне келедімен сол жер­де 4-5 сағаттай отырып қалдық. Ақыры, біз­ді ешқайда апармады, ештеңе оқытпады. Егер бізді машинамен алып жүріп, біз олар берген мәтінді оқығанда қандай жағдай бо­лар еді? Күллі қазақ білетін дикторлар қазақ жас­тарын бүлікші, наркоман, маскүнем сай­рап тұрса масқара ғой. Әйтеуір,  бізді Құдай сақтады.

–  Темірбек Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясында сах­налық сөйлеу пәнінен дәріс оқып­сыз, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде сабақ беріпсіз. Шә­кірт­теріңіз туралы не айтасыз?

– Бір кезде радиода редактор болған На­мазалы Омашов ҚазМУ-ге барып декан бол­ған кезінде мені университетке шақырды. Мен о баста ғылыммен айналысқан емеспін, ұстаздардан үйренгенім бар, өзімнің тәжі­ри­бем бар – содан жинағанымды журфактың радио-телевизияға маманданып жатқан студенттеріне үйретуге тырыстым. Оларға радиоға, телевизияға барғанда ең негізгісі – мәтінді қалай оқу керек екенін білгенім­ше айтып, үйретіп сабақ жүргіздім. Өнер ака­демиясында да солай шәкірттерге білге­німді үйретуге тырыстым. Шынын айтқанда, ол ісіме өзімнің көңілім толмады, бірдеңе үйренем деген балалардың бекер уақытын ал­дым ба деп. Мүмкін, менен бірдеңе алған­дар да бар шығар. Әйтеуір,  Айгүл Мүкей, Нұрлан Әлімжан сияқты менен сабақ алған жастар маған сіздің шәкіртіңізбіз дейді. Айгүлдің тілі орысша еді, оған оқуға қазақша мәтіндер беріп,  жаттықтыратынмын.

– Қазір радиода баяғы сіздердің кез­де­ріңіздегі дәстүр бар ма? Радио тың­дар­маны бүгінгі дикторларға жиі сын айтып жатады...

– Қазір радиода баяғы дикторлар кезін­дегі дәстүр жоқ. Қазір дикторлардың орнын жүргізушілер басты. Бағдарлама жүргізудің де тәсілі өзгерген. Мәселен, бүгінде техника дамығандықтан, музыка хабарларын жүр­гізушілері радиотыңдаушылармен тікелей әңгі­мелесіп отырып жүргізеді, баяғыдай мә­тінді жазып алып оқымайды. Тыңдаушы­лар­мен телефон арқылы тілдесіп, жауап береді. Демек, қазір радиода дикторлардың дәуірі өтіп, жүргізушілердің заманы келді. Әркім­нің өз хабары бар, оны өзі дайындап, өзі жүргізеді. Олардың арасында, әрине, мә­тін оқуды жақсы меңгермегендері кездесіп қа­лады. Ал біздің кездегілер жаңалық оқып, түрлі хабар жүргізе беретін бесаспап еді. 

– Қанша дегенмен бір отбасы оша­ғы­ның иесісіз ғой, жеке өміріңізге тым қар­ба­лас жұмыстың зияны тимеді ме?

– Ол кезде жұмысты қатты беріліп іс­тей­тін едік қой. Күнделікті жұмыс алты сағат, де­ген­мен оны бітіре сала үйге қайтуды қа­пер­ге ала бермейміз. Туындыларын радиоға беріп жүрген адамдар көбіне «Менің шығар­мам­ды Сауық оқысыншы» деп өтініш жасап жататын. Ол шыным енді, апаңды мақтанды десең, өзің біл. Содан күнделікті алты саға­тым біткенмен радиодан шықпаймын, әлгін­дей өтініштерді орындаймын деп. Оған кей­де өзге дикторлар ренжіп жатады, «Сауық қу өзі» деп, қаламгерлердің туындыларын оқу­ға өзім сұрап алатындай-ақ. Оны, әрине, сезіп жүресің, бірақ жұрттың ықыласын жық­қың келмейді. Жақсы шығармалар алыңа келіп тұрғанда қалай бас тартасың?
Содан балаларды үйдегі енеме қара­тып, өзім жұмыспен көп жүріп қала­мын. Соның себебінен екі баламның тәр­бие­сімен айналысуға уақыт аз болып, олардың тілі орысша шығып кетті. Соларды қазақша тәрбиелемегеніме қазір өкінемін. Өзің қа­зақша білгеніңмен балаларың қазақша сай­рап тұрмаса жақсы емес қой...

– Жақында Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада мерейтойыңыз атап өтіліп, сіз жайлы шыққан «Сахара сандуғашы» деген кітаптың таныстырылымы  өтті. Ол кітап жайында не айтасыз?

– Ол кітапты осыдан бес жыл бұрын ме­ні ұстаз тұтатын қазақтың белгілі жур­на­лист қыздары Таңсұлу Алдабергенқызы мен Жа­зира Амантай құрастыра бастапты. Өз­дерінің бастамасы ғой. Ниетіне рахмет, бірақ басында мен «осы заманда кітапты кім оқи­ды, онша қажеті болмас. Оның үстіне кітап­ты шығару оңай емес, бірталай қаражат ке­рек, оны мына тиын санаған заманда кім шы­ғарып бере қояр дейсің?» деп ыңғай та­ны­та қоймап ем. Бірақ олар алған бетінен қайт­пай шығарамыз деді. Сосын белгілі бас­пагер, «Атамұра» корпорациясының пре­зиденті Рақымғали Құл-Мұхаммед інімізге өтініш жасап едім, ол бірден қолдай кетті. Сөйтіп, аталған кітап биыл жарық көрді. Ол кітап­қа мен жайлы жазылған мақалалар мен өлең­дер, менің кейбір өз тәжірибем негізінде жазылған жазбаларым, өмірім мен қыз­метім­нің түрлі кезеңінен сыр шертетін фотосуреттер енгізілді. 
Әрине, әркім-ақ өмірде, өнерде ізі қал­ға­нын қалайды. Сондықтан мен жайында жаз­ған барлық авторға алғыстан басқа ай­тарым жоқ. Біздің өмірімізде ұрпаққа үлгі бо­лар нәрсе болса соған ризамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары