Ұлытау облысында ауыл әкіміне 27 мың теңге айыппұл салынды

Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданының әкіміне 27 мың теңге айыппұл салынды.
Жаңаарқа аудандық сотында ауылдық округ әкіміне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 479-бабымен (заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынымға уақтылы жауап бермеу) әкімшілік іс қаралды.
«2023 жылғы 6 қарашада Жаңаарқа ауданында спорт кешенінің құрылысына арналған материалдарды ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Осыған байланысты тергеуші А. 2024 жылғы 12 қарашада Жаңаарқа ауданының әкіміне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жолдаған. Бұл құжат аудан әкімінің орынбасары М. арқылы 14 қарашада С. ауылдық округінің әкіміне орындау үшін жіберілген. Алайда, әкім ұсынымға бір ай ішінде жауап бермеген.
Сот отырысында С. кінәсін мойындап, құжатты уақытылы алғанын, бірақ ауылда жарықтың жиі өшуіне байланысты ұсынымды назардан тыс қалдырғанын және белгіленген мерзімде жауап бермегенін айтты», – делінген хабарламада.
Сот құқық бұзушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, оны кінәлі деп танып, 27 524 теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.