Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірім ауруханада соққыға жығылған
Жасөспірімнің шизофрения дертімен ауыратыны белгілі болды

Бірнеше апта бұрын Астанада лифтіде 5 жасар баланы пышақтаған 14 жастағы жасөспірім көп ұзамай, психоневрологиялық диспансерге жатқызылған. Алайда ауруханада бозбаланы үлкендер тарапынан әлімжеттікке ұшырағаны белгілі болды, деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Бозбаланың шизофрения дертімен ауыратыны анықталды.
Оқиға туралы «Ерекше балалардың ата-аналары одағының» елордалық филиалының жетекшісі Гүлсан Мауина хабарлаған. Оның айтуынша, жасөспірім балалар бөліміне жатқызылуы керек болатын. Алайда, ересектер бөліміне орналастырылған. Гүлсан Мауинаның айтуынша, оны бейнебақылау камерасы жоқ палатаға жатқызып, қорлаған, ұрып-соғып, ауыр сөздер айтқан, кітаппен ұрған.
«Криминальный Казахстан» Telegram арнасының мәліметіне сүйенсек, психоневрологиялық диспансерде бозбаланы санитар соққыға жыққан. Баланың анасы полицияға жүгініп, сот-медициналық сараптама жүргізуді талап етті.
Айта кетейік, бірер апта бұрын елді шошытқан жағдай Астанадағы лифтіде болған. 14 жастағы жасөспірім қаннен-қаперсіз тұрған 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған.