Технологиялық бәсекеде қай елдің бәсі биік?

Технологиялық бәсекеде қай елдің бәсі биік?
166

Заманауи әлемде технологиялық, экономикалық және геосаяси бәсекелестік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл «ғаламдық жарыс» тек мемлекеттер арасындағы текетірес ғана емес, адамзаттың келешек келбетін анықтайтын құбылысқа айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның эко­но­микалық бағдары» атты Жолдауында әлем­де технологиялық бәсеке қызып тұр­ға­нын ескертіп, отандық ғылымды ілге­рі­ле­тетін арнайы заң қабылдауды ұсынған-ды. Көп кешікпей 10 тарау 54 баптан тұ­ра­тын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы қабылданды. Алайда отандық ғылым саласын жанданып, инновациялық озық технология кешенді түрде дамып жатқанын көріп отырған жоқпыз.
Жыл басында өткен Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында Президент:

– Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз ке­­рек. Жаңа технологиялық ахуалға сақа­дай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бә­се­кеге қабілетін арттырып, тұрақты дам­уы­на жол ашатын аса маңызды фактор, – деп ат­қарушы билікке нақты тапсырма берді.

Қазіргі ғаламдық бәсекелестіктің негіз-гі – технологиялық үстемдік құруға бағыт­тал­ды. Жасанды интеллект (AI) – адам мүм­кіндігін кеңейтіп, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді. 5G және 6G – ақ­парат алмасудың жаңа дәуірін ашады. Квант­тық есептеу – криптографияны, ақ­па­раттық қауіпсіздікті түбегейлі өзгертеді. Жар­тылай өткізгіш (чиптер) – кез келген тех­нологияның негізгі элементі. Биотех­но­логия және гендік инженерия – адамның ден­саулығы мен өмір сүру ұзақтығын өз­гер­теді. 
Ғылыми-техникалық прогресс тек қо­ғамның барлық саласын дамытушы күш ғана емес, бұл – экономикалық үстемдік, гео­саяси ықпал, әскери қуат, ақпараттық ба­қылау, жасыл энергияны игеретін бәсеке алаңы.   
Рас, технологиялық артықшылыққа ие ел­дер әлемдік нарықты басқарады, ал AI, киберқару, гипердыбысты зымырандар соғыс тактикасын өзгертеді.
Технологиялық жарыстағы басты бәсе­келестер – АҚШ, Қытай, Корея, Жапония және ЕО.

АҚШ ЖЕТЕКШІ ПОЗИЦИЯДА

Заманауи әлемде Америка бәсекелес­терінен технологиялық прогресте алда келеді. Мұхиттың арғы бетіндегі алып ел технологияны жүйелі дамытудың заң­дық тетіктерін әлдеқашан қалыптастырған. 
2022 жылы 4 ақпанда АҚШ-тың ғы­лы­ми және технологиялық бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға арналған America COMPETES заңы қабылданды. Сөйтіп, басты қарсыласы Қытайға қарсы кешенді жоспар құрды.
Бұдан бөлек, жартылай өткізгіш өнер­кәсібін дамытуға бағытталған CHIPS and Science Act заңы, технологиялық жетістік­тері­нің шетелге экспортын бақылауға және қатаң шектеулер енгізуге арналған Export Control Reform заңы қолданысқа енгізілді. Қар­жыландырудың ашықтығын және тех­нологиялық жобаның тиімділігін арт­тыру­да цифрлық құралды пайдалануға мүм­кін­дік беретін Digital Accountability and Trans­parency заңы қабылданды. Бұл заңдар АҚШ-тың технологиялық дамуын ынта­лан­дырып, инновацияны дамыту мен ұлт­тық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек­теседі.
Америкалық компаниялар әлемдегі ең жыл­дам компьютерді, ең қабілетті роботты ұсын­ды.
АҚШ-тың 47-ші Президентті Дональд Трамп әлемдік тәртіптің негізін түбегейлі өзгерту жолы – технологиялық прогресте еке­нін мәлімдеді. 
Алпауыт елде жасанды интеллект ин­дуст­риясы өте жақсы дамыған және әлем­дік AI жарысында басты рөл атқарады. Мә­­селен, америкалық «OpenAI» компа­ния­сы көп тілде ақпарат ұсынатын және сурет гене­рациялауды, код жазуды үйлестіретін ChatGPT, DALL E, Codex сынды жасанды ин­тел­лектіні шығарды. Ал Google DeepMind & Google AI компаниясы ойындар мен медицинаға қолданатын Gemini, AlphaGo, AlphaFold ұсынса, «IBM Watson» ком­паниясы енгізген Watson AI кәсіпкерлік ше­шімдер, медицина және бизнес саласына ба­ғытталды. Сондай-ақ Meta, Microsoft, Amazon, NVIDIA және тағы басқа компа­ния­ның AI өнімі сұранысқа ие. 
АҚШ технологиялық жарыста әлемнің өз­ге елдерімен салыстырғанда чиптер мен кванттық есептеу бойынша үздік келеді. АҚШ үкіметі National Quantum Initiative ар­қылы кванттық есептеуге миллиардтаған дол­лар қаржы құюда.
Кванттық физика мен есептеу сала­сын­да MIT, Stanford, Harvard, Caltech, Berkeley университеттері әлемдегі ең мықты зерттеу орталықтары саналады.
2019 жылы Google Quantum AI ком­па­ниясы «кванттық үстемдікке» қол жет­кіз­ге­нін мәлімдеді. 2023 жылы IBM Quantum 1,121 кубиттік Condor чипін жасап шы­ғар­ды. Қазір америкалық компаниялар Microsoft Azure Quantum – топологиялық кубит­тер­ді дамытуда, Intel Quantum – кремний не­гізіндегі кубиттерді зерттеуде, Rigetti Computing – коммерциялық кванттық компьютер жасауда.
Қысқасы, ресми Вашингтон әлемді би­леп-төстеуін жалғастыру үшін заманауи тех­нологияға арқа сүйейтіні белгілі.

ЕКІНШІ АЛПАУЫТ – ҚЫТАЙ

АҚШ-тың технологиялық жарыстағы бас­ты бәсекелесі – Қытай. Мұны Вашингтон жасырмайды. Әрі Қытай билігіне чип және тағы басқа заманауи технологияға қол жет­кізуге санкция пакетін әзірледі. Бірақ Аме­риканың шектеуіне ресми Пекин қа­рай­тын түрі жоқ. Қайта технологиялық бәсе­келестікті қыздыра түсті. 
Жаһандық технология аламанында көш­басшы болуға және инновациялық эко­номика құруға ұмтылысын көрсететін бір­қатар құқықтық нормалар мен жос­парлар құрды. 
Оған Жаңа технологиялар мен иннова­ция­ларды дамыту туралы заңы, Интеллек­туал­ды меншік туралы заңы, Жаңа энер­ге­тикалық көлікті дамыту туралы жоспары, Жасанды интеллектіні дамытуға арналған ұлттық жоспарын жатқызуға болады. 
2020 жылы көрші елде Jiuzhang квант­тық процессорын жасап, жарық фотонын пай­даланып, белгілі бір есептеуді супер­ком­пьютерден жылдамырақ орындады. Бүгінде ҚХР-да Alibaba, Baidu, Huawei кванттық зерт­теулермен айналысады.
Қытай билігі «AI 2030» ұлттық страте­гия­сын қабылдап, салаға миллиардтаған доллар инвестиция құюда. Бүгінде Baidu, Alibaba, Tencent (BAT), Huawei және тағы басқа компаниялар AI-дың дамуына үлкен инвестициялар салып жатыр.
Социалистік мемлекет жасанды интел­лект патенті бойынша әлемде көшбасшы. Дү­ние­жүзілік зияткерлік меншік ұйы­мы­ның (WIPO) дерегі бойынша, 2022 жылы Қытайда 29 853 AI патенті тіркелді. Бұл – әлемдік үлестің 50 пайыздан астамы. Ал АҚШ-та 9 450 патент болды.
Бұл елдің әйгілі AI патенттері – Ernie Bot және автономды көліктері. Бұл қатарға әлем­дегі үлкен тілдік модельдің бірі – PanGu NLP моделін қосу керек. 
Пекин билігі бизнес пен AI-дың интег­рациясын сәтті іске асырып, Alibaba, Baidu, Huawei платформасын дамытуда. 
2023 жылы AI суперкомпьютерлері бойын­ша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты.
Көп тілде ақпарат беретін іздеу жүйе­сі – Baidu Ernie Bot, Alibaba Tongyi Qianwen, Tencent Hunyuan жылдамдығы, жан-жақтылығы жағынан алдыңғы орынға шықты. Дауыстық көмекшілер – iFlytek SparkDesk, бет тану жүйесі – SenseTime, Megvii, қаржы және медицинаға арналған AI – 4Paradigm, Huawei PanGu қызмет көр­сетуде.
Аустралия стратегиялық саясат инсти­ту­тының (ASPI) зерттеуінше, Қытай 44 тех­нологияның 37-сі бойынша көш бастай­ды. Мұның ішіне электр батареялары, ги­пер­дыбыстық байланыс және 5G және 6G сияқты жетілдірілген заманауи технология кіреді. 
«Made in China 2025» стратегиясы ая­сын­да 5G-ді ұлттық басымдық ретінде қа­рас­тырып, Huawei, ZTE сияқты компаниясы әлем бойынша 5G инфрақұрылымын бел­сен­ді дамытуды бастады. Нәтижесінде, Қы­тай 5G базалық стансасының саны жө­ні­нен әлемде бірінші орынға шықты.
Қытай наноматериалдар мен синте­ти­ка­лық биология саласында әлемдегі жетек­ші елдің бірі. Әлемде Huawei, Baidu және Tencent компаниясы электроникаға арнал­ған наноматериалдар бойынша іргелі зерт­теулер ұсынуда. BYD мен CATL компаниясы на­номатериалға негізделген жаңа акку­муля­тор жасап шығаруды қолға алды.
Синтетикалық биология (SynBio) бойын­ша Қытай жасуша терапиясы, жа­санды ДНҚ және биофармацевтика сала­сын­да ірі жобалар жүргізіп жатыр. CRISPR гендік инженериясы бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында.

ҮШІНШІ ТАРАП ТА БАР

Цифрланған әлемнің басты компо­ненті 5G және AI десек, бұл бағытта АҚШ пен Қытайдан бөлек, үшінші тарап ретінде Оңтүстік Корея, Жапония және ЕО елдері – Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланды, Швеция, Финляндия озық  технологияда үстемдік құруға таласады. 
Алдымен Азияның ірі экономикасы – Корея мен Жапонияның технологиялық жарыстағы артықшылығын алайық.
Оңтүстік Корея – әлемдегі ең иннова­ция­лық елдің бірі. Samsung, LG, Hyundai, SK Group сияқты ірі технологиялық компания­лары әлемде AI, 5G, чип өндірісі, OLED дисплей, нанотехнология мен биотех­но­ло­гия саласында алдыңғы қатарда тұр.
Корея Үкіметі K-Semiconductor Strategy-і жобасын қабылдап, 2030 жылға қарай әлем бойынша жартылай өткізгіш өндіруші же­тек­ші елге айналуды мақсат етті.
Бүгінде Samsung Electronics компаниясы әлем­дегі ең ірі чип өндірушінің бірі. SK Hynix компаниясы DRAM және NAND флеш-жад нарығында алдыңғы қатарда.
2019 жылы Корея әлем бойынша теле­ком­муникация саласында 5G енгізген бірін­ші ел. Бүгінде Samsung, LG U+, SK Telecom 5G инфрақұрылымын жетілдіріп, 6G-ді сынақтан өткізуге талпынуда.
Бұл елдің технологиялық прогресте үздік­тердің қатарында болуына ЖІӨ-нің 4,8 пайызын ғылымға бөлуі әсер етті. Бұл көрсеткіш бойынша Кореяның алдына Израиль ғана шығады. 
Соңғы жылдары Жапония АҚШ, Қытай жә­не Оңтүстік Корея сияқты елдермен бә­се­келестікте кейбір салада артта қалғаны­мен, робототехника, кванттық есептеу, ав­тоөнеркәсіп саласында артықшылыққа ие.
Жапон үкіметі 2025-2030 жылдарға ар­налған жаңа технологиялық стратегия ар­қылы өз позициясын нығайтуға тыры­сады.
Күн шығыс елі роботтардың әлемдік өн­дірісінде 50 пайыздан астамын қамтама­сыз етеді. Fanuc, Yaskawa, SoftBank Robotics, Toyota Robotics компаниясы робототехника бойынша озық саналады. Адаммен сұхбат­таса алатын Honda Asimo және SoftBank Pepper роботы жасанды интеллектпен жаб­­­­­дықталды.
2020 жылы Fujitsu компаниясы жасаған Fugaku суперкомпьютері әлемдегі ең қуат­ты компьютер атанған-ды.
Еуропа құрлығында Ұлыбритания, Гер­мания, Франция, Нидерланды, Швеция және Финляндия инновацияны дамытуда же­текші рөл атқарады. Дегенмен ЕО стар­таптардың баяу дамуы және жартылай өт­кізгіштер өндірісінде АҚШ пен Азиядан артта қалуы қиындық туғызып отыр.
2023 жылы ЕО Жасанды интелект рег­ламенті заңын қабылдап, жасанды ин­тел­лектінің қауіпсіздігі мен этикалық пайда­лану­ды қамтамасыз ететін құқықтық ак­ті­лерді ұсынды. 2035 жылға қарай ЕО ішкі жану қозғалтқыштары бар автокөліктерді сатуға тыйым салуды жоспарлап отыр. 
Еуропа AI пен суперкомпьютерді дамы­туда этика мен заңнамалық реттеуге ба­сым­дық беретінін аңғартты. 
Ұлыбританияның Graphcore, Германия­ның Aleph Alpha компаниясы AI жүйесі мен нейрожелілер жасаса, EuroHPC компаниясы ЕО суперкомпьютер бағдарламасы негізін­де заманауи технологияны ұсынды. 

P.S. 

Әзірге технологиялық жарыста 5G мен AI-дағы басты бәсекелес – АҚШ пен Қытай. Жаңа технологияны жылдам енгізуші елдер – Оңтүстік Корея мен Жапония. Технологияны дамытуда этика мен заңнаманы басымдық беретін аймақ – Еуропа. 
Біздің ел аталған санатта әзірге көрінбейді. Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық IT стартап технопаркінде ғалымдар кванттық технология, AI жобалар бойынша зерттеу жұмысын жүргізуде. Нәтижесін алдағы уақытта білерміз. Тек технологиялық бәсекеде артта қалып кетпесек болғаны. 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Серіктес жаңалықтары