Реформалардың мәні 2.0: Дәуір өткелінде

Реформалардың мәні 2.0: Дәуір өткелінде
akorda.kz
369

Былтыр жазда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғашқы бес жылда жүргізген реформалары жайлы мақалам жарияланған еді. 
Бұл мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік негіздерін түбегейлі өзгерткен және билік пен халық арасындағы қарым-қатынастардың 
ескі парадигмасын мүлдем жаңа арнаға бұрған шешуші кезең болды. Саяси реформалар суперпрезиденттік басқару формасы мен экономикадағы олигархиялық лоббидің ашық демократиялық үлгіге ауысуына да жол ашты.

Оныншы жылдардың ортасына қарай ха­лық қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйедегі теңгерімсіздікке көз жұма қарайтын және мемлекет беретін аз­даған төлемдер мен тәлтіректеген тұрақ­тылықты көңілге медеу тұтатын ескірген қоғамдық келісім кезеңі аяқталды. Оның ор­нына еліміздің байлығын барша аза­матқа әділ бөлуге кепілдік беретін тарихи сәт – Жаңа және Әділетті Қазақстанның дәуірі басталды.

ЖАҺАНДЫҚ АХУАЛ: ЖАҢА ӨРКЕНИЕТ ЦИКЛІ

Қазақстанда мемлекет пен қоғам ара­сын­дағы қарым-қатынастың бүкіл жүйесін қам­тыған парадигмалық ілгерілеу өзге­ріс­тер­дің басы ғана болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дамыған де­мократиялық елдер қатарынан тұрақты орын алуды көздейтін стратегиялық мақ­сатқа жету жолындағы реформалар жал­ғаса беретінін бірнеше рет атап өтті.

Бұл дегеніміз, ең алдымен, жаңа ке­зең­дегі кешенді экономикалық жаңғыруды біл­діреді. Мемлекет басшысы 2025 жылғы қаң­тарда Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­да белгілеп берген ауқымды міндет­тер­дің негізгі мәні де осыны меңзейді.

Дегенмен жаһандық мәселелердің маңыз­ды тұстарына терең үңілмей жаңа ре­формалардың логикалық қисынын тү­сіну мүмкін емес. Өйткені алдағы жылдар – күн­тіз­белік даталар ғана емес, Қазақстанмен бір­ге бүкіл әлемнің тағдырын айқындап бере­тін уақыттың жаһандық циклінің аса маңызды кезеңі.

Қазақстан Президентінің стратегиялық бас­тамалары 20 қаңтарда қызметіне кіріс­кен АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамп­ты ұлықтаудан кейін бір апта өткен соң жарияланды. Мұндай сәйкестік жай кездейсоқтық болуы екіталай. Қайта, бұл бұ­лыңғыр тарихи перспективалар арасы­нан бағдары нақты айқындалған жалпыға ортақ заңдылықтың көрінісі деп ойлаймын.

АҚШ-та Трамп әкімшілігінің билікке келуі әлемнің болашағы үшін үлкен үміт күт­тіретін ерекше оқиға деп саналғанымен, са­рапшылар бұл жағдай жаңа өркениет цик­­лінің басталуын білдіретін сапалы трансформацияның бір бөлшегі ғана еке­нін айтып отыр.

Аталған үдеріс адамзаттың ХХІ ғасырға күн­тізбелік есеппен емес, шынайы, өрке­ниет­тік тұрғыда қадам басқанын білдіреді.

Осы ретте ХХ ғасыр бірінші дүниежүзі­лік соғыстан емес, Екінші дүниежүзілік со­ғыс аяқталғаннан кейін басталғаны ту­ралы тұжырымға назар аударған жөн. Шын мәнінде, тарихтағы бұл ең жойқын соғыс екі өркениет дәуірін: индустриялық, импе­риа­листік ХІХ ғасыр мен либералды, пос­тиндустриалды жиырмасыншы ғасырдың ара­сын бөліп тұрған маңызды оқиғаға ай­налды. Қазіргі таңда оның негізгі тренд­тері белгілі. Олар: ғылыми-техникалық прог­ресті түбегейлі жеделдету, жаһандану, либералды принциптердің белсенді тарауы, қоғамның әлеуметтік құрылымы­ның өзгеруі, экономикалық қатынастардың сапалы жаңа жүйесі және халықаралық еңбек бөлінісі.

Кеңес Одағының ыдырауы және әлем­дік күштер теңгерімінің өзгеруі, Қытайдың өр­кендеуі мен классикалық түсініктегі ли­бералды идеяның біртіндеп ығысуы, тіпті қазіргі геосаяси қақтығыстар – мұның бәрі әлі де болса өтіп бара жатқан уақыттың бел­гілері мен салдары екенін атап өткен жөн.

Миллиондаған адамның өмірін жал­мап, қазіргі әлемдік тәртіптің негіздерін қай­та саралауға мәжбүр еткен және адам­зат үшін жаһандық деңгейдегі сын сағаты бол­ған COVID пандемиясы ХХІ ғасырдағы өр­кениет дәуірлері арасындағы шекараға айналды.

Әлем пандемиядан ес жиып, бас көтер­ген кезде жаңарған қалыпқа енді. Көз ал­ды­мызда келер дәуірдің парадигмасы қа­лып­тасып жатыр. Оны айқындайтын тренд­тер қандай болмақ?! Бұл жағын уақыт көрсете жатар. Алайда қазірдің өзінде жаңа заманға тән кейбір сипаттар анық белгілі болып отыр.

Солардың бірі – жаһандану дағдарысы мен оның жаңа қағидаттарға сай қайта бейім­­делуі. Бұл әлемдік интеграцияның баяу­­лауынан, ұлтшылдық өршіп тұрған кез­дегі геосаяси шиеленістен, протекцио­низм­нің артуынан, еркін сауда қағидат­та­рынан бас тартудан және сауда соғыстары­нан көрініс тауып отыр.

Халықаралық институттардың дағ­да­рысы да осы процестің бір бөлшегі екені сөз­сіз. Мұның бәрі оларға мүше мемле­кет­тер тарапынан сенімнің төмендеуі және жаһандық проблемаларды шешуге қауқар­сыз­дығы салдарынан туындап отыр. Бір кез­дері беделді болған БҰҰ-ның қазіргі жағ­дайы оның Ұлттар Лигасының тағды­рын қайталауы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы да пандемияға төтеп бере алмады, До­нальд Трамп билік басына келе сала АҚШ-тың аталған ұйымнан шығатынын мәлім­деді. Дүниежүзілік сауда ұйымы да геосаяси қақтығыстар кезінде еларалық дауларды ше­шетін төреші ретінде өзінің тиімсіз еке­нін көрсетіп қалды.

Жаһандану дағдарысы мен ұлт­шыл­дық өрши түскен соңғы жылдарда по­пу­­­­лизм әлем­дік саясатқа тән құбылысқа айналды. Қо­ғамға жалаң әрі науқаншыл ұран­дарға не­гізделген уәделер мен идея­лар ұсынатын популистік лидерлердің жә­не партия­лар­дың беделі арта түсуде. Бұл ескінің дәурені өтіп, жаңаның енді ғана күш ала бастаған өтпелі кезеңге тән проблемаларының жи­нақ­тала бас­та­ғанын білдіреді. Популистер ха­лық­тың күнделікті күйбең тіршілігіне, олар­­дың элитаға немесе қалыптасқан ахуал­­­­ға деген наразылығына құлақ ас­қан бо­лып, бұқараның қолдауына сүйе­неді. Осы ретте күрделі проблемаларды үстіртін әрі шапшаң шешу, әдеттегідей, олардың те­ріс ықпалын одан сайын арттыра түсе­ті­нін атап өткен жөн. Сонымен бірге, по­пу­листік риторика «қарапайым халық» пен «билік институттарын» бір-біріне қар­сы қою арқылы қоғамның жікке бө­лінуін күшейтеді.

Популистік басшылар қарабайыр эмо­циялық тілді қолдана отырып, әлеу­меттік же­лілерді белсенді пайдалануда. Жо­сық­сыз еркіндікке бой алдырған, қарапайым, қызу­қанды пікірге негіз­дел­ген әлеуметтік желілердің субмәдениеті нақ­ты саясатта да белең ала бастады. Сірес­кен галстуктер мен салмақты сөз­дердің орнын жеңіп, ұқыпсыз түріп тас­таған көше риторикасы алмастырып жатқаны да жасырын емес.
Әлеуметтік медианы ақпарат көзі­нен қалыптасқан жағдайға белсенді әсер ететін жаңа, баламалы шынайы­лық­қа айналдыру – жаңа дәуірдің маңыз­ды белгілерінің бірі.

Ойды тұжырымдай келе, бүгінде әлем­нің жаңа құрылымы қалыптасып жат­қанын айтуға болады. Бұған дейінгі бір­жақты жүйе Қытай, Ресей, Үндістан, Еуро­палық Одақ, Түркия мен басқа да өңір­лік державалар жаһандық процес­тер­ге тиісті деңгейде ықпал ететін көп­жақты әлемге орын беруде. Әлемдік тәр­тіпті тұрақтандырушылар ретінде му­льтилатерализмді қатаң ұстанатын орта державалардың рөлі артып отыр. БРИКС, ШЫҰ сияқты өңірлік блоктар­дың маңызы да нығайып келеді.

Өркениетті өткелдің басты эко­но­ми­калық белгісі технологиялық ре­во­лю­цияның сапалы жаңа бағыты екені анық. Ол, ең алдымен, барлық жерде жа­санды интеллекттің енгізілуімен жә­не жаппай цифрландырумен байла­ныс­ты. Кванттық есептеулер, роботтандыру, кеңейген шынайылық, блокчейн, ней­ро­технология және спутниктік интер­нет те осы бағыттың құрамдас бөліктері. Зама­нында индустриялық кезеңнің ор­нына постиндустриалды кезеңнің кел­гені сияқты, бүгінде цифрлық дәуір­дің басталғаны туралы айтуға толық негіз бар.

Жаңа экономикалық күн тәртібінің негізгі трендтерінің тағы бірі декарбо­ни­за­ция процесі болып отыр. Тұрақты жаңартылатын энергияға деген сұраныс қазба отынына нақты балама ретінде жасыл сутегін кеңінен енгізуге себеп бол­ды. Сарапшылар сутегі отыны 10-15 жыл­дан кейін бағасы жағынан бәсекеге қабілетті болады деп болжап отыр. Де­мек, бұл мұнайды айналымнан ығыс­ты­рып шығаруы ғажап емес.

Тіпті, сарапшылардың айтуынша, биыл­дың өзінде мұнай айтарлықтай арзандайды. Бұл процесс Дональд Трамп АҚШ-та мұнай өндірісін ұлғайтуға ар­нал­ған ауқымды жоспарды жария етіп, ОПЕК-ке бағаны төмендету туралы жүгінгеннен кейін-ақ басталып кетті. Ал бұл Қазақстан экспортының негізгі өнімі саналатын көмірсутегі нарығына ауыр соққы болып тиетіні сөзсіз.
Әлем дегеніміз елдердің, география­лық локациялары мен саяси одақтардың жиынтығы ғана емес. Қазіргі әлем, ең алдымен, қатаң бәсеке салтанат құрған жаһандық нарық. Осындай жағдайда біз қисынын тауып, бұл әлемнен өзіміздің лайықты орнымызды аламыз немесе ескірген, дәурені өткен көненің көзі болып қаламыз.

Дональд Трамптың жеңісі, басқа­ла­рын санамағанда, қазіргі өтпелі кезеңде ескі әдістер, дәстүрлі шешімдер және сақ­тықпен жасаған қадамдар көмек­тес­пейтінін көрсетіп берді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы­ған назар аударып отыр. Сондықтан тәуе­келге бару, тосыннан, күтпеген қа­дам жасау, жаңаны батыл қолдана білу маңызды. Бұл, бірінші кезекте, көз алды­­­мызда өзгеріп жатқан өндірістік, логистикалық, сауда және технология­лық қатынастар тізбегінен алатын ор­ны­мызға қатысты болатыны екені сөзсіз.

Еліміз болашақ жолындағы жарысқа қа­жетті тиімді бастапқы шарттарға қол жет­кізуге ұмтылуы қажет. Ол үшін осы­нау дәуірлер тоғысында жабылып келе жат­қан мүмкіндіктер терезесінен ба­рын­ша тезірек өтіп үлгеруі керек. Уақы­тылы қолға алынған президенттік ре­фор­малардың кезекті кезеңінің тарихи мә­ні мен миссиясы – осы, яғни жаңа өр­­­кениет дәуірінің жаһандық трендтерінің қатарына қосылу және сонда орнығып қалу.

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА: ӨЗГЕРМЕСЕҢ, ӨРКЕНДЕУ ЖОҚ

Өркениеттік кезеңнің бірінен екін­ші­сіне жаһандық ауысу гипотезасын қабыл­да­дық делік. Осы тұрғыдан қарайтын бол­сақ, экономикадағы қазіргі дағдарыс­тар, көбінесе, бұрынғы байланыстар үзі­ліп, қолданыстағы тетіктер мен теңгерім­дер істен шығып, ал жаңалары бейімделу мен сыналудан өтіп жатқан ауыр даму жо­­­лының белгісі.

Онсыз да әлем пандемиядан кейін әлі өз қалыбына келе алмай жатыр. Жеткізу мен өндіру ісіндегі жаһандық тізбектің үзілуі індеттің басты салдарының бірі бол­ды. Бір жерде орын алған жеткізу проб­лемалары бағаны қалыптастыратын бүкіл трансшекаралық тізбекте кідірістер мен қиындықтардың туындауына алып келді. Соңғы жылдары дамыған және ауқатты мем­лекеттердің өзін шарпыған инфля­ция­лық қысым, көп жағдайда, осы фак­тор­дың әсерінен болып отыр.

Қазіргі таңда жетекші елдер белгілі бір дә­режеде ес жинап, инфляцияны бақы­лау­ға алды. Бірақ жағдай әлем нарықтарының тұ­рақ­сыздығы салдарынан қиындап, көп­теген ел протекционизм саясатын ұстану­ға мәжбүр. Дональд Трамптың көрші ел­дер­мен қатар, басқа мемлекеттерге қатыс­ты сауда баждарын енгізу жайлы сайлауал­ды уәдесін ескеретін болсақ, алдағы уа­қыт­та сауда соғысының одан әрі ушығуы ық­тимал. Бұл бағыттағы алғашқы қадам­дар басталып та кетті.

Инвестиция үшін күрес те күшейіп ке­леді. Үшінші жыл қатарынан жаһандық шетелдік инвестициялардың күрт тө­мен­дегені байқалып отыр. Былтыр Орталық Азия­дағы тікелей инвестициялар 39 пайыз­­ға құлдыраған.

Дүниежүзілік Банк жыл сайынғы жаһандық өсу 2,7 пайыз деңгейінде бола­ды деп болжауда. Бұл ретте сауда геосаяси блок­тардың арасында емес, көбіне олар­дың ішінде орын алмақ.

Жаһандық экономикалық жүйенің бір бөлігі саналатын біздің еліміз мұндай қауіп-қатерлерге бейімделу қажет екенін се­зініп отыр. Қазір «Өзгермесең, өркендеу жоқ» деген ұран бұрынғыдан да өзекті бо­лып тұр. Алға қарай қарыштап ұмтылу­дан басқа жол жоқ. Бүгінде біз жаңа тех­нологиялық тәртіп еселеп ұлғайған, ин­но­вациялар, цифрландыру мен жасанды интеллект жаһандық ауқымда қарқынды дамып келе жатқан дәуірде өмір сүріп жа­тырмыз. Сондықтан қазір эконо­ми­ка­мыз­дың орнықты да инклюзивті өсуін қам­та­масыз ету үшін жаңа тәсілдер керек.

Қазақстан және өзге де орташа дер­жава­лар өтіп бара жатқан дәуірге тамырын терең жайып үлгермегені рас. Мұның өз артықшылығы бар. Яғни, осы себепті, қа­лыптасып отырған даму дағдарысы біз үшін нақты мақсат, саяси ерік-жігер, эко­номикалық икемділік пен сапалы адами әлеуетіміз болған жағдайда дамуға ынта­лан­дыратын күшке әрі мүмкіндіктер уа­қы­тына айналуы әбден мүмкін. Бізде бұл айтылғандардың бәрінің базалық негізі бар.

РЕФОРМАЛАРДЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАТТАРЫ: ЕРКІН НАРЫҚ

Сонымен, алдағы цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне сай келетін президенттік ре­­формалардың келесі кезеңінің тұжы­рым­­­дамалық мета-мақсаты – шикізат мо­­­делінің басымдығынан бас тарту, эко­но­миканы әртараптандыру және ин­но­ва­ция­лар мен жоғары технологиялық өңдеу өн­дірістері үшін қолайлы орта қалыптас­тыру.

Былтыр тамызда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бекіткен еліміздің басты стратегиялық құжаты – Қа­зақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары дәл осы мақсатқа жетуді көздейді.

Экономиканы либералдандыру, қо­лайлы бизнес-ахуал, теңгерімді фискалдық және монетарлық саясат, заманауи инф­ра­құрылым қалыптастыру, технологиялық өндірістер арқылы экономиканы күрде­лен­­діру, адами капиталды дамыту қағи­дат­тары экономиканың құрылымдық жа­ғынан жаңаруы мен орнықты өсуінің не­гізі болуға тиіс.

Бұл ретте бірінші және негізгі қағидат – жүйені кез келген заманауи нарықтық эко­номиканың негізі саналатын адал ер­кін бәсекелестікке қайтару.

Президенттің былтырғы «Экономи­ка­ны ырықтандыру жөніндегі шаралар ту­ра­лы» Жарлығында соның негізі қаланды. Бұл дегеніміз – жеке меншікке қол сұқпау, жеке бизнестің еркіндігі, мемлекеттің на­рық­тық қатынастарға араласпауы, еркін бәсекелестік, нарықтарға кедергісіз қол жет­кізу, бизнес пен мемлекеттің ыңғайлы әрі ашық өзара іс-қимыл жасауы.

Мемлекеттік сектордың экономи­ка­да­ғы үлесін қысқарту шараларын одан әрі кеңейте түсу осының қисынды жалғасы болуы керек. Жаңа мемлекеттік компания­лар құруға мораторийдің жариялануы мен жаппай жекешелендіруді 2028 жылдан кешіктірмей аяқтау аталған іске ықпал етеді.

Жекелеген стратегиялық секторларда мем­лекет позициясының сақталуы бәсеке­ге кері әсерін тигізбеуі қажет. Бұл жерде мем­лекет баршаға бірдей әділ әрі тең ере­же­ні қамтамасыз ететін, міндеттері мен әдіс-тәсілдері нақты белгіленіп, шектелген жүйелі ойыншының рөлін атқаруға тиіс.

Осы тұрғыда болашақта жер беруді ашық онлайн аукциондар арқылы ғана қам­­­­тамасыз ете отырып, таяу уақытта ауыл шаруашылығы жерлері туралы бар­лық деректі цифрландыруды аяқтау аса маңызды қадам болмақ. Бұл пайдалы қаз­балары бар жер қойнауы учаскелерін иге­руге де қатысты екенін атап өткен 
жөн.

Келесі түпкілікті қадам – табиғи мо­но­полиялар саласына жеке инвестициялар тар­ту үшін тарифтерді қалыптастырудың ын­таландыратын тетіктеріне көшу.

Алдағы үш жыл ішінде бағалар мен та­рифтерді қалыптастыру бөлігінде шек­теу­лер кезең-кезеңімен алынып тасталады. Бұл өткен жылдарда бүкіл инженерлік инф­рақұрылымның жүйелі істен шығуы­на және тозуына алып келген нарықтық емес тетіктерді жоюға мүмкіндік береді. Осы орайда мемлекет әділеттілік қағи­да­тын ұстана отырып, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін шығындарды өтеу мін­деттемелерін өзіне алатынын айта кеткен абзал.

Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау тә­сілдері де қайта қаралып жатыр. Іс жү­зінде бюджеттік субсидиялау өнімділіктің артуын ынталандырудың орнына, керісін­ше, тежейтінін көрсетті. Тіпті, бұл қадам, кейбір жағдайларда, адалдықтан аттаған ше­неуніктер мен кәсіпкерлердің теріс жол­мен баю тәсіліне айналып отыр. Оған Мем­лекет басшысы айтқан ауыл шар­уа­шылығындағы негізсіз бұрмалаушылықтар айқын дәлел. Мұндай заңсыз әрекет сала­ны біртіндеп тоқыратып, тығырыққа ті­рейді. Санда бар, санатта жоқ миллион­да­ған мал басы, миллиондаған тонна сүт, ас­тық пен көкөніс жалған кәсіпкерлер мен қара басының ғана қамын ойлаған шенеуніктердің қалталарына мил­лиард­таған теңге болып құйылған.

Осы тығырықтан шығу үшін Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін тікелей суб­си­диялаудан ауыл шаруашылығындағы бірнеше бағыт бойынша қолжетімді жеңілдетілген кредиттер беруге біртіндеп көшу туралы ұсынысты қолдады. Әрине, кейбір «уақытша шаруалар» үшін мұндай жұмыс істемейтін тетікті күйрету ауыр тиетіні анық. Бірақ бұл тәсіл бас пайданы ға­на ойламай, орта және ұзақмерзімді нақты өсуге жол ашады.

Мәселен, жылдық 2 пайызбен жеңілде­тіл­ген кредит беру шаруалардың қар­жы­лық мүмкіндіктерін, оның ішінде айналым капиталын молайтады. Сондай-ақ агро­өнер­­кәсіп кешенін техникалық тұрғыдан қай­та жабдықтауға және ондағы өңдеуші өн­дірісті дамытуға серпін береді. Ең бас­тысы – бұл тәртіп парадигманы өзгертіп, дамуға жетелейтін нарықтық ынталан­дыру тетігіне айналады.
Әрине, кейбір бағыттарда, мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде суб­си­диялауды сақтап қалған маңызды.

Базалық қағидат: «айқын экономи­ка­лық өсімге, инновациялар мен өнімді сату на­рықтарын кеңейтуге жол ашатын бас­та­маларға ғана мемлекеттік қолдау көрсе­ті­леді». Бұл нақты міндеттемелерсіз мем­ле­кеттің қолдауына арқа сүйеп алған бас­қа да салаларға қолданылатыны сөзсіз. Мемлекеттік саясаттағы бұл өзгерістер бірнеше жыл ішінде өмірімізге біртіндеп енгізіледі.

Мемлекет бүкіл қоғамның әл-ауқатын арт­тыру үшін әділетті ойын шарттарының сақ­талуына кепіл болатын тиімді іс-шара­ларды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – еркін нарықтық жүйенің ережесі. Сонда ғана ор­таша табыс қақпанынан құтылуға бо­лады.

ЗАМАНАУИ ЭКОНОМИКАҒА АРНАЛҒАН БИЗНЕС-КЛИМАТ ПЕН ИНВЕСТИЦИЯ

Қазақстандық нарықтағы олигопо­лия­ны жөнге салу – Мемлекет басшысы жүк­те­ген алғашқы жүйелі міндет. Ол шикізат­тық емес кірістердің өсуіне және эко­но­ми­кадағы құрылымдық өзгерістерге жол аша­ды. Алайда бизнестің кең қанат жаюы­на кедергі келтіретін тағы негізгі екі себеп бар. Олар: сыбайлас жемқорлық ке­дер­гілері және ұзақмерзімді кредиттер мен қомақты инвестициялар сияқты қара­жат көздерінің қолжетімсіздігі.

Технологиялық өндірістерді дамытуға қа­­білетті жеке бастамаларға жол ашу үшін таза кәсіпкерлік тәуекелдермен байланы­сы жоқ кедергілерді алып тастау қажет. Ша­мадан тыс тексерулер – сыбайлас жем­қор­лыққа апаратын төте жол. Сондықтан Мемлекет басшысы жазалау тәсілінен үзіл­ді-кесілді бас тартуды талап етті. Соған сәйкес экономикалық құқық бұзушылық­тарды қылмыстық сипаттан арылту, биз­нестің құқығы мен мүддесін қорғау жұ­мыс­тары қолға алынды.

Сыбайлас жемқорлықтың тағы бір кө­рінісі – әкімшілік кедергілердің көптігі. Осын­дай күрделі бюрократиялық тос­қауыл­дар әлеуетті инвесторлардың жолын жауып отыр. Кейбір жағдайларда өндіріс ны­сандарының құрылысын бастау үшін 60 түрлі рұқсат қағазы талап етіледі. Әлем­дік жағдайға қарасақ, мемлекеттер ин­весторлар үшін күресіп, оларға ең жақсы шарттарды ұсынуға талаптанып жатыр. Ал бізде бірнеше жыл бойы экономикаға құйылатын тікелей инвестициялардың көлемі азаюда.

Мұндай жағдайда әкімшілік рәсімдерді цифрландыру, құжаттарды қарау қағи­да­ларын оңтайландыру, бірыңғай стандарт­қа келтіру және «бір терезе» қағидатын ен­гізу маңызды. Жалпы, бизнес пен ше­неу­ніктердің барлық байланысы адамның қа­тысуын шектейтін платформаға алмас­тырылуы керек.

Инвестициялардың көп бөлігі эконо­ми­каның болашағы бар секторлары үшін жұ­мыс істемей отырғаны да маңызды проб­лема. Инвестициялар әлі де шикізат пен өнімділігі аз секторларда шоғыр­лан­ған. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінде бас­тап­қы өңдеу деңгейіндегі өндіріс орындары ба­сым. Осыған байланысты бұл саладағы был­тырғы 6 пайыздық өсім сапалы дамуға жол ашпай отыр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев 2023 жылғы Қазақстан хал­қы­на арнаған Жолдауында жергілікті өнді­ріс­тік циклдер құру міндетін жүктеді. Бұл шет­елдік өнімге тәуелділікті төмендетіп қа­на қоймай, қазақстандық компа­ния­лар­дың технологиялық өсуі мен инновация­лы­лығын қамтамасыз етеді. Осылайша, ши­кізаттық модельден терең өңдеуге не­гіз­делген бәсекеге қабілетті отандық өнім шығаруға мүмкіндік туады.

Қазіргі таңда жартылай өңделген ши­кі­затты емес, қосымша құны жоғары дайын өнімдерді шығаратын өндірісті да­мыту маңызды. Осыған мүмкіндік беретін және жо­ғары технологиялық жобаларға қаржы құю­ға ниетті отандық және шетелдік ин­вес­­торларға жаңа қолдау шараларын әзір­леу керек.

Әсіресе, өнімді одан әрі экспорттауға ба­ғытталған инвестициялық жобалар үшін преференциялар пулын қалыптас­тыру қажет. Бұл, өз кезегінде, экономикаға сапалы инвестиция тартуға көмектесетіні анық.

Біздің бизнестегі тағы бір тежеуіш – кре­дит беру мәселесі. Иә, ұлттық даму инс­титуттары арқылы бизнесті тікелей қол­дау көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл өз кәсібін жаңа бастаған азаматтар үшін жақсы. Бірақ кәсібін кеңейткісі ке­ле­тін кәсіпкерлерге ұзақмерзімді және қол­жетімді кредиттер тапшы болып отыр. Атал­ған үрдіс, әсіресе, қайта өңдеу өндіріс­те­рін дамытуды өз мойнына ала алатын, эко­номика үшін ең перспективалы сег­мент болып саналатын орта бизнеске қа­тысты. Қазір негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялардың жалпы көлеміндегі кре­диттердің үлесі болмашы ғана. Бұл көр­сеткіш 4 пайыздан аз. Ал дамыған ел­дер­де осы бағыттағы банктік кредиттердің үлесі 30-дан 50 пайызға дейін жетеді.

Банктер тәуекелдерден қорқатыны тү­сінікті, сәйкесінше, оларды ынталан­дыру керек. Мұның бір жолы – пруден­циал­­ды реттеу мен банктерге салық салу­ды өндіріс саласындағы кредит беру бел­сен­ділігін ұлғайтуға бағыттау. Бұл, бір жа­ғынан, реттеуші органның нақты сек­тор­ға кредит беретін банктерге қоятын та­л­аптарын жеңілдету болса, екінші жа­ғы­нан, өндіріске кредит беруден түскен кіріс­тер бойынша салықтық жүктемені тө­мендете отырып, бағалы қағаздармен, не­гізінен мемлекеттік бағалы қағаздармен жа­салатын операцияларға салынатын са­лықтарды арттыру деген сөз. Осы тетік­тер­ді жаңа Салық кодексіне енгізу жос­парланып отыр.

Қолжетімді ұзақмерзімді кредиттер мен инвестициялар, арнайы салық ре­жим­дерін оңтайландыру, салықтық төлемдерді бө­ліп төлеуді енгізу және басқа да ынта­лан­дыру шаралары қалыптасқан жағ­дай­ды нашарлатып алмай, бизнесті ұлғайтуға жұ­мыс істейді. Бұл Президентіміздің орта биз­нестің үлесін 2029 жылға дейін екі есе­ге арттыру туралы міндетін іске асы­ра­ды. Қуатты орта бизнес, өз кезегінде, тех­но­логияға негізделген қайта өңдеу өнді­рі­сін көптеп қолға алып, қосылған құны жо­ғары өнім экспортын ұлғайтады деген се­нім бар.

ФИСКАЛДЫҚ ЖӘНЕ МОНЕТАРЛЫҚ САЯСАТТЫ ҮЙЛЕСТІРУ

Базалық теңдеу шындығы: мемлекеттік қар­жы жүйесінің тиімділігі экономиканың тұрақты дамуына тең. Десе де, өткен жылы республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңге болса, ал мұнайдан тыс тапшы­лық көлемі – 10,8 трлн теңгеден асып түс­ті. Бізде бюджеттің шығыс бөлігі са­лық­­тық түсімдерден шамамен екі есе ар­тық. Әрі мұндай алшақтық қалыпты трен­д­ке ай­налып бара жатыр.

Осындай жағдайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев фис­кал­дық және монетарлық саясатқа, оның рет­­­­тілігі мен келісімділігіне кешенді көз­қа­рас қажет екенін атап көрсетті. Негізгі міндет – мемлекеттік қаржы мен ақша ай­налымын теңгерімді басқару арқылы мак­роэкономикалық тұрақтылықты қам­та­масыз ету. Мемлекет басшысы бұл ұста­ным­­ды жақында бизнеспен кездесуде де атап өтіп, салық және бюджет салаларында ақылға қонымды әрі салмақты шешімдер қа­былдау қажет екенін айтты.

Мұндағы маңызды бағыттардың бірі – бюджеттің кіріс бөлігін халық пен биз­нес­ке артық қысым жасамай ұлғайту. Бұл са­лық базасын кеңейтуге және салықтық әкім­шілендірудің тиімділігін арттыруға ба­ғытталған байыпты салық реформасын қажет етеді. Мұның бәрін экономикалық бел­сенділік пен инвестициялар ағынын ын­таландыру үшін тепе-теңдікті сақтай отырып жасау керек.

Мемлекет басшысы атап өткендей, біз­ді күрделі, бірақ қажетті салық рефор­ма­сы күтіп тұр және оны теңгерімді, бар­лық тарап үшін оңтайлы шешімдер қа­был­дай отырып әзірлеу – басты міндетіміз.

Экономикалық теңдеуде бюджеттің шы­ғыс бөлігін оңтайландыру да шешуші рөл атқарады. Ресурстарды тиімді қайта бөлу, мемлекеттік шығыстарды бақылау жә­не оларға басымдықпен қарау бюджет тап­шылығын қысқартуға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүм­кін­дік береді.

Теңгерімді бюджет – инфляцияны ба­қы­лауда ұстаудың маңызды құралы. Тап­шылықты азайту ақша-несие саясатына қы­сымды азайтады әрі пайыздық мөл­шер­лемелерді біртіндеп төмендетуде маңызды рөл атқарады. Бұл, өз кезегінде, бизнестің на­рық жағдайында ұзақмерзімді ақшаға қол жеткізуіне жол ашып, кредит ресурс­тарының арзандауына әсер етеді.

Осылайша, фискалдық және монетар­лық саясат арасында тиімді іс-қимыл құру – аса маңызды стратегиялық мақсат. Оларды үй­лестіру экономиканың өсуіне қолайлы жағ­дай жасайды және мемлекеттің эко­номикалық саясатына халықтың сенімін арт­тырады.

ЗАМАНАУИ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Аумағы орасан зор Қазақстан үшін бар­лық өңірді тұтастай байланыстыратын қол­жетімді және дамыған инфрақұры-лым – бұл өмірлік сұраныс әрі экономи­ка­лық қажеттілік. Сондықтан 2029 жыл­дың соңына дейінгі Ұлттық инфрақұры­лым­дық жоспарды іске асыру Мемлекет бас­шысы ұсынған стратегиялық рефор­ма­лар­дың белортасында тұрады.

2030 жылға қарай біз салынған 7 мың ша­қырым жолға қосымша тағы 4,7 мың ша­қырым жаңа автожол төсеуіміз керек. Ша­мамен 1 000 км теміржол салу жоспа­ры­­­мызда бар. Біздің транзиттік әлеуе­ті­міз­ді арттыруға мүмкіндік беретін, әлемдік на­рықта маңызды бәсекелестік артық­шы­лық саналатын жаңа көлік жолайрығы мен тораптары қалыптастырылуда.

Көлік инфрақұрылымын дамыту – ой­дағы жоспарлы сандар емес. Бұл – хал­қы­мыз­дың өмір сүру сапасы, экономикалық өсу­дің, ішкі және халықаралық сауданың жаңа мүмкіндіктері. Сондай-ақ ол – өңір­лерді интеграциялау, логистиканы дамыту жә­не инвестициялар тарту деген сөз. Еу­ра­зияның кіндігінде орналасқан Қазақ­стан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оң­түстікті байланыстыратын маңызды транз­иттік торапқа айналып келеді.

Энергетикалық, коммуналдық және ком­муникациялық инфрақұрылым құры­лым­дық трансформациялауды талап етеді. Еліміздің бүкіл аумағына сапалы байла­ныс­тың таралуы, 5G мобильді желісі мен Smart City форматын кеңінен енгізу – жай­лылықты арттыру ғана емес, сонымен бірге инновациялық экономика үшін негіз болмақ. Жасанды интеллектті дамыту ай­тар­лықтай есептеу қуатын және деректер ор­талықтарын іске қосуды қажет етеді. Ұлт­тың бүгінгі және ұзақмерзімді перспек­тивада бәсекеге қабілетті болуы осы тех­но­логияларды енгізу деңгейіне тікелей бай­ланысты.

Инженерлік желілердің, жолдардың, за­манауи байланыстың дамыған жүйе-
сі – еліміздің болашағын қалыптастыратын база, ал біздің инфрақұрылымдық мүмкін­діктерімізді нығайту мен кеңейту – мем­лекет пен оның егемендігінің тұрақ­ты­лы­ғының негізі.

ИННОВАЦИЯЛАР МЕН АДАМИ КАПИТАЛ

Инновацияларды нақты енгізбейінше, өнеркәсіптің жаңа қалыбын жасау мүмкін емес. Мемлекет басшысы атап өткендей, са­лаларды жаңғырту мен цифрландыру, жа­санды интеллект технологияларын өн­ді­ріске енгізу өнімділікті арттырудың жә­не күрделі экономиканың іргелі алғы­шарты саналады.

Бұл ретте біз әзірге артта қалып отыр­мыз. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Жаһандық инновациялар ин­дексінде Қазақстан былтыр әлемдегі 133 экономиканың ішінде 78-орынға та­бан тіреді. Ал табысы ортадан жоғары дең­гейдегі 34 елдің қатарында 22-сатыға жай­ғасты. Бұл инновацияларға жұмсалған шығындар мен олардың тиімділігі ара­сын­дағы тепе-теңдіктің дұрыс сақталмай отырғанын көрсетеді.

Әрине, мәселе жаһандық рейтингтен бел­гілі бір орын иеленуге тіреліп тұрған жоқ. Біздің әлемдік инновациялар жары­сын­дағы әлсіз орнымыз – өркениет дәуі­рі­нен кенжелеп қалғанымыздың көрінісі. Мұ­най дәуірі қалай дегенде де көштен қал­­мауға мүмкіндік берді. Бірақ жаппай циф­­рландыру мен жасанды интеллект дәуірі технологиялық прогрестің аутсай­дер­лері үшін тарихтың ақырына айналуы мүмкін.

Іргелі және қолданбалы ғылымның ұлт­тық моделін жаңадан іске қосу осы сын-қатерге берілген жауап болды. Жас ғалымдарды көтермелеудің жаңа үлгісі жа­салып, гранттық қаржыландыру жүйесі оңайлатылды, жер қойнауын пайда­лану­шы­лардың Ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарға мін­дет­темелерінің 1 пайызын бөлудің ашық тетігі енгізілді. Жеке сектордың ғылымды қар­жыландыруы үшін де ынталандыру шаралары мен жеңілдіктер қарастырыл-ды.

Күйреген мұнай құбырын құшақтап қалмас үшін білімге негізделген экономи­ка­ны құру жолында батыл және жылдам қа­дам­дар жасау қажет. Болжам бойынша, алдағы онжылдықта жасанды интел­лект­тің қатысуымен әлемдік жалпы ішкі өнім көлемінің 25 пайызы қалыптасатын болады. Дамыған және дамушы елдер арасындағы алшақтық дәл осы жерден білінеді, сондай-ақ, ол жедел ұлғайып келеді. Сондықтан Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытудың басым бағытын айқындап берді.

Цифрлық дәуір прогрестің көшбасшы­сы болуға таптырмас мүмкіндік беріп отыр. Жаһандық технология жарысы түр­лі тосынсый ұсынуы да әбден мүмкін. Жуыр­да ерекше мәнге ие оқиға болды: екі айда және 5,6 миллион доллар қаражат жұм­салып, оқытылған AI-ассистенттің қы­тайлық жаңа моделі – DeepSeek қуаты жа­ғынан үш жыл оқытылған және анағұр­лым қымбатқа түскен америкалық ChatGPT-ге пара-пар болып шыққан. Бұл жаңа­лық АҚШ-тың қор нарығындағы аме­ри­кандық компанияларға тиесілі ак­циялардың бағасын құлдыратып жіберді. Соның алдында Дональд Трамп таяу жыл­дарда жасанды интеллект технологиясын дамытуға 500 миллиард доллар салу жос­пары туралы жариялаған болатын.

Қытай бағдарламашыларының жо­ғары технологиялы өнімінің төмен бағасы AI-клубқа кірудің шекті мәнін түсіріп, ойынның ережесін өзгертті және қомақты ресурссыз AI-технологияларын дамыта­тын мүмкіндіктерге жол ашып берді.

Жалпы, біз уақытылы жасалған қа­дам­дардың арқасында цифрлық ағында сенімді дамып келеміз. Елімізде толық­қанды жаһандық цифрлық хабқа ай­налу­ды көздейтін бастамалар іске асы­ры­лып жатыр. Отандық бизнес өз тауар­лары мен қызметтерін өткізу үшін цифрлық платформаны белсенді пайда­ланады.

Институционалдық орта мен AI-инф­рақұрылым жылдам қалыптасуда. Astana Hub инновациялық экожүйесі оның маңызды бөлігі екені белгілі. IT салада мамандар даярлайтын универ­си­теттер желісі кеңеюде. 2025 жылдың кү­зін­де Астанада Alem.AI халықаралық жа­санды интеллект орталығы ашылады. Сонымен қатар Astana Hub жасанды интеллектпен жұмыс істеуді дәріптеуге және оқытуға бағытталған AI Movement ауқымды бастамасын іске қосуда.

Цифрлық экоортаны, инфрақұры­лым­ды және адами капиталды дамыту сияқ­ты үш тұғырлы міндетті шешу – Қазақстанда болашақтың иннова­ция­лық қоғамын құруға алып келуі керек. Мұндай түбегейлі трансформация – озық технологияларды еркін меңгеруге, креа­тивті ойлауға және озық танымға не­гіз­делген цифрлық дәуірдің жаңа қа­зақстандық бірегейлігін қалыптастыру үшін жасалған орасан зор қадам.

БОЛАШАҚ БАСТАЛЫП КЕТТІ

Өткен 2024 жыл көп жағдайда өт­пе­лі кезеңнің соңғы шегі болды. Ал­дың­ғы жылдар сынақтар мен үлкен рефор­ма­лар орын алған кезең ретінде тарихқа енді. Біз жуанның жіңішкеріп, жіңіш­ке­нің үзілер тұсындағы қиындықтарға тө­теп беріп, ортақ үйіміздің іргетасын бе­кіт­тік. Қоғам мен билік арасында жаңа шарт жасастық. Енді бұл – Қазақ­стан­ның болашағы үшін әр тарап жауап­кершілік пен тәуекел арқалайтын серіктестердің ортақ міндеті мен мүд­десі деген сөз.

Біз бәріміз жұдырықтай жұмыла біл­сек, жайлы өмір сүруге болатын және мақтан тұтуға лайықты дамыған ел құра ала­мыз. Осы мүмкіндік іс жүзінде шын­дық­қа айнала ма, әлде тарихта бұған дейін болғандай, кезекті саяси жарыс­сөз­дердің бірі боп қала ма? Бұл сұрақтың жауабы алдағы дәуір таразысында тұр­ған қос тарапқа да байланысты болмақ.

Бүгінгідей зымыраған заманда та­быс­ты ұлттар бізді басып озып, цифр­лық болашаққа адымдап бара жатыр. Егер біз оларды қазір қуып жетпесек – онда ешқашан көшке ілесе алмауымыз мүмкін.

Жалпы, адамдарды ұлт етіп ортақ энер­гия, шашыраңқы мүдделерді біртұ­тас ететін эгрегор біріктіреді. Бұл энер­гия­­ны аспаппен өлшеу мүмкін емес, бір­ақ өтпелі кезеңде, сынақ мезгілінде оның сезілетін кездері болады. Әсіресе, өзгерістер уақытында. Өзгеріс энергиясы – аса қуат­ты күш, оның айқын бағыт-бағдары болмаса, жолындағының бәрін күйретіп кетуі мүмкін. Ал егер ол дұрыс жол тап­са, жасампаздыққа жетелейді. Біз әр­қайсымыз осы энергияны тасымал­дау­шы әрі оны алға жетелеушіміз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларын қол­дай отырып, біз ұлтымыздың жасам­паз энергиясын болашақтың Қазақста­нын – ХХІ ғасырдағы өркендеген және инк­люзивті, жаңа өркениет дәуіріне жа­раса қосылған елді қалыптастыруға жұм­саймыз.

Бұл болашақ қазірдің өзінде баста­лып кетті. Осы тұста ешнәрсеге көңілі тол­май, ғажайыпқа сеніп, өмірдің ағы­ны­мен жүзе береміз бе? Әлде патер­на­лизм­нен арылып, тағдыр кілтін өз қо­лы­мызға алып, жаңа дәуірді Жасампаз Ұлт болып қарсы алу үшін президенттік ре­формалардың айналасына топтаса­мыз ба? Саналы таңдау жасау – өз қолы­мызда.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

 

 

Серіктес жаңалықтары