1,5 жыл ішінде 45 медаль иеленіп, 8 рет рекорд орнаттым – бастауыш сынып мұғалімі
«Жұмыс пен спортты қатар алып жүру қиын» деп сылтау іздеуге болмайды.

Отандасымыз Айгүл Ержанова жақында Мысыр Республикасының астанасы Каирде пауэрлифтингтен өткен ашық әлем чемпионатында топ жарды. Әлемнің 23 елінен келген атлеттерден басым түскен ол 100 келі зілтемірді еңсеріп, қарсылас шақ келтірмеді. Сөйтіп, әлем рекордын жаңартып, 2 алтын медаль қанжығалап қайтты. Бір қызығы – Айгүл Тұрғанбайқызы жастайынан спортпен айналысқан кәсіби спортшы ғана емес, сонымен қатар, ол – ардақты ұстаз. Астана қаласындағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Ұстаздық жолдағы еңбек өтілі отыз жылға жуықтаған. Ал пауэрлифтингпен айналысқанына бар-жоғы бір жарым жыл ғана болған. Бұл спортқа келуіне туған інісі себепкер болыпты.
«Туған інім Айбар – кәсіби спортшы. Спортта жүргеніне – 20 жыл. Айбар – 8 түрлі спорттан чемпион. Ауыр атлетикадан Әлем, Азия, Еуропа чемпионатын бағындырып, әлем рекордын жаңартқан. 2021 жылы теміржол локомотивінің 276 тонна болатын вагонын 10 метрге тартып, Гиннес рекордтар кітабына енді. Арқан тарту, таяқ тарту (мас-рестлинг), пауэрлифтингтен шәкірт баптап, түрлі жарысқа алып барады. Бауырымның жетістіктерін көрген соң өз күшімді сынауға бел будым. Бала күнімнен өзімнің де спортқа деген қызығушылығым зор еді. Бұрын қалалық, мектапаралық жүгіру, қол күрес, эстафета ойындары сияқты сайыстарға қатысып жүретінмін. Пауэрлифтингке бір жарым жыл бұрын ғана келіп, шындап кірістім», – дейді Айгүл Ержанова.
Айгүл бір жарым жыл ішінде түрлі жарыстан 45 медаль алып, 8 рет рекорд жаңартқан. Осылайша ол «Жұмыс пен спортты қатар алып жүру қиын» дегенді жоққа шығарғанын айтады.
«Бауырым, әрі бапкерім әр жаттығу сайын жаттығу түрлерін қиындатып, кесте құрып, әр жетістігімді, әр өзгерісімді бақылап отырды. Әр жарыстан кейін көрсеткіштерімді салыстырып, келесі жарысқа дайындайтын. Аптасына екі-үш рет жаттығамын. Жаттығу таңғы сағат жетіден басталып, сағат 10:00-де аяқталады. Жұмыстың алдында демалып, сабаққа керекті көрнекілік құралдарын дайындап, оқушылардың дәптерін тексеруге, басқа да жұмыстарға уақыт қалдырамын. Ал сенбі-жексенбі күндері 5-6 сағат жаттығамын. Сүйікті ісімен айналысқан адамда шаршау, жалығу, өкіну деген мүлде болмайды. Дұрыс тамақтанып, жақсы ұйықтасаң қажет күш-қуатты жылдам жинап алуға болады. Шақырған жарыстың бәріне бара бермеймін. Өйткені мектептің жұмысы жетіп артылады. Балалардың білім деңгейінің түсіп кетпеуін ескеремін. Жарыстар көбіне сенбі-жексенбі күні болатындықтан жұма күнгі сабақтан кейін ұшақпен барып, ұшақпен қайтамын. Дүйсенбі күні сабақта боламын. «Жұмыс пен спортты қатар алып жүру қиын» деп сылтау іздеуге болмайды. Алдыңа мақсат қойғаннан кейін күн тәртібін түзейсің. Күн тәртібімен жүргеннен кейін уақытты тиімді пайдаланасың. Керісінше, спортзалға бармаған күндері шаршап, қан айнылымы дұрыс жүрмей, көңіл-күйім түсіп қалады», – дейді Айгүл сөз соңында.