Атам еккен ағаштарды көзімнің қарашығындай сақтап келемін – орманшы

Қазақстанның мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 30,9 миллион гектар. Бұл ел аумағының шамамен 11 пайызына тең. Осы жерлердің ішінде орманмен көмкерілген аумақ 13,7 миллион гектар немесе елдің жалпы аумағының шамамен 5 пайызын құрайды. Деректер біздің орманды елдер қатарына жатпайтынымызды көрсетеді. Дегенмен соңғы жылдары орман алқаптарын ұлғайту бағытында біршама істер қолға алынды. Мәселен, 2020 жылы орманмен қамтылған аумақ 188 мың гектарға артты.
Жалпы, еліміздің орман көлемін арттыру мақсатында 2030 жылға қарай орманды жерлердің үлесін 5 пайызға дейін көбейту жоспарлануда. Орманның басым бөлігін сексеуіл құрайды екен. Олар орманды аумақтың 50,5 пайызын, қылқан жапырақты ағаштар 13,5 пайызын, ал жұмсақ жапырақты ағаштар 11,7 пайызын құрайды. Ел аумағының маңызды бөлігін алып жатқан орман қорын сақтау және ұлғайту экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін маңызды.
Табиғатқа сүйіспеншілігі мен жанашырлығы, Жер анаға махаббаты ерекше жандардың бірі – Амангелді Ержанұлы. Ол Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылына қарасты Қарадала орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қорғаушысы.
Амангелдінің арманы – оқушыларды спортқа баулу болатын. Ауылда бар-жоғы 104 түтін, тиісінше мектепте бала саны да аз. Ол кезде ескі мектепте спорт зал, ойын алаңдары да жоқ. Волейбол, баскетбол, футбол секілді спорттық іс-шаралардың барлығы жылдың бар мезігілінде тек далада өтетін. Көрші ауылдың мектептерімен жарысқа түскенде оқушылар дайындалу үшін мектеп ауласының қарын күреп ойын алаңдарын жасайтын. Алайда таңертең тұрғанда бәрін қар басып қалатын. Соның кесірінен мектеп оқушылары көршілес ауыл мектептерінен ойсырай ұтылып, өте төмен нәтиже көрсететін. Осыны көріп өскен оқушы Амангелді 2001 жылы 11 жылдық мектепті бітірген соң Дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық факультетіне оқуға түскісі келеді. Алайда танысы мықтылар оқуға ілігіп, ауылдан келген балалар оқу тізіміне ілікпей, жігері мұқалып, келген жолдарымен ауылға кері қайтады.
– Оқудан құлағанмен өмір тоқтап қалмайды. Ауылдың күйбең тіршілігі бітпейді. Келесі жылдың мамырына дейін әкеммен бірге орман шаруашылығында жүрдім, қолғабыс еттім. Алайда жоғары білімнің қажет екенін ұғына түстім. Сұрастыра келе ҚазҰАУ-дың тегін бір айлық дайындық курсына жазылып, қайтадан кітап бетін ашып, тесттен жоғары балл жинап, Орман және бау-бақша факультетіне оқуға түскенімде ата-анамның қуанышында шек болмады. Оқуды 2007 жылы аяқтап, наурыз айынан бастап орман инженерлік ісі маманы болып, дипломмен ауылға келдім. Әкем – орман қорғаушысы, анам – математика пәнінің мұғалімі. Негізі, біз орманшылар әулетіміз. Атам өмірінің соңына дейін табиғатты аялап, орман қорғаушысы болып кеткен. Өзіміз 6 ағайындымыз. Ең үлкен екі әпкем – бастауыш сынып мұғалімі, үшінші әпкем – жоғары білімді әнші, бір ағам – журналист, екінші ағам – «Қызылжар орман шаруашылығының» директоры. Өзім сол 2007 жылдан бері орман күтушісі болып жұмыс істеймін. Үйдің кенжесі болғандықтан әкем денсаулығына байланысты жұмысын маған өткізді. Сол сенімін ақтаймын деп орманды күтіп-баптап, атам мен әкем отырғызған Тянь-Шань шыршасы, балқарағай, жабайы алма, өрік, шетен, т.с.с. ағаштарды көзімнің қарашығындай сақтап келемін, – дейді орманшы.
Орманшы болу оңай емес, өйткені міндеті көп, жауапкершілігі мол. Орманды қорғау мен күтіп-баптау заңсыз ағаш кесудің, өрттің және зиянкестердің таралуының алдын алудан басталады. Орман өртімен күресуде қауіпсіздік шараларын сақтау, алдын алу жұмыстарын жүргізу де маңызды. Одан бөлек, ағаш отырғызу және орманды қалпына келтіру мақсатында жаңа ағаш көшеттерін отырғызып, орман экожүйесін сақтауға үлес қосуы керек. Сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, орманның жағдайын зерттеу, мониторинг жүргізу, деректер жинаумен қатар экологиялық заңнаманы сақтау, табиғатты қорғау заңдарын қадағалау керек.
– Орман қорғаушысы өз территория-сының ұңғыл-шұңғылына дейін білгені жөн. Әсіресе, жол, су секілді жер санатын білмесе, өзіне қиын соғады. Оны өз тәжірибемнен білемін. Мен қарайтын аумақта неше түрлі улы өсімдіктер де, пайдалы өсімдіктер де бар. Пайдасын біз білмейтін неше түрлі өсім-діктермен қатар жеміс беретін ағаштар, атап айтар болсам, таңқурай, бөрі қарақат, қой қарақат, сиыр бүлдірген, көктем кезінде асқазан дертіне дауа болатын рауғаш, шетен ағашы, алтын тамыр сынды өсімдік түрлері көп. Сол өсімдіктерді өзіне азық еткен аңдар мен құстар жетерлік. Орман қорғаушысы заңнамалық нормаларды сақтай отырып, халықпен бірлесе жұмыс істесе, еңбегі жемісті болмақ. Біздің де алғашқы жылдары білгенімізден білмегеніміз көп болды. Әсіресе, жаңбырда қалып кетіп, су болғанымыз әлі есімде. Кейін білдік қой, мұндай жауынды-шашынды ауа райында шыршаның астына тығылу керегін. Сонда қарап тұрсаңыз, табиғат Ана өзі жаңбыр жаудырып, адамзат баласын өзі қорғайды екен ғой. Сондай-ақ жаңбыр кезінде қарағайларға найзағай түссе, өрт болуы ықтимал, шамамыз жетпесе, сырттан көмек сұрап жатамыз, – деді кейіпкеріміз.
Төтенше жағдай орын алғанда орманшы уақытпен санаспай жұмыс істейді. Мұндай жауапты сәтте оның міндеті – адам шығынын болдырмау, орманды сақтап қалу. Әсіресе, жазда өрттен, қыста боран мен қардан ешкім сақтандырылмаған. Қатты ыстықтан ағаштар қурайды, түрлі құрт, жәндіктер оны зақымдайды. Осындай зиянкестерден уақытылы тазалап отырмаса, табиғатқа зиян келеді.
Орманшылар ауа райының құбылуынан бөлек, қыста да, жазда да далада жүріп еңбек етеді. Ұзақ қашықтыққа жүру, ағаш отырғызу, өртке қарсы күресу де физикалық күшті қажет етеді. Орман өрті кезінде тіпті орманшының өз өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ал заңсыз ағаш кесушілер, браконьерлер, қоқыс тастаушылармен күресу кезінде кейде орманшылар заң бұзушыларға қарсы шара қолдануға мәжбүр болады. Сондай-ақ аю, қасқыр, қабан сияқты жабайы жануарлармен бетпе-бет келу қаупі бар.
Осындай қиындықтар ескеріле отырып, орманшылардың жұмысын жеңілдетудің бірнеше жолы қарастырылған. Қарапайым рациядан бастап спутник арқылы орманды арнайы қосымша арқылы оңай қарауға болады. Соңғы заманауи құрылғылардың бірі дрон арқылы орманда орын алған өртті тез анықтауға, браконьерлерді жылдам ұстауға болады. Бұл орман қорғаушыларының жұмы-сын біраз жеңілдетеді.
– Табиғаттың тосын мінезіне ешкім қарсы тұра алмайды. Сонау 2004 жылы ауа райының бұзылуы салдарынан маусым айының аяғында жаңбыр жауып, соңы бұршаққа ұласып, дүлей боран соғып, ауыл шаруашылығы дақылдары мен орманға қатты зиян келді. Бірнеше мың текше метр жердегі ағаштар тамырымен қопарылып, құлап жатты. Сол ағаштар заңды түрде тазаланып болған соң орнына Тянь-Шань шыршасы егіліп, өсірілді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арқасында қазір сол жер қайтадан ну орманға айналды. Төменгі Іле өзені бойындағы орман шаруашалықтарында қара сексеуіл тұқымы егілуде. Осылайша, қазақ жерінде орманды сақтап қалу бағытында біраз жұмыстар атқарылып жатқаны қуантады, – деді Амангелді.
Иә, орман қорғаушыларының жағдайы көп адамды қызықтыра бермейтіні ащы да болса шындық. Шекарашылар секілді орманшылар да алыста жүріп, тау-тасты кезіп, экология мен табиғатты қорғауға ерекше үлес қосып жүргендер. Олардың Жер анаға кіршіксіз сезімі мен махаббатының арқасында біздің орман-суымыз қараулы, болашақ ұрпаққа берер аманатымыз сақтаулы. Кез келген адамның орманшы бола алмайтыны да сондықтан болар. Бұл жүректің батырлығы мен мейірімділігі, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне жанашырлығы. Орман сақшылары табиғатты жақсы көреді, экологияға бей-жай қарамайды, таза ауада жұмыс істегенді ұнатады әрі ғылым мен зерттеу саласына қызығушылық танытады. Бір адамның бойынан осынша қасиет табылмаса, оның орман күтушісі болуы неғайбыл.
– Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, табиғатты қорғауға, жанашыр болуға баулу маңызды. Анықтамалықтар, ескерту парақшаларын тарату арқылы тосыннан келетін бәлекеттердің алдын алуға болады. Келешек ұрпақ ормандағы тақталарда жазылып тұрған ескертулерге дұрыс қараса, бір ғасыр бойы өсетін шыршаларымызды құрметтеп, кесуге емес, олардың санын көбейтуге асықса, табиғат Ананың бізге берері таусылмайды. Қиындықсыз, жеңіл жұмыс болмайды, әр мезгілдің өзіне тән қисық-қыңыр «мінезі» бар. Мен жоғары тау учаскесіне қарайтындықтан қыс мезгілі жеңілдеу. Себебі көп адам қыста үйінен шықпайды, шықса да кімнің қай уақытта тауға шыққаны, қайда бет алғаны іздерінен көрініп тұрады, – деп күлді кейіпкеріміз.
Өз мамандығын шексіз сүйетін Амангелді өз жұмысының қызықты тұстарымен де бөлісті. Оның айтуынша, кеңсе ішінде емес, таза ауада, орман ішінде жұмыс істеу табиғатты сүйетін адамдар үшін үлкен демалыс.
Сирек кездесетін жануарларды бақылау, орман экожүйесін зерттеу, ботаника мен зоологияға қызығатындар үшін таптырмас тәжірибе. Ал орманды сақтау мен көбейтуге өз үлесіңді қосу, ағаш отырғызу, табиғатты қалпына келтіру – нағыз сауапты іс. Сонымен қатар қоғамдық және экологиялық жобаларға қатысу, мектеп оқушыларымен, еріктілермен кездесулер өткізу, экологиялық мәдениетті арттыруға ықпал етеді. Тіпті, кейде орманшылар экспедициялар мен зерттеу жұмыстарына атсалысып жатады.
Кейіпкеріміз Семейдегі орман өртінен кейін қызметкерлердің жалақысының өскенін айтты. «Бүгінде орманшылардың еңбегі еленіп, жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде елімізде Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл орманшылар үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын», – деді орман сақшысы.
Жауапкершілігі мол мамандықты таңдаймын деген жастарға экология, орман шаруашылығы, агрономия немесе табиғатты қорғау саласындағы жоғары білім қажет. Елімізде бұл мамандықты ҚазҰАУ (Қазақ ұлттық аграрлық университеті), С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ және басқа аграрлық университеттер даярлайды.
Орманшыларды құрметтеу – олардың еңбегін бағалаудың және табиғатты қорғаудың маңызды бөлігі. Әлемде оларды мерекелермен, марапаттармен, ескерткіштермен, арнайы іс-шаралармен және еріктілер қозғалыстары арқылы қолдайды. Қазақстан үшін де орманшылардың рөлі маңызды, сондықтан олардың еңбегін бағалап, қорғауға қоғам болып атсалысу маңызды.