Қазақстан құрамасы ІХ қысқы Азия ойындарының салтанатты шеруіне қатысты
Харбинде 2025 жылғы қысқы Азия ойындары ресми түрде басталды.

Қытайдың Харбин қаласында 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті ашылу салтанаты заманауи технологиялар мен өңірдің мәдени дәстүрлерін біріктіргенін атап өтті.
Азия ойындарына Азияның 34 елінен 1000-нан астам спортшы қатысады. Аталмыш жарыста Қазақстан атынан 137 атлет өнер көрсетеді. Құраманың ту ұстаушылары ретінде хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова таңдалды.
Азия ойындарының 2025 жылы ресми ашылғанын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде жариялады.
Көркемдік бөлім Харбиннен басталып, Қытайдың басқа аймақтарына, одан әрі бүкіл Азияға бағытталған поэтикалық саяхат түрінде ұсынылды. Шоу бағдарламасы үш негізгі бөлімнен тұрды. Онда қыс мезгілінің құдіретіне арналған арнау, қысқы спорт түрлерінің рухын көрсету, сондай-ақ құрлықты байланыстыратын берік қарым-қатынасқа құрмет көрсетілді. Сонымен қатар бұл қойылым баланың өсуі, оның армандары, мақсаттары мен өзін-өзі танытуы туралы лирикалық оқиғаны бейнеледі.
Салтанатты рәсімнің бас режиссері – Ша Сяолань. Ол бұған дейін 2022 жылы Бейжің Олимпиадасының және 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының ашылу салтанаттарын қоюмен танылған.
Әрбір бөлім арнайы қойылыммен басталды. Көрермендерді таңғалдыру үшін интерактивті бейнелер, жасанды интеллект және толықтырылған виртуалды шынайылық пайдаланылды. Қойылымдарға 1000-нан астам адам қатысты.
Көптеген көрініс пен элементтер Қытайдағы қысқы спорт түрлерінің өмірін көрсетіп, қытай халқының рухы мен жігерін айшықтады.
Азия ойындарының ресми әнұраны – "Харбиндегі қар" әні. Оның авторы – Ван Пинцзю, ал музыкасын Чан Шилэй жазды. Бұл композиция Азия халықтарының бірлікке және ортақ дамуға деген ұмтылысын бейнелейді.
Мерекелік салтанат Азия ойындары-2025 алауының тұтануымен аяқталды.