бейсенбі, 17 сәуір, 2025

Қонаев қаласында бір топ оқушы қатарласын аяусыз ұрып-соққан (ФОТО)

/
istockphoto.com
9-сынып оқушылары өз сыныптасын қала көпірінің астында ұрып-соққан.

Алматы облысы Қонаев қаласында 9-сынып оқушысы алған соққыдан кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram желісіндегі парақшасында мәлім етті.

Журналистің жазбасына сәйкес, 9-сынып оқушылары өз сыныптасын қала көпірінің астында ұрып-соққан.

«Бала жансақтау бөліміне түсті, қазір ауруханада», - деп хабарлады журналист.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сенсек, алған соққыдан кейін жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Қалалық білім бөлімі өкілдері бұл ақпаратты растады. Мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсамақ болған соң ауруханаға түсіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.

«Қазіргі уақытта жасөспірім есін жиды, ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты. Білім басқармасы мектепке қатысты комиссия құрды. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Алматы облысы полиция департаменті «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық және жан-жақты тексеру үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр. Көрсетілген жұмыс аясында іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді», - делінген полиция хабарламасында.

Бөлісу: