Шетелдіктер қазақша үйренетін оқу ордасы

Шетелдіктер қазақша үйренетін оқу ордасы
456

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейін білім беру факультеті 1985 жылы ашылып, 2011 жылы шетел азаматтарына арналған дайындық факультетіне айналдырылған соң оның атқарар қызметінің маңызы арта түсті. Бұрын оқуға түскісі келетін жастарды дайындаумен шұғылданған факультет енді өрісі кеңейіп, еліміздегі ЖОО-ға түсетін шетел азаматтарына тіл үйрету, елімізбен таныстыру және шетелдегі қандастар балаларын атажұртындағы ЖОО-ларға түсуге дайындайтын білім ошағына айналды. 

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің басты тұлғаларын айта кетсек, факультет деканы – Спатай Сартаев, шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Айтбаева Бақыт Манатқызы, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі – заң ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Тәуекелов.
Факультет құрылған бергі жерде әлемнің 100-ден астам елінен, атап айтқанда АҚШ, Германия, Англия, Испания, Италия, Швеция, Түр­кия, Жапония,  Оңтүстік Корея, Вьетнам, Иран, Ауғанстан, Филиппин, Қытай Халық Республикасы, Йемен, Иордания, Египет, Сингапур, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Латвия, Қырғыз Республикасы мемлекеттерінен келген 7 000-нан аса шетелдіктер білім алды. Қазір факультет құрамында екі кафедра, колледж, бейіндік мектеп болашақ студенттерді дайындау үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.  Факультетте қызмет атқаратын 2 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 1 доцент, 2 PhD және жоғары білікті 60-тан аса мамандар шетел азаматтарына қазақ және орыс тілдерін үйретуде және Қазақстан мектептері деңгейінде білім беріп, зор жетістіктерге жетіп отыр.
Әрине, Қазақстанда білім алғысы келетін шетелдіктердің жайы белгілі, оларға орыс және қазақ тілі үйретіледі, ал шетелде тұратын қандастарымызға осы факультетте еліміздің стандартына сәйкес білім беріліп, ҰБТ-ға дайындалады. Сонымен бірге оларға Қазақстан жайлы мол мәлімет беріліп, мұндағы тыныс-тіршілік салтымен таныстырылады. Бұл – білім алумен бірге олардың ортаға бейімделуіне психологиялық жақтан үлкен көмек. Айта кететін нәрсе, шетелдіктер бұл факультетте ақылы білім алса, шетелдегі қазақтардың балалары грант иелену арқылы тегін оқып, білім алады.
 Мұнда тіл үйреніп, білімін шыңдаған факультет түлектері қазір әлемнің түпкір-түпкірінде, өз мемлекеттерінде, халықаралық ұйым­дарда, елшіліктер мен білім-ғылым, әдебиет, өнер салаларында жеміс­ті қызмет етіп жүр.
Біз шетелдіктердің қазақ тілін игеруі мен жетістіктері жөнінде сұрағанымызда, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті дека­нының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық бай­ланыстар жөніндегі орынбасары Қанат Келдебеков шетелде және елімізде түрлі байқауларда жүлде алған түлектерінің бар екенін айт­ты.
Жасыратыны жоқ, бізді шетелдіктерден гөрі елі­міз­ден тысқары жерде туып, атамекенінде білім алуға келетін қа­зақ балаларының жағдайы көбірек қызықтырды. Бұл жайында біз­ге факультеттегі жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафед­ра­сының қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша аға оқытушысы, осы жерде 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жанна Әділханова әңгі­мелеп берді:
– Біздің факультетте шетелдіктер ақылы түрде білім алады, ал шетелдегі қандастардың балалары сайт арқылы онлайын тест тап­сыру арқылы мемлекет грантына қол жеткізеді. Содан кейін әңгі­ме­лесу сынағы болады, сөйтіп содан өткеннен кейін бір жыл тегін оқытылады. 
Бізге Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы сияқты елдерде тұратын қазақтардың бала­лары келіп оқиды. Олардың арасында қазақ мектебін бітіріп кел­гендер де, тұратын елінің тілінде білім алғандары да болады. Мәселен, Қытайда қытайша, Түркияда түрікше, Ресейде орысша білім алған қазақ балалар келіп, қазақ тілін игереді. Олардың бәріне қазақ тілінде сөйлеп, жазу дағдыларын игертеміз. Қазақ мектебінде білім алғандарға, әрине, қиындық жоқ, ал өзге тілде мектеп бітіріп кел­гендерге әліпбиден бастап үйретіп, бір жылдың ішінде тіл-әдебиетті ғана емес, Қазақстан мектептерінде оқытылатын барлық пәндерді толық игертіп және ҰБТ-ға дайындап үлгеру қажет. Әрине, оқушы­ның бәрі бірдей емес, талаптанып, сабаққа бар ықыласын салғандар ҰБТ-дан жоғары ұпай алып жатады. Кейбір оқуға салғырттау қарайтындары болса, ҰБТ-дан төмен ұпай алып қалып, келесі жылы қайта оқып жататын да жағдайлар болады. Айта кететін нәрсе, олар­ға ҰБТ-да ұпай жөнінен 2 пайыз жеңілдік бар. Оқуға түскен шетел­дік қазақ балаларға жағдайына қарай (жетім балалар, т.б.) мүмкін­дігінше тегін жатақхана беріледі.
Бұрынырақта біздің факультетті жылына 150-ден аса бала оқып бітіретін болса, кейінгі кезде жылына 600, 700 бала оқып бітіріп жатыр. Олардың қатарында былтыр оқуға түсе алмай, екінші жылы ақылы түрде білім алып жатқан шетелдік қазақ балалары да болады. 
Осы факультетте білім алып шыққан қазақ балаларының ара­сында оқуға түсіп, өнермен, әдебиетпен, журналистикамен айна­лы­сып, өздерін танытқандары да жетерлік. Осы жерде Қытайдан келген қазақ баласы ІТ саласында жаңалық ашып, бірнеше патент иесі атанған. 
Тіпті, бұл факультетте білім алған шетелдік өзге ұлт өкілдері де қа­зақ тілін терең игеріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізгендері аз емес. Мәселен, қазақ тілін небәрі 6 айда, қобыз шерту мен кі­лем тоқуды 3 айда меңгеріп алған жапон қызы Эбина Мисаки, Шы­ғыстану факультетінің профессоры Ниномия Такаши, сол сияқты Ха­лықаралық қатынас факультетін қазақша бітіріп, магистратураны да қазақша оқыған Дан Линь атты қытай қызы, қазақ тілін үйрену арқылы өзге де түркі тілдерін меңгерген жапон баласы Козаса Мидзуки, қазақ тілінде еркін сөйлеп, ғылыми конференцияларда орын алған түркиялық Шурбан Баки, қазақ, орыс тілдерін еркін мең­геріп, қазақтың халық әндерін тамаша шырқайтын Риса Икоид­зе, орыс тобында оқыса да, қазақ тілін жақсы біліп, халықаралық Қазақ тілі олимпиадасында 2-орын алған корей баласы Жи Ын – біз айтып отырған факультетті бітіргендер.
Құрылғанына 40 жыл толып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің Жоғары оқу орнына дейін білім беру фа­культеті әлемде қазақ тілінің таралуы және шетелдегі қазақ бала­лары­на білім беріп, олардың өз Отанында қоныстанып қалуы жолын­да өте пайдалы іс атқарып отыр. Баршаны бауырына тартқан білім ошағы еліміздің ертеңі үшін сіңіріп жатқан еңбегі бағалауға тұрар­лық.

Серіктес жаңалықтары