Ауылдарымыз қайрымсыз баласы қаңғыртып жіберген қарияның күнін кешіп отыр – Ринат Зайытов
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракциясының мүшесі Ринат Зайытов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, ауыл-аймақтың мәселесін көтерді.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы түрлі саланың даму бағыттарын, өңірлердің өркендеуін көздейтін бағдарламалар аз болған жоқ. Бірақ сол салалардың ішінде қайрымсыз баласы қаңғыртып жіберген қарияның күнін кешкен ол – біздің ауылдар. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Қажетті инфроқұрылымның сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде өз туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан, қаншама ауылымыз «мүжілген сүйектей» мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды. Нақты сандармен айтсақ, соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұңды күмән ұялататын статистика. Бұл – жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық? – деді депутат.
Үкіметтің «Ауыл – ел бесігі» және AMANAT партиясының «Ауыл аманаты» деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайтынын айтқан ол ауылда кедергі көп, инфрақұрылым жоқ екенін жеткізді.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өзінің қорытынды сөзінде: «Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар» - туралы атап өтті. Бүгін де ауыл тұрғындары өз күнімен қандай да бір іс бастайсың десе де кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфроқұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» - дегенді бәріміз білетін шығармыз? Алдағы уақытты Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?! – деді Ринат Зайытов.
Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса, мемлекеттің де болмайтыны анық екенін айтқан депутат
Ауыл әкімдерінің пәрменін күшейтуді;
Бір ауылға бір техника, яғни ауылдарды техникамен қамтуды;
Бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет басшылығы және облыс әкімдері деңгейінде қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды;
Ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құру, оны ауылдық жастарға жеткізуді ұсынды.