Уәкілетті органдар Мемлекет басшысының сынынан қорытынды шығаруға тиіс – депутаттар

Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет.

Уәкілетті органдар Мемлекет басшысының сынынан қорытынды шығаруға тиіс – депутаттар
Aqorda
140

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, атқарушы билікке, заң шығарушы органға және құқық қорғау саласына нақты тапсырма беріп, нақты міндеттер жүктеді. Мәжіліс депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Президенттің алдымызға үлкен міндеттер қойып, туындаған мәселелерді шешуде табандылық танытуға шақырып отырғанын айтады. Депутат Мемлекет басшысының баса тапсырған бағыттарын атап өтті.

  • «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.
  • Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек.
  • Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық.
  • Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн.
  •  «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек», – дейді Елнұр Сабыржанұлы.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай да Президент атап айтқан алты бағыттың өзектілігін айтады. Оның ішінде білім, денсаулық, туризм, агроөнеркәсіп салалары бар.

«Басты байлық — денсаулық!

Президент ағымдағы жылдың жазғы маусымына дейін МӘМС жаңғырту заңының жобасын әзірлеуді тапсырды.

Кеше парламент қабырғасында мәжіліс депутаттары МӘМС бойынша реформа керектігін, қордаланған кемшіліктерді уақыт оздырмай шешу керектігін ескерткен болатын.

Мемлекет басшысы “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасын іске асыруды қарқындатуды тапсырды.

Көпсалалы аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын ескертті,  2026 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Білім — өмір шырағы!

Президент үш жыл ішінде бүкіл еліміз бойынша 1300 мектепті жаңғыртуды тапсырды.Нақты оқу орындарына мемлекеттік тапсырысты алып тастап, ваучерлік қаржыландыру жобасының тиімділігін атап өтті.

“Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін толық қайта қараудың маңыздылығына тоқталды. Нәтижесінде колледждер сұранысқа ие кадрларды даярлау мүмкіндігіне қол жеткізуі тиіс.

Алдағы уақытта  рейтинг бойынша алда тұрған ЖОО мемлекеттік білім беру тапсырысының басым бөлігін иеленетін болады. Бұл қадам — жастардың сапалы білім алуына жол ашады.

Ұлттық мүдде басым болуы тиіс!

Үкіметке ӨБК келісім-шарттарын (өнімді бөлу туралы келісім) жаңартылған, ел үшін тиімді шарттармен ұзартуға қатысты келіссөздерді жандандыру тапсырылды.

 Келісімдердің көпшілігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, шетелдік инвестицияларды жедел тартуды талап ететін жағдайларда жасалғанын атап өткен жөн.

Бүгінде еліміз үшін әділетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін оларды қайта қараудың уақыты келді. Мемлекет Басшысы осыны тапсыра отырып, ол үшін ұлттық мүдде басымдық боп қала беретінін баса айтты.

Туризмді дамыту — табыстың маңызды көзі!

Елдегі туризмді дамыту — экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл салада әрбір өңірдің даму респективасы бар.

Біз тек ішкі туризмді дамытумен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Шетелдік туристерге бағыттай отырып, туристік инфрақұрылымды дамытуға да инвестициялар тарту қажет. 

Мемлекет басшысы қазақ даласындағы көркем табиғатты, ғажайып мекндердің әлемдік туризмнің төріне айналған орындардан кем түспейтінін атап өтті.

Агроөнеркәсіптік кешенді  дамыту — экономиканың негізгі драйверінің бірі болуы керек!

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан рекордтық өнім көлемін жинай алды. Ал тұтастай алғанда, бұл сала экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда 13,7% тұрақты өсім көрсетті.

Бұл ретте Президент Үкіметтің алдына едәуір ауқымды міндеттер қойып, биылғы егін науқанына кем дегенде 700 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Банктерге қарызды қайтаратын уақыт жетті!

Президент екінші деңгейдегі банктердің акционерлеріне оларды қолдау және құтқару үшін берілген қарыздарын қайтаратын уақыт келгенін еске салды. Мемлекеттік қаражат есебінен банктер өз шығындарын өтегеніне қарамастан, олар мемлекетке тиесілі қаражатты өздерін байытуы үшін пайдалануды жалғастыруда. Судың да сұрауы бар!», – дейді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев болса МӘМС жүйесіндегі өзекті мәселерге тоқталды. Депутаттың айтуынша МӘМС жүйесі жұрттың жүйкесін жұқартпасын десек оның қаптаған қателігін түзеу керек.

«Кеше Үкімет сағатында МӘМС жүйесін әбден сынадық, нақты деректерді келтірдім. Жүйені ретке келтірмейінше МӘСС-ті уақытша тоқтату керегін де айттым. Ел қолдады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы салаға қатысты нақты сын және ұсыныс айтты.  

Мемлекет басшысы:

«Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.

«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ.

Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын» - деді.

Мемлекет басшысының нақты сынынан уәкілетті орган қорытынды шығаруы тиіс. Себебі бұл 20 миллион адамның тағдыры. Өз кезегімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасында халықтың талабын бірінші орынға қоямыз», – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары