Елшілік АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі миграциялық саясат барынша қатаңдатылғанын еске салып өтті.

Елшілік АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады
istockphoto.com
181

АҚШ көші-қон саясатын барынша қатаңдатқанына байланысты Қазақстан елшілігі сол елде жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлады turkystan.kz сайты елшіліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі өкілдері елдегі шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясат барынша қатаңдатылғанын еске салып өтті.

«АҚШ аумағында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары! Америка билігі қабылдаған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (елге жарамды визасыз және грин картасыз келген адамдар) және Америка Құрама Штаттарында жүрген заңсыз мигранттарға қатысты. АҚШ-қа қайта кіруді шектеу арқылы елден шығару, қамауға алу сияқты мәжбүрлеу шараларымен қатар, әлеуметтік төлемдер, жұмысқа рұқсат беру құжаттары және басқа да жеңілдіктер жойылады», - деп жазылған хабарламада.

Елшіліктің мәліметінше, америкалық билік қабылдаған шаралар ең алдымен елде заңсыз жүрген шетелдік азаматтарға қатысты болмақ.

«АҚШ билігі елде болуға заңды құжаттары жоқ шетелдік азаматтарға (жарамды виза, тұруға рұқсат (грин карта) және басқа құжаттар болмауы) АҚШ аумағынан өз еркімен кетуге мүмкіндік береді. Бұл шара азаматтарға елден мәжбүрлеп шығарып жіберуден және АҚШ визасын қайта беру кезінде кіруге тыйым салудан аулақ болуға мүмкіндік береді», - деп нақтылады елшілік өкілдері.

Одан бөлек елшілік өкілдері Трамп билігі тұсында енгізілген тағы бірқатар өзгерістерді атады:

  1. «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
  2. «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап, немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады.Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);
  3. Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын-ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруды ұсынамыз:

- АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);

- АҚШ Мемлекеттік департаменті - Консулдық мәселелер бюросы

Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз:

  • Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
  • ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
  • ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы: +1 650 741-8894.

Серіктес жаңалықтары