196
Бір адамға 5 келіден: Астанада картоп сатуға уақытша шектеу енгізілді
Бұл туралы Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мәлімдеді.
Астанада картоп сатуға уақытша шектеу енгізілді. Бірқатар сауда желілерінің дүкендерінде бір адамға 5 килограмнан артық картоп берілмейді, деп хабарлады Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы.
«Астанада картоп бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шара қабылданды. Картоп тапшылығы жоқ. Қаладағы сауда желілері мен базар сөрелерінде картоп жеткілікті. Оның қоры уақытылы толықтырылып отыр.
Өнімді делдалдар көтермелеп сатып алып, әрі қарай үй маңындағы дүкендерге өткізбес үшін бірқатар сауда желілерінің бөлшек сауда нүктелерінде картопты сатуға уақытша шектеу енгізілді, енді бір адамға 5 килограмнан артық берілмейді», - деп хабарлады басқарма өкілдері.
Бірнеше күн бұрын Павлодар дүкендерінде картоптың қымбаттағаны хабарланған болатын. Қала тұрғындарының айтуынша, сауда орындарында картоптың бір килограмы 200 теңгеден де қымбат сатылып жатыр. Ал шенеуніктер тұрақтандыру қорындағы көкөніс бағасы бекітілгенін айтқан болатын.