Кабинетте қонатын кездеріміз болады – тергеуші Мадияр Бақытжанұлы
Тергеуші жұмысындағы ең қиын дүние – реттелмеген жұмыс уақыты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр жүргізілген кешенді шаралардың арқасында елімізде қылмыс саны 12,5 мыңға, ал жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 8 мыңға азайған. Аса қауіпті қылмыстардың, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, мал ұрлығы, алаяқтық, қарақшылық және тонау қылмыстары төмендеген. Осы ретте заң мен тәртіп үстемдігін орнатуды басты мақсат еткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әсіресе, тергеушілердің орасан еңбегін айта кеткен жөн. Қажет дәлел-дәйекті жинап, айғақтарды қаттап, күдікті, жәбірленуші, куәгермен сағаттап сөйлесетін, жауапты жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің жұмысы кей кезде еленбей, көлеңкеде қалып қояды. Turkystan.kz сайтының тілшісі тергеу ісінің қыр-сырын білу үшін Астана қаласы Полиция департаменті Есіл аудандық Полиция басқармасы Тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Кәжденбек Мадияр Бақытжанұлымен тілдескен-тін.
«Процессуалдық тұлға болуды армандадым»
Әкесінен үлгі-өнеге, мол тағылым алған Мадияр Бақытжанұлы болашақ мамандығына қатысты көп ойланбаған.
«Әкем Қызылорда облысының прокуратурасында жұмыс істеп, зейнетке шықты. Қазір қорғаушы адвокат. Анам балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Әкеме қарап бой түзедім. Ол кісінің ешкімнің көңілін қалдырмайтын, кез-келген мәселені заң шеңберінде шешетін сабырлы болмысы маған өнеге болды. Сол себептен ес білгелі Отанға қызмет етуді ғана ойладым. Процессуалдық тұлға болу арманым еді. 2018 жылы Қызылордадағы Илья Ильин оқыған №198 мектепті тәмамдап, Алматы қаласындағы ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы академияға оқуға түстім. Оқуымды аяқтаған соң Қызылорда қаласының Полиция басқармасына тергеуші болып жұмысқа тұрдым», – дейді өзі.
Қызылордада алғашқы істерін тергеп, тәжірибе жинақтаған ол бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің түрлі бабы бойынша көптеген қылмыстық істерді тергеп, сотқа жолдаған. Оның ішінде 106, 188, 189, 190, 191, 192, 194, 389, 293 баптары бар.
«Еңбек жолымды енді бастағанда ең бірінші қолыма түскен қылмыстық іс – ақша мен құмар ойынға құнығып, танысымен жанжалдасып, оған пышақ сұғып алған, әлі өмір сүріп үлгермеген жас баланың ісі болды. Сол кездегі Тергеу бөлімі басшысының осындай ауыр қылмыстық істі менің өндірісіме сеніп тапсыруы процессуалдық шешім шығаруға деген қызығушылығымды арттырды. Енді оқу бітіріп келген, лейтенант шенін жаңа алған жас офицердің мұндай күрделі қылмыстық істі алғаннан кейін тергеуге деген ынтасы ашылады. Одан кейін есімде қалған ерекше іс – Қылмыстық кодекстің 192-бабы бойынша қозғалған іс болды. Бұл бап – қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында мүлік иесінің өміріне қауіпті күш қолдануға ұласқан шабуыл. Күдікті ер адам өзінің бірге тұратын құрбысына жұмыс уақытында жасырын келіп, ішіне пышақ сұғып, ақша толы сөмкесін алып кеткен. Бұл қылмыстық істі тергеу оңай болмады. Бейнекамералар аз, күдікті оқиға орнына сақал жапсырып, басын бүркеп, кір киімдер киіп келген. Дегенмен біраз уақыттан кейін куәгерлерді беттестіру, тінту, түрлі тергеу шараларын жүргізу арқылы дәлел-дәйек толық жиналып, күдікті 8 жылға бас бостандығынан айырылды», – дейді ол.
Тергеу – оңай іс емес
Жас тергеуші былтыр сәуірде Астана қаласы Полиция Департаменті Есіл аудандық Полиция басқармасының Тергеу бөліміне ауысып келген.
«Мұнда да әрі қызық әрі ауыр қылмыстар жеткілікті. Жалпы тергеушінің әр күні қайталанбайтын, әртүрлі оқиғаларға толы болады. Жұмыс барысында қызық адамдармен танысасың. Әріптестеріңмен әңгімелесу өзіңе мотивация береді, біліміңді одан әрі шыңдауға жігерлендіреді. Тергеуші жұмысындағы ең қиын дүние – реттелмеген жұмыс уақыты. Себебі қылмыстық істің уақыты шектеулі. Соны білгендіктен істі уақытылы тәмамдап, сотқа жолдауды алдыңа мақсат етіп қоясың. Түнге дейін кабинетте қаласың, тіпті қонатын кездеріміз болады. Жедел уәкілдер түн ортасында қылмыс ашса, күдікті адамға қатысты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін, ұйқыңды қиып, бірге барасың. Тергеуші болып жұмыс істей білу адамның мінезі мен шыдамдылығына байланысты. Тергеуші лауазымынан жоғары органдар бар. Мысалы, прокуратура. Прокуратура қызметкерлерімен жұмыс істеген кезде келіспеушіліктер болады. Заң ортақ болғанымен, бес саусақ бірдей емес, әр адамның өзіндік ой-пікірі бар», – дейді офицер.
Тергеу – көңіліңді түсіретін, қалың ойға салатын, әділетсіздік орнаса, ашуландыратын, ал кейде аяушылық сезім ұялататын жұмыс. Мадияр Бақытжанұлы осы жұмысты абыроймен атқару басты міндеті екенін айтады.
«Тергеуші лауазымында жұмыс істеп жүргенімен биыл үшінші жылға ұласты. Отбасымды қорғап, баламды жеткізіп, қызметімде асықпай, өз уақытымен өсіп, осы жұмыстан абыроймен зейнетке шықсам деймін», – дейді ол сөз соңында.