Тұзды тегін берме: «Көршіден ақысыз тұз алсаң, араларың бұзылады»
Ұсақ-түйек заттың да ақысын төлеңдер. Қиянат қылдай істен басталады.
Ертеде парсы жерінде Наушаруан деген әділ патша болыпты. Патша бір күні аңға шығады. Аңда жүріп, киік атып алады. Киік етін асып жемекші болып, қасындағы уәзіріне:
– Жақын маңдағы бір ауылдан тұз алып кел, - деп жұмсайды. Уәзірі:
– Құп, тақсыр, деп атына міне бергенде, патша:
– Сен тұзды тегін алма. Кім болса да, ақысын төле, - дейді. Уәзір таңғалып:
– Уа, патшам! Шымшым тұз бір тиынға да татымайды. Оны тегін-ақ алсам болады ғой. Әрі сіздей әділ әміршіге бір шымшым тұзды жұрт қуана-қуана береді, - дейді. Сол кезде Наушаруан:
– Ей, уәзірім, мынаны жақсылап тыңда, жадыңнан шығарма. Егер мен елдің жалғыз жұмыртқасын ақысыз алсам, сендер қиянатпен тауығын сойып жейсіңдер. Бір алманы тегін жесем, сендер алма ағашын түп-тамырымен тартып аласыңдар. Есіңде болсын, басшының істегенін қосшы өзіне үлгі қылады. Ұсақ-түйек заттың да ақысын төлеңдер. Қиянат қылдай істен басталады, - дейді.
Уәзірі шымшым тұзды ақысын төлеп алып келген екен. Наушаруанның «әділ» атағы халыққа таралып, байдан теңдік көрмегендер соған баратын болған. «Тұз да болса, тегін алма» деген тыйым Наушаруан кезінен басталыпты. Казақтағы «көршіден ақысыз тұз алсаң, араларың бұзылады» деген ырымның шығу төркіні осында деседі.
Материал "Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді" кітабынан алынды.