Зейнеп апайды тыңдасақ...
Баяғыда «Қазақстан әйелдері» журналында «Жамал апайды тыңдасақ...» деген айдар бар еді. Кіл салт-дәстүрге сай ақыл-кеңес, өмірлік тәжірибе, тәлім-тәрбиеге толы әңгімелер болатын. Қазіргі айтары мол «Жамал апай» – Зейнеп Ахметова дер едім. Ол кісінің «Шуақты күндері» мен «Бабалар аманатынан» бастап кейінгі «Күретамыры» мен «Теңбіл тіршілігіне» дейін түгел тауысып оқып шыққан жан ретінде айтайын, Зейнеп апаның кітаптары да, ауызша айтар баяны, шертер сыры да түгелдей адамдыққа, қазақылыққа, ізгілікке тұнып тұр.
Сөз киесі қонған әулет
«Мына өмірде адамды ажалынан бұрын өлтіретін екі нәрсе бар, бірі – оқ, бірі – сөз» деген екен үндінің ұлы ақыны Рабиндранат Тагор. Бұл жерде ақын «оқ» дегенде атың өшкір соғысты меңзеп тұр ғой. Оғы түскірдің ойран салмаған жері бар ма?.. Қазақта да соғыс зардабын тартпаған отбасы кемде-кем шығар.
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да 80 жыл толады екен. Сол соғыстың қазақтан шыққан батырлары туралы сөз қозғағанда есімізге алдымен түсетіні – әрине, Бауыржан Момышұлы. Оның қаһарман қолбасшылығы, ерен ерлігі әлі күнге елдің есінде, ұрпақ жадында, жастар үшін – дәйім үлгі.
Бар қазақ басын иетін осы тұлғаның ошағы – Момышұлы әулеті – сөз қонған шаңырақ, қасиетті сөзді қадір тұтқан отбасы. Әлгінде «оқ» пен «сөзді» шендестірген шебер ақынның айтқанынан бекерге мысал келтірген жоқпыз. Оқтың аты – оқ. Оның бір-ақ міндеті бар – біреу атты, біреу өлді, бітті. Ал СӨЗ ше? Артық сөйлеп, асырып айтып, адамның жанын жаралап, көңіліне дық салып, жүрегін жұлмалауға да болады. Сөз дегенді солай пайдаланып жүргендер де жоқ емес. Бірақ СӨЗ деген ұғымның ең басты мақсаты да бар ғой! Ол – адамның жанын нұрландыру, жүрегін ізгілендіру, ойына ой қосып, рухын көтеру, рухани байытып, үнемі алға жетелеу, өзін жетілдіре, кемелдендіре түсуге ұмтылдыру!
Жарты әлемді машақатқа салған соғыстың (оқтың) зардабын көрген, әйтсе де, ертерек ес жиған Момышұлы әулеті – СӨЗ деген киелі дүниенің осы игі міндетін іске асырумен келеді. Бауыржан Момышұлының оқырман жүрегін жаулаған басқа шығармаларын былай қойғанда, «Ұшқан ұясының» өзі – күллі қазақ төбесіне тұтып дәріптеуге, төрінен орын беруге, бала-шағасына үнемі оқытып, ұғындырып отыруға тиіс қадірлі кітап. Мына жаһандану дәуірінде қалай да қазақ болып қалуым керек, ұрпағымды ұлттық тәрбие негізінде адам ғып қалыптастыруым керек дейтін әрбір қазақтың міндеті бұл!
Ал сол асылдың сынығы, тектінің тұяғы – аяулы аға, абзал жанды ақсақал, қарымды қаламгер Бақытжан Момышұлы ше? Шығармаларын орыс тілінде жазса да, кітаптары оқырман талғамынан шықты, жан дүниесін байытты, ойына ой қосты. Бірде: «Сізді жазушылар жиналатын жерден, жалпы қаламдастарыңыздың арасынан көре бермейміз, мұның себебі неде?» – деген сауалға Бақытжан Момышұлы: «Қазақша жазатын жазушылар мені «орысша жазады, орыс» деп қатарына қоспайды. Ал орыс жазушылары «қазақтың жазушысы ғой, қазақ» деп көзге ілмей, шеттетеді. Сөйтіп, ортада оңаша қалғанмын», – деп жауап берген. Демек, Бақытжан ағамызды негізінен қазақ тілінде оқитын бүгінгі қалың оқырман қауыммен әлі де етене жақындастыра түсу қажет. Мықты аудармашы-әдебиетшілеріміз алдағы уақытта бұл шаруаны қолға алар деген үміт бар.
Алайда жазу тілі орысша болғанымен, Бәкеңнің қалам сілтесінде де, айтар ойында да, келтірер мысалдарында да, кейіпкерлерінің бітіс-болмысында да, бейнелеу-көркемдеу тәсілдерінде де қайран қазақы табиғаттың жанға жақын жылы лебі есіп-ақ тұрады. Жазушы өз шығармаларында көнеден келе жатқан аңыз-әфсаналарды, дәруіштер мен тақуалар туралы танымдық тәмсілдерді, ұлы адамдар өмірінен алынған нақты мысалдарды өз ойларына шебер қиюластырып, сәтімен пайдаланып отырады. Бұдан туындының мазмұндық құны арта түспесе, еш кемімейді. Кейіпкерлер әлдебір тақырыпты бірінен соң бірі іліп ала жалғастырып, әлгі мәселені жан-жақты, егжей-тегжейлі талдайды. Олардың өзара әңгімесіне, қызу пікірталастарына елти отырып, оқырман ақырында өзінің де дүниетанымының толысқанын, білім көкжиегінің кеңейе түскенін, санасында сапалық өзгерістердің болып өткенін бір-ақ біледі.
Бақытжан ағаның ұлы – Ержан Момышұлы да – кәсіби журналист, өз ісінің майталманы, дүниетанымы кең, мәдени сауаты биік азамат.
Ол – жазушы
Ал осы әулеттің түтінін түзу шығарып келе жатқан Зейнеп апай Ахметова туралы әңгіме бөлек. Оны жұрт – батыр Бауыржандай айбынды кісінің бабын таба білген ибалы келін, Бақытжандай талғампаз қаламгерге ойлы-өрелі сенімді серік болған, Ержандай ерен ұлды дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие берген аяулы жан ретінде жақсы біледі.
Дегенмен Зейнеп Ахметова да – осы әулет мүшелеріне дарыған сөз өнерін қадір тұтқан жан, қарымды қаламгер. «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Теңбіл тіршілік», «Күретамыр» тәрізді кітаптары арқылы қалың оқырман қауымға әбден танымал. Рас, өзіне салсақ, апай «Мен жазушы емеспін» деп бұртиып шыға келеді. «Мен – аманат арқалап жүрген адаммын, шырағым. Кәсіби жазушы емеспін. Тек атамның айтқанын, атамның өмірінен көрген-білгенімді баяндаушы ғанамын. Атам соғыс туралы әңгімелемейтін, тек қазақтың салт-дәстүрі жайлы айтушы еді, «Балам, сені сөз түсінеді деп айтамын, сен де жұртқа жеткізерсің, осылайша, ең болмаса бір үйде қазақтың иісі сақталып қалсын» деп аманат еткен» деп, өзіңе ұрсыңқырап тастайды.
Дегенмен бір ғана «Шуақты күндер» атты естелік-эссе кітабының өзі 1984 жылы 20 мың данамен, 1987 жылы 60 мың дана таралыммен (толықтырылып) жарық көрген. Бұл еңбек бүгінге дейін он бір рет басылып шыққан! Қаламгер бақыты дегеніміз осы емес пе? Қалған кітаптары да жаман таралған жоқ. Мәселен, «Бабалар аманаты» кітабы арқылы біз Бауыржан Момышұлы бабамыздың тек ел қорғаған ерен батыр, ұрпақ жігерін жаныр намыс қайрағы ғана емес, керемет парасат иесі, терең білімді тұлға екенін толығырақ біле түстік. Бұл да – тұлғаға, ұлтқа, сөз өнеріне қызмет емес пе? Сондықтан Зейнеп апайдың «мен жазушы емеспін» дегеніне құлақ аса бермегеніміз жөн-ау.
Мен осы сөздерді Зейнеп апамыздың кісілік келбетін ашқым келіп, лайықты бағасын айқындап көрсеткім келіп жазып отырмын. Бірақ осы мақаланы оқыса, апайдың «әй, сен мені бұлай мақтай берме!» дейтінін де білемін. Өйткені ол кісінің бірде былай дегені бар еді:
«Адамды мақтағанда да сәл абайлап мақтау керек, әйтпесе... сеніп қалуымыз мүмкін ғой. Жалпы, байқасаңыздар, бірінші рет өзін көзін бақырайтып қойып мақтаса, адам кәдімгідей ұялады, құлағына дейін қызарып, «жоқ, о не дегеніңіз» деп, қарадай қысылып, ыңғайсызданады. Екінші рет мақтау естігенде, ептеп қолайсызданғанымен, іштей әлгі жылы сөз жанына жаға бастайды. Үшінші рет естігенде, оны солай болуы қажет нәрсеге жориды, «сол мақтауға лайық шығармын» деп ойлайды. Төртінші ретте біреу арнайы сөз сөйлей бастаса-ақ мақтау күтіп, дәмететін жағдайда жетеді. Бесіншісінде тіпті «апыр-ай, мынау мені неге мақтамайды?» деп іштей қапаланады.
Бейпіл мақтау деген, мақтангершілік деген адамды құртатын дерт қой. Маған айтылған жылы сөздердің бәріне де рахмет, бірақ мен оны «өзіме арналды», «өзімнің арқам» деп ойламаймын. Қазақтан қандай жақсы сөз, жарқын тілек естісем, соның бәрін «батыр атаның арқасы», «сол кісінің шапағаты» деп білемін. Ақиқатына келгенде, ол кісінің келіні болмасам, мені кім таныр еді? Қазақтың көп қарапайым келінінің бірі болар едім. Ешқайсыңыздан айырмам болмас еді. Қазір көшеде, тойларда, кездесулерде көпшілік танып, амандасып жатады. Мұның бәрі – атаның арқасы. Өзіме айтылған мақтау сөз, жылы лебіздің бәрін мен «бұл – маған емес, марқұм атаға көрсетілген құрмет» деп есептеймін де, құлағыма кіргізбей, әрі асырып жіберемін»...
Бірақ қазақ руханияты үшін осыншама еңбек етіп келе жатқан адамды қалай мақтамайсың?!
Қазақ келінінің үлгісі
Жазушылар одағы – иісі қазақ үшін қадірлі, қасиетті қара шаңырақ қой. Сонау Мұхтар, Сәкен, Сәбит, Ғабит аталарымыздың, одан кейінгі басқа да аяулы ақын-жазушыларымыздың еденіне табаны тиген, дуалына даусы сіңген құт мекен. Бір ғажабы, осы Одақ ғимаратына кірерде Зейнеп апа иіліп сәлем салады екен.
«Мен Жазушылар одағының ғимаратына ең алғаш 1962 жылы кіріп көргенмін, – деді ол кісі бірде. – Ол кезде университеттің Филология факультетінде оқимын. Біреуді іздеп жүрген адамдай үш қабатты түгел аралап, қарбалас жұмыс сәтіндегі қызметкерлерге қызыға қарап, фойеде өзара қауқылдасып, әңгімелесіп тұрған ағалардың жанынан жылдам баса жылыстай өтіп, ұлы тұлғалар жұтқан ауамен тыныстағаныма қуанғанмын. Кейін, Момышұлы әулетіне келін болып түскен соң, бірде атамен бірге келдім. Ғимаратқа кірер алдында ата: «Балам, иіліп сәлем сал!» – деді. Қараймын, алдымда ешқандай кісі жоқ. «Кімге?» деппін. «Қазақ алдымен шаңыраққа сәлем береді. Бұл – қазақтың қасиетті қара шаңырағы ғой!» деді ата. Оң тіземді бүгіп, иіліп сәлем салдым. Тап сол сәтте Одақ ғимаратынан Дихан баба Әбілев шығып келе жатыр екен. Ол кісі мені өзіне сәлем салды деп ойлап қалса керек, «Ой, айналайын, көп жаса, шырағым, бақытты бол!» деп батасын беріп, қауқалақтап қуанып қалды. Сондағы атаның маған айтқан сөзі әлі есімде: «Көрдің бе, балам, менің арқамда бесплатный бата алып қалдың!» – деді. Атаның сол бір өнегесі маған өмір бойы бұлжымайтын әдет болып қалыптасты».
Қазақ келіні үшін бұдан асар үлгі-өнеге бар ма екен, сірә!
Зейнеп апайды қазір оқырмандармен жүздесуге, түрлі басқосуларға шақырып тұрады. Өйткені айтары мол адам, жастарға ақыл-кеңес бере алатын ойлы сұхбаттас.
Мәселен, Жазушылар одағында өткен оқырмандармен жүздесуінде былай деп еді:
«Қазір телеарналарды қарап отырсаңыз, не көп – шоу көп, шу көп. Солардың бәріне қаражат бөлініп жатыр. Көпшілігі – қазаққа түк те бермейтін бостекі дүниелер. Бұ күнде телеэфир әншілер мен әзілкештерден босамауға айналды. Сосын небір сұмдықты тойға барғанда көретін болдық. «Осы өмірге лайық отты жағып, жар-жар!» деп басталатын «Жар-жар» кешегі кеңес заманында өз қызметін өтеді, қазір де сәннен қала қойған жоқ, бірақ енді «Жар-жарға» өзгеріс, жаңару керек. Өйткені біріншіден, жар-жар – үйлену тойында емес, қыз ұзатыларда айтылатын нәрсе. «Сен енді біреудің жары боласың» деген мағынада болған оның мәтіні. Кеңес өкіметі тұсында біз оны екі жастың бас құраған тойында шырқалатын әнге айналдырып жібердік. Қазір, Құдайға шүкір, кім көп, ақын көп. Соларға тапсырыс беріп, неге ұзатылу тойында айтылатын ұлттық сипаттағы жаңа «Жар-жар» жаздырмасқа?
Сосын, қыздар, айналайындар, тұрмысқа шығатын кезде тойға иығы мен кеудесі ашық, жотасы жалаңаш, шетелдік үлгідегі ақ көйлекті кимеңдерші, бас тартыңдаршы содан! Неге осы біз өзгенің қаңсығына таңсық боламыз да жүреміз? Бар ғой, қазақтың әдемі көйлектері, сәукелесі! Тіпті, арнайы тіктіруге де болады. Тойға келетін үлкен қариялардың, ақсақалдардың, ақ жаулықты әжелердің көзінше жаңа түскен келіннің ашық-шашық жүруі жараспайды. Той алдында беташар жасайтынымыз тағы бар. Өзі жартылай жалаңаш жүрген келіннің бетін ашуда не мән қалады?
Тағы бір түйткіл: жас келіннің гүл лақтыруы. Ол теріс қарап тұрады да, қолындағы шоқ гүлді арт жаққа қарай лақтырады. Ол жерде күйеуге шықпаған бір топ жас қыз уласып-шуласып жатады. Сырттай қарап тұрсаң, осының өзі ерсі емес пе? Сол тойда әлгі жас бойжеткендердің әке-шешесі, аға-жеңгесі, ағайын-туысы отыр. Қанша байсырап бара жатсаң да, солардың көзінше «тезірек күйеуге тиейін» деп гүлге сонша таласып не көрінді?
Үйлену тойы әбден қызып, үлкен кісілердің кейбірі қайтып кетіп, қайсыбір қонақтардың көзіне бір адам екі адам боп көріне бастаған тұста жалп етіп жарық сөнетіні бар. Сөйтсек, торт келе жатыр екен. Бір жағынан, той аяғында тойып алған жұрт сол тортты жеп те қарық қылмайды, бекерге рәсуа болады. Екіншіден, қуаныш үстінде шам сөндіру – қазақта жаман ырым. «Шырағың сөнбесін» деп тілейміз ғой бір-бірімізге. Мынау – енді ғана шаңырақ көтеріп, шам жағып жатқан жас отау үшін тіптен жақсы ырым емес. Сосын екі жас пен оның ата-анасы ортаға шақырылып, бір-біріне торттан ауыз тигізеді. Бұл қайдан шыққан салт, не сән? Алғашқы күні-ақ қайынатасы мен енесінің аузына қасық тыққан келін ертең олардың көзіне пышақ тығып жүрмей ме? Бұл дәстүрсымақтың орнына келін шай ұйымдастырса қандай жақсы болар еді? Әрине, тойдағы адамның бәріне шай құюы шарт емес. Төрдегі ең үлкен әжелер мен аталардың үстеліне барып, ол кісілерге ықыласпен бір-бір кесе құйып берсе, баталарын алар еді ғой.
Ауылда жүргенде қай-қайсымыз да тек әке-шешеміздің перзенті болдық. «Пәленшенің қызы ғой, өркені өссін!» дейді ел риза болса. Әлдебір қателігің болса, «Өй, Түгеншенің баласы емес пе, ата-анасы жақсы адамдар, бұл нағып мұндай болды екен?» деп, кейіп жатады. Ал туған ауылдан ұзап, қалаға, басқа ортаға келген сәттен бастап бәріміз «қазақтың ұлы», «қазақтың қызы» атанамыз. Себебі бұл жақта ешкім де ауылдағы Пәленше мен Түгеншені танымайды – қазақсың ба, жақсы ісің де, жаман қылығың да тікелей ұлтыңа барып тиеді. Иығыңа ата-анаңның, әулетіңнің, аулыңның ғана емес, ұлтыңның жауапкершілігі, ұлтыңның намысы артылғанын сонда білесің. Қазаққа еңбек сіңірген адам деп мен ұрпағын намысты, қазақы, білімді етіп тәрбиелеген адамдарды ғана айтар едім. Сондықтан қайда жүрсеңдер де «қазақтың ұлы», «қазақтың қызы» деген атқа лайық болып жүріңдер, айналайындар!»
Осыдан асырып қалай айтарсың?!
* * *
Қазақ боп қалғымыз келсе, ұлттық тәлім-тәрбиеге сай болғымыз келсе, ұрпағымызды ізетті де көргенді етіп өсіргіміз келсе, Зейнеп апаны тыңдайық. Алдымен өзінің туып-өскен үйінен, аяулы ата-анасынан, ұшқан ұясынан кісілік әдеп-ибаны, салт-дәстүрді үйреніп өскен ол кейін күллі қазақ құрметтейтін әулетке келін боп түсіп, атасының «Ұшқан ұясынан» ұлы ұғымдарды бойына сіңірді. Сол ұққан-білген, көрген-түйгенін қазір қалың қазаққа насихаттап жүр. Баяғы аманатты арқалап жүр. Бабалар аманатын!
Сәкен СыбАНБАЙ