"Бұл – мансабымның жаңа белесі": Оңтүстік Корея актері Ли Бен Хон "Кальмар ойындары" сериалы туралы пікірін айтты
54 жастағы оңтүстіккореялық актер Ли Бён Хон Netflix-тің әйгілі "Кальмар ойындары" сериалы арқылы өзінің мансабында жаңа белеске жеткенін айтты. Сериалда басты рөлдердің бірін сомдаған актер бұл жоба оған Голливуд фильмдерінен де көп танымалдылық сыйлағанын мойындап, Korea Times басылымына сұхбат берді.
«Голливуд блокбастерлерінде ойнағаныммен, мені онша көп адам танымады деп ойлайтынмын. Бірақ корей режиссерлері, актерлері және әріптестері жасаған «Squid Game» жобасы арқылы мен өзімді әлдеқайда сүйікті әрі танымал сезіндім. Бұл, шын мәнінде, таңқаларлық жағдай», – деді ол.
Ол сериалдың бірінші маусымының үлкен жетістігінен кейін екінші маусымы да ғаламдық назарға ілінгенін атап өтті. Екінші маусым әлемнің 93 елінде Netflix-те көш бастап, үлкен танымалдылыққа ие болды.
Ли Бён Хон алғашында режиссер Хван Дон-хёк түсірген сериалдың осындай жаһандық хит болатынын күтпегенін мойындады.
«Бұл өте эксперименталды драма сияқты көрінді. Барлық оқиға бір студияда, ертегі әлеміне ұқсайтын кеңістікте өтеді. Барлығы бірдей жасыл киім киеді. Бұл не үлкен жетістікке жетеді, не толықтай сәтсіздікке ұшырайды деп ойладым», – деп бөлісті ол.
Өз кейіпкері туралы сөйлегенде, Ли оны өмір мен өлімнің маңыздылығына үйреніп қалған, көптеген ауыртпалықтарды бастан өткерген адам ретінде сипаттады.
«Жұмысында жүкті әйелі үшін медициналық шығындарды өтеуге тырысып, жалған айып тағылғаннан кейін, оның әлемге деген өшпенділігі арта түскен болуы мүмкін. Ол ойында куә болған өлімдер, сатқындықтар мен қатыгездіктер оның адамзатқа деген кек алуға деген құлшынысын күшейте түскен шығар», – деді актер.
Өзінің актерлік әдісі туралы Ли сценарийді толық түсініп, оның сапасына сенбейінше, жобаға қатысу туралы шешім қабылдамайтынын айтты.
«Сценарий маған ұнаса да, түсініксіз немесе сенімсіз тұстары болса, оларды анықтауға тырысамын. Әр сахна шынайы болып көрінуі үшін сценарийге толықтай сенімді болуым қажет», – деді ол.
Ли Бён-хонның сөздері оның мансабындағы ерекше өзгерістерді көрсетіп қана қоймай, әлемдік киноиндустриядағы корей өнерінің әсерін де айқындайды.