Жас әдебиетшіге хат

Қаламгер болуды армандаған адамның ең жақын досы – кітап. Әсіресе, жастық шақ­­та, бала кезде оқыған кітап шұғыласы са­наға басылған таңбадай алауын өмір бойы шашады. Бірақ өзіңізге ең қажетті кі­тапты табу өте қиын. Кітап – үйретуші, ең ұлы ұстаз, сондай-ақ күйретуші де.

Жас әдебиетшіге хат
Жан-Мишель Баскианың 110 миллион долларға бағаланған картинасы
916

Құрметті жас әдебиетші, Сіз ақын я жазушы болуды армандайтын шығарсыз, бәлкім, әдебиеттің басқа жанрында бақ сынауды көздеп жүрген, әдебиет майданында өз ізіңізді қалдыруды, атыңызды алысқа шарлатуды армандайтын боларсыз, Сіздің ізгі арманыңызда қылаудай күдік жоқ екеніне мен бек сенемін – өзінің болашақ ұлылығын мектеп жасында ойламаған, том-том кітаптың сыртындағы әлдебір есімдермен іштей бәсекелеспеген болашақ қаламгер аз... Егер солай етпесе, онда одан айтулы туындыгер шығуы қиын. Сізге, қолына енді қалам ұстаған, аудандық, облыстық, бәлкім, қалалық әдеби байқаулардан әлденеше мәрте жүлде алған, мектептегі яки университеттегі ұстаздарыңыз мақтаған, айналаңыз жазушы деп қолпаштаған Сізге бұрынғылардың жосыны, дәстүрі бойынша аз-кем хат жазуды ұйғарып отырмын. Бұл хат бір кәдеңізге жарап қалар деп үміттенемін.

Қаламгер болуды армандаған адамның ең жақын досы – кітап. Әсіресе, жастық шақ­­та, бала кезде оқыған кітап шұғыласы са­наға басылған таңбадай алауын өмір бойы шашады. Бірақ өзіңізге ең қажетті кі­тапты табу өте қиын. Кітап – үйретуші, ең ұлы ұстаз, сондай-ақ күйретуші де. Егер ба­ла кезіңізде жөні дұрыс кітап оқы­ма­саңыз, күлдібадам дүниені пір тұтып, солардың желікпесімен кетсеңіз, ол Сіздің тұнық ойыңыз бен мөлдір эстетикаңызды лай­лайды. Санада қалыптасқан таным та­бы­нан құтылу ұзақ процесc. Айлар, күндер ға­на емес, жылдар кетеді. Бала кезіңізде, ең алғаш қолыңызға қалам алғанда еліктеген, там­санған, таңырқаған дүниелеріңіз күн­дер мен айлар, жылдар өте келе түкке тұр­май­тын дүние екенін сезесіз. Сол шақта жақ­сы дүние оқыған болсам ғой, ана автор емес, мына автор, ана шығарма емес, мына шығарма, ана кітап емес, мына кітап қо­лыма тигенде ғой деп өкінуіңіз мұнда тұр­ған іс. Бұл өкініштің өзі қайырлы, өкін­бей­тін, әуел бастағы сана соқпағымен тура тар­­­татындар көп, оларға ештеңе көмек­тес­пей­ді: университет те, әдеби орта да... Бәл­кім, солай болғаны да дұрыс шығар.

Мен мынаны оқы, мынаны оқыма демес едім, әр заманның өз сұр­қыл­тайы мен құндылық жаратар қуатты дү­ниесі бар. Бірақ әлемге танымал, уақыт сүз­гісінен өткен классикалық шығар­ма­лар­дың «базары» тарқамайды. Оны естен шы­ғар­маған жөн. Дегенмен қаламгер болатын адам мың жылдық әдебиетті түгел қопарып отыра алмайды. Оған уақыты да жоқ. Бұ­рын­ғы классикалық шығармаларды ақта­рыңыз, оқыңыз, бірақ оған қатып қал­маңыз, томдықтардың түбінде жатып ұйық­тау – Сізге жараспайды. Осыған дейін әде­би әлемнің игеруге тиіс құпияларын бү­гінгі заманауи романдар жаңартып, то­лық­тырып, жетілдіріп, керегін алып, керек емесін екшеп үлгергенін ескергеніңіз жөн. Сон­дықтан, бүгінгі заманауи құндылық приз­масынан қарай отырып, өзіңізге ең жа­қын авторларды іздесеңіз, уақыт та жо­ғалтпайсыз және өз жолыңызды ертерек табуыңыз жеңілдей түспек.

Қазір ақпараттың заманы. Сізге таңдау мен талғап оқудың қиындығы жоқ. Деген­мен осы таңдау құқы берілсе де, жарнамасы «жарып тұрған» түкке алғысыз шығармалар көп кезігеді. Олардың бәрінен айналып өт демейміз, оқы, дәмін тат, сырлас, бірақ «үй­рен де жирен». Солай ете алсаңыз, онда Сізге Құдайдың қарасқаны. Нашар деген шы­ғарманың өзінен бір нәрсе үйренуге бо­лады, өйткені ол да жазу машақатын бас­тан өткерген. Туындыгер толғанады, ой­­­ланады, демек, қандай да болсын еске­рер, түйер дүние кезікпей тұрмайды. Әйт­кен­мен, «аттап өту» мен «көп айналмауды» қа­перден шығармаңыз.
Сізге қажетті шығарма – жылдар өте қай­талап оқуға шақыратын, әр оқыған сайын шабыт сыйлап, терең ойға жете­лей­тін, әр жолы жаңа кеңістік ашылып, жұм­бағы­мен баурайтын дүние. Мысалы, Цвейг­тің «Бальзак» романын оқысаңыз, бойыңыз­ға қайрат құйылады, оның «қаша жүріп жа­зып, жаза жүріп қашқанын» елестетсеңіз, көзіңізге жас үйіріледі. Памуктің ізденісі туралы деректерді ақтарсаңыз, «бұлай ету мүмкін бе?» деп ойлайсыз. Сізге қиялыңыз­ды ұштап, табандылығыңызды қалыптас­тыру үшін әлдебір коучтың лекциясын тың­даудың керегі жоқ. Ұлы қаламгерлердің бәрінің өмірі мотивацияға толы...

Әдебиет танымал болуды армандайтын­дар­дың жолы емес. Әдебиет майданында ерте танылғандардың бәрі демейік, көбі – уа­қытша танымалдықты малданатындар. Жыл­тыр шығармалардың дәурені қай уа­қыт болса да елден бұрын жүреді. Сізге ерте танылу, елді аузына қарату керек болса, оның жолы қазір өте оңай, тіпті, әдебиетші болудың қажеті шамалы... Ал шын асыл кітап – тұтас жаратылысынан нұр тамған мә­тіндер жинағы. Мәтінсіз дүние жоқ. Сіз қа­зір ақ парақсыз. Осыған дейін таза мә­тіндер санаңызға жазылды. Енді ақ парақ­қа мәтіндер құйылады. Ішінде мәтіні жоқ адам­дар бар. Қате. Кез келген адам – мәтін­дер жиыны. Оның қандай мәтін екенін ішіңіз білсін. Ішінде дұрыс мәтіні жоқ адам­нан аулағырақ жүрген жөн шығар. Болашақта дос таңдар болсаңыз, оған мәтін ретінде қараңыз. Мұның ішінде қандай мәтін бар деп ойлаңыз, сонда болашақ до­сыңыздың кім екенін мөлшерлеуіңе бо­лады. Егер адамды мәтін ретінде елестете ал­саңыз, онда көп дүниені ақтарып, алға баса­сыз, шығармашылықта жаңа белестерге кө­терілуіңіз жеңілдей түседі.  Мәтін – әлем­дегі ең құпия әрі ең қызықты материя. Оны оқымақ ләзім. Оны тудырмақ ләзім. Оның құпиясын игеруге, ашуға құмар болмақ ләзім. 

«Білімсіз тұтқан оразаң да, оқыған на­ма­зың да – тұл». Адам – мәтін дедік. Демек, мә­тінді оқу үшін білім керек. Әдебиет – адам туралы мәтін, демек, мәтін туралы мә­тін. Адамның (кейіпкердің) мінезін, бол­мысын, танымын, түйсігін жазу үшін Сіз­ге білім керек. Өйткені, әдебиеттің мін­деті – Адамның болмысы туралы жырлау. Мәтін ішіндегі мәтінге үңілу. Қазір білім алу оңай, алайда оны ұстап тұру қиын. Оқу оңай, тоқу қиын. Ақпараттың тасқыны. Жаңа технология. Сізге көмектесетін де, ал­даусыратын да ноу-хаулар көп. Солардың сы­рын білмекке, оларды жеңбекке яки игер­мекке ұмтылып, бір өміріңіз өте шығуы да ықтимал. Қаламгер болатын адам әрбір технологиялық жаңалықпен жары­сып өмір сүре алмайды, оған уақыты жоқ. Оның бәрінің құпиясын сезем деп артына ілес­сеңіз, сол ноу-хаулардың тұтқынына түс­кеніңіз. Білім алу – технологиямен жарысу емес, ChatGTP-мен бәсекелесу емес, өзіңе керекті құнды ақпаратты солардың кө­мегімен игеру. Технологиядан бас тарт­паңыз, кері итермеңіз, Хайдеггердің техни­каға қойған сұрағын қайталап қоюдың қажеті жоқ. Тек олардың иіріміне түсіп, мың-сан құпиясын әдебиетпен байланыс­тырам деп әуре-сарсаңға бой алдырмаңыз. Әдебиетшіге жоғары математиканы, нано­технология ілімін, кванттық физика­ның тео­риясын дәлелдейтін физикалық тең­деулерді игеру қажет емес, олар туралы ең негізгі философиялық тұжырымдардан ақпараты болса, жеткілікті. О, онсыз да Сіз оқуға тиіс дүние көп. Одан гөрі мәдениет­тану­ды, тарихты, этнографияны, осы сала­лар­дан өрбіген бүгінгі заманауи ғылым­дарды оқысаңыз, құба-құп. Пәнаралық танымдық еңбектер қашан да ұғымыңызды кеңейтеді, рухыңызды серпілтеді. Гумани­тар­лық ғылым – бүгінгі адамзат үшін ең қажетті ілім. Адамзат технологияны игер­меу­ден кеш қалып, кенде соғып жатқан жоқ (жеке елдер мен халықтарды емес, тұ­тас адамзат өркениетін айтам), керісінше, гуманитарлық білімді кері итеруден жапа шегіп келеді. Адамзатқа «Мен кіммін?» деген сұрақ мәңгі қойылады. Бұл сұраққа жауап іздеуді тоқтатқан күні ақырзаман бо­латын шығар... Философия – «мен кім­мін» сұрағынан өрбиді. Әдебиет те осы сұ­рақ туралы толғанады. Гуманитарлық ғы­лым бұл сұрақтың мәнін терең түсінуге жол ашады. Жаратылыстану да бұл сұрақ­тың түп негізін шешуге ұмтылады. Ғалам­ның шексіздігін білген жан ол неге сонша шексіз деп сұрақ қойып, сонымен уақытын өлтірмейді. Адамның Марсқа, Айға ұшқаны ғаламат, тіпті, Жер шары секілді тағы бір пла­нета тапса да жарасады, дегенмен бұл мы­на заузат ғалам үшін тозаңдай ғана іс-әре­кет. Ғылыми фантастика жанрында кө­лемді шығарма жазамын десеңіз, онда мархабат! Ал адам туралы, оның болмысы, адам болып өмір сүрудің мәні мен мыңда­ған жұмыр басты пенденің тағдыры туралы толғанғыңыз келсе, тым ғылыми бағытты ұстанбағаныңыз жөн-ақ дер едім. Жас қа­лам­гер, Сіздің міндетіңізге кірмейтін жаңа­лықтарға аласұрып, оған ода арнап, қалам­гер болған адам бәрін білуі керек дейтін жа­санды лепеске әуес болмаңыз. Астро­но­мияны аздап оқысаңыз, білген сайын білмейтініңіз көбейе түсеріне көзіңіз жете түседі. Паскалдың шексіздігін қуалап жете алмайсыз. Нейтрон мен электронның мың жылдық құпиясын ашу Сіздің міндетіңіз емес. Молекуланың «мағынасыз» қозға­лы­сына бас қатырғаныңыздан Сізге келер түк пайда жоқ. Құс жолы секілді миллиардтаған жүйе бар екенін ұққан соң, Ғаламның жара­тылысына бас ауыртып қайтпексіз. Мен заманауи жетістіктерге мән бермеңіз деп айтпайтынымды Сіз де түсініп тұрсыз. Менің айтпағым, шын әдебиет – тарих та, философиия да, ғылым да емес, әдебиет – әдебиет! Адамның құдіреті – адам болып жаратылуында. Оның басты құндылығы – Адам болып өмір сүруінде. 

Әдеби орта – жас әдебиетшінің бо­ла­шақ тағдырының көрсеткіші. Сіз­дің ортаңыз – танымыңызды ұштаушы фак­тор. Кіммен немесе кімдермен көп ара­лассаңыз, талғамыңыз да соған қарай қа­лыптанады. Әдебиетшінің саяқ жүруі қиын. Жастыққа албырттық тән. Олар бәрін біліп, көргісі, түсінгісі, сіңіргісі келеді. Әйткенмен, өмір бойы солай жүру мүмкін емес. Тойдың да тарқайтын уақыты болады. Дырдудың да діңкелетер кезі көп. Әдебиетшінің ең жа­қын сырласы – түптің түбінде өзі ғана. Өзімен көп сырласқан адам өзгені де ұғуға мұр­сат табады. Дос көптігімен өлшенбейді, жал­пы, достың көп болуы мүмкін емес. Әде­би ортадағы сырласың да сирей береді. Бірін тағдыр, бірін таным, бірін талғам жы­рақтатады. Ол қалыпты құбылыс. Кей­бір «достарыңыздан» саналы түрде қош­тасуыңызға тура келеді. Сөйткенде ғана, өз әлеміңізді, өз сүрлеуіңізді жасайсыз. Өзімен шын сырласпаған, өзіне шындап үңілмеген жаннан жасампаз шығуы неғайбыл. Жал­ғыздық – Құдайға ғана емес, жасампаздарға да жарасады. Жалғыздық – ізденістің кең өткелі. Әдебиетті топ жасамайды. Дегенмен жас­тық шақта, әлдебір күңгірт кафеде аң­даусызда айтылған ойлар мен тұжырымдар, шынайы сөздер мен оқиғалар шығарма­ларыңыз­дың жетілуіне әсер етуі де мүмкін. Со­лай болды екен деп, егделікке қарай аяң­даған сәтіңізде де сол әңгімемен өмір сүр­сеңіз, шығармаңызда сол әңгімелердің ар­қауында өрілсе, онда өспегеніңіз ғой. Жиыр­ма жыл бұрынғы досыңызбен кезігіп қал­дыңыз делік, ол сол кездегі әңгімесін, сон­дағы көзқарасын тағы қайталап, соны жаңалықтай жарнамалап тұрса ше?.. Онда Сізді онымен жиырма жыл араластырмаған Тәңірге рахмет айтқаныңыз жөн. Асылы, сүл­дері бүгінге жеткенімен, ой-танымы сол күйін­де қалатын, өткеннің иірімінен мал­ты­ғып шыға алмайтын жандар көп. Олар – бар болғаны әдеби персонаждар болуға лайық, дос-сырлас болуға емес. Мұным, бәл­кім, қатал үкім шығар. Десе де, қа­пе­ріңіз­ге салып ойланып көрерсіз... 

Ақпараттық ағынмен бірге өмір сүру қан­шалықты жеңілдегенімен, соншалықты ауырлап та кеткенін түсінерсіз деген үміт­темін. Өнердің ең асылын көруге, тыңдауға, оқуға, зерттетуге мүмкіндік мол-ақ. Әдеби көзқарасы, танымы сәйкес келетін орта құру өте қиын. Сондықтан, әлемдік ақпа­рат­тың игілігін көре біліңіз. Ең мықты сурет­шінің картиналарын көріңіз, ең ерек­ше музыканы тыңдаңыз, ең керемет кино­лар­ды іздеп, тауып, содан ләззат алуға ты­ры­сыңыз. Білмесеңіз, өз айналаңызда жүр­ген өзге өнер саласынан дос табыңыз. Солармен сұхбат құрыңыз. Өз ортаңызды өзіңіз жаратыңыз. Ешкім Сізге шектеу қой­майды, ешкім Сізге бөгет болмайды. Ал ақ­параттың Сіздің өміріңізге бір тиындық пай­дасы жоқ тұтынушысы болсаңыз, өзіңіз­ге де, өнеріңізге де қайыры жоқ дү­ние­ге алдансаңыз, таңдау өз еркіңізде. Мил­лион рет оқысаңыз да пайдасы тимей­тін дүниелер өте көп. 

Шын әдебиетші – ғажап суреткер. Біз «суреткер» деген сөздің қан­дай ғажап ұғым екеніне көп мән бермейміз. Суреткер – адамның сыртқы бейнесін, та­би­ғатты, жаратылыстың барлық құбы­лы­сын суреттеуші емес, шын суреткер – адам баласының ішкі сезімдерін, оның таңда­ны­сын, алқауын, қызығуын, қалауы мен қал­шылын, үрейін, санасындағы жарақатын дета­льдар, қозғалыстар, оқиғалар арқылы бейнелеуші. Суреткер – құрғақ оқиғаны баяндаушы емес, оқиғаға дейінгі оқиғаны, кейіпкерді сол оқиғаға итермелеген әлдебір күшті, энергияны яки дертті көрсете білу­ші. Біз баяндауды суреткерлік деп тамсанып жа­тамыз, егер Сіз суреткер болғыңыз келсе, баяндаушы емес, байымдаушы болыңыз – оқиғаның салдарын ғана емес, себебіне сіл­те­ме жасаңыз және оныңыз ашық мәтін қал­пында жүрмесін, емеуірін, ишаралар, оқыр­манға тастар интригаңыз көп болсын. Суреткер – барлық оқиғаны өзі құрып, оның себеп-салдарын да өзі анықтап беру­ге, оқырманға дайын қорытынды ұсынуға тиіс емес. Егер оқырман оқиға қуып оқып және оның шешуін де туындыдан тауып алса, онда жадағай шығарма жазғаныңыз. Сіз әрқашан осы бір қарапайым ғана дү­ниені ұмытпағаныңыз жөн. Бір қарасаңыз, мұны шығармашылықпен айналысатын адам­ның бәрі білетіндей көрінеді. Шын мәнін­де олай емес екенін айналаңыздағы шығармашыл тұлғалардың туындыларын ақтарсаңыз, тіпті кейде алғашқы сөйлемі­нен-ақ байқайсыз.

Мәтін тығыздығымен құнды. Бос сөз бен босаң қиял, болбыр оқиға – көр­­­­кем шығарманың қас жауы. Кейде бір сөй­лемге сыйғызар дүниеге бір бет арнап жа­тамыз. Өз ойымызды қызықтап, көл-кө­сір сөзді шығын етуге құмармыз. Мәтіндегі ты­ғыздық – уақыт пен кеңістіктің ерекше үй­лесімінен туады. Он бет оқығанда, бір ро­ман оқығандай әсер сыйлайтын мәтіндер бар. 500 беттік романды оқып болғанда, он беттік әңгіменің жүгін көтермейтін, бас-ая­ғын қысқартып, екі минутта әңгімелеп беру­ге болатын дүние екенін түсінетін де кезіміз көп. Мұндай шығармаларды оқып бол­ған соң, өзіңізді аяйсыз. Әсіресе, автор­ды. Есіл уақыт. Күш пен еңбек. Зая кеткен жүйке талшықтары. Еңбек еткен адамды аяй тұрып, еңбегі үшін іштей алғыс та айтар­сыз, бәлкім. 

Дүниеде заманамен бірге құндылық өз­гереді. Бұрынғы құндылықтар, бір кездері адамзат ақыл-парасатының жауһар таны­мы саналған құндылықтар мен көзқарастар уақыт өте келе сол адам баласына қарсы жасалған қылмыс болып шығуы да ғажап емес. Тарихи шығармаларды оқи отырып, «бұрынғылар осылай ойлады ма? Мұндай қатыгездікті қалай ақтап отыр? Осынша ұлтшыл, нәсілшіл болар ма?» деп таң­ғал­масаңыз, онда Сіздің де сол таныммен өмір сүргеніңіз. Сіз, мысалы, өз ұлтыңызды жақ­сы көргеніңіз соншалық, әлдебір басқа ұлтқа іштей өштігіңіз болса; Сіз, мысалы, белгілі бір жерді мақтан тұтып, өзге жер туралы қыңыр пікірге иек артсаңыз; Сіз, мысалы, белгілі бір әлеуметтік (яки, саяси) топты қолдап, сол топқа қарсы көзқарас­тағыларды өлердей жек көрсеңіз; Сіз, мысалы, өз Анаңызды шексіз құрметтеге­ніңізбен, жалпы әйелдің «еркектің қабыр­ғасынан» жаралғанына иланып, соны үнемі ойыңызда сақтап, өзіңізден бір қадам артта жүруін талап етсеңіз; Сіз, мысалы, толерант­ты қоғамды кекесінмен әжуа етіп, макиа­вел­лилік философияның артықтығы ба­рын мадақтасаңыз; Сіз, мысалы, біздің ха­лық­ты басқару үшін авторитар режим ке­рек деп, демократия бізге жараспайды деуге бейім болсаңыз; Сіз, мысалы, хақ дін тек Ислам деп, өзге сенім өкілдеріне өшпенді көзбен қарауды өзіңізге парыз санасаңыз; Сіз, мысалы, «мен бұл жүйені ұнатпаймын, бірақ келісіммен күн кешем» деуді өз прин­ципіңіз деп ұқсаңыз, онда бір нәрсені дұрыс түсінбегеніңіз: Адамды Адам ретінде қабылдауды, бағалауды үйренбегеніңіз... Мұндай кері таным қанша гуманистпін деп өзіңізді алдасаңыз да, шығармаларыңыздан бәрібір көрініп қалады. Бізде дәл осы елек­терге салсаңыз, көптеген шығарма құн­сыз­данар еді. Әрине, өз уақытына қарай жа­зыл­ғаны авторын ақтаса да, кейінгі ұрпақ­қа берер пайдасынан ішкі түзіліміне, ой қағидатына кесірі де тиетін шығармалар көп. Коммунистік жүйені жанын салып қор­ғаған және соны жырлаған қаламгер­лердің томдықтарын сілкісеңіз, көбі «тари­хи парақтар» деңгейінде ғана қалуы кәдік, өйткені, Сізге, айналаңыздағы өзіңіз құрал­пылас жастарға оларды оқудың қажеті жоқ дер едім. Уақыт елегінен өткендері ғана болашақта оқыла бермек. Сізге мынаны айт­қым келеді: Сіз не жазсаңыз да уақыт еле­гінен өтетін, кейінгілер оқыса да адас­пайтын дүние жазуға талпыныс жасаңыз. Әрине, ондай шығарма жазу қашан да қиын.

Көлемді шығарма, мейлі проза, мейлі поэ­зия болсын, қаламгердің қарымын, ой­лау жүйесін, машығын, төзімін, өмір тура­лы танымын айқындайды. Көлемді шы­ғар­ма – буырқанған теңіз секілді, онда мың­да­ған тіршілік иесі күн кешеді. Байқап қара­саңыз, айналаңыз толы кейіпкер екенін, кез келген ұсақ оқиғаның артында ірі сюжеттер жатқанын білу қиын емес. Қа­зір шағын романдар трендте. Жаспын де­меңіз, роман яки поэма жазып көріңіз. Құлаш сермеңіз. Машық жазу арқылы қа­лып­тасады. Бір оқиғаны он қаламгер он түр­лі жазады. Оның түйсінуі, көруі, көз­қарасы, танымы – өз шығармасының өн-бойында тұрады. Сол үшін қаламыңызға серт етіп, жазып көріңіз. Өйткені, жазу – өмір сүру. Жазу – қозғалыс. Жазу – процесс. Жазған адам қиналады, шығармашылықтың бір өткелінен екінші өткеліне жетуге асы­ғады. Жазу процесі – оқу процесі. Жазған адам, көлемді дүниені жазуды мұғдар еткен адам көбірек оқиды. Ол Орханды, Фоссены, Мо Янды, Хан Гаңды оқиды. Бұрын оқыған, қай­талап оқуға асығады. Оқи отырып, жа­за­ды. Толстойды, Достоевскийді, Камюді, Кафканы қайта қарайды. Оқиды, жазады. Бір шығарма жазу үшін жүздеген кітапты ақтаруы мүмкін. Мұндай сәттегі оқу – ең пайдалы оқу үрдісі. Теориялық еңбектерге де үңіліп үлгереді. Фрейдті білмесеңіз, кей­бір психологиялық шешімдерді қате пайым­дап, ойжота лағып кетуіңіз мүмкін. Асы­лы, жас әдебиетші, Сіз оқи жүріп, ізде­не­сіз, іздене жүріп жазасыз, жаза жүріп көп­теген көзқарастан бас тартасыз. Кейіпкеріңізбен сырласқаннан артық ләззат жоқ. Содан артық дос таппайсыз. Сіз­ге айтар кеңесім, кітап сөреңізде мың­даған кітап болуы міндет емес, өзіңізге ша­быт сыйлайтын он кітап болса жеткі­лікті. Ал ол он кітапты іріктеу үшін қанша кі­тап оқитыныңыз тек өзіңізге ғана мәлім. Кі­тап сөреңіз бос тұрмасын.

Мен бұл хатты ақыл айту үшін жаз­ды деп ойламауыңызды сұраймын. Мен Сізге хат жаза отырып, өзіме де хат жаз­дым. «Мен кіммін?» деген сұрақты әлде­не­ше рет өзіме қойып үлгердім. Хатым, әри­не, жүйелі шықпады. Өйткені, жас әде­биетші, Сізге өзімнің ойға алған мына мә­се­лелер туралы жазам деп жоспарлағам жоқ. Осы хатты жазу барысында ойыма кел­гендерін тізіп шықтым десем де болады. Айтпақшы, Сіздің жасыңыз нешеде? 13, 23, бәл­кім, 43-те шығарсыз. Егер Сіздің де ма­ған жазар хатыңыз болса, мен ерекше қуа­нар едім.

Сәлеммен, 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Серіктес жаңалықтары