Бельгиялық әйелге Жәнібекті сатқан фигуранттар анықтала бастады

Қымбат Досжан тосын мәлімдеме жасады.

Бельгиялық әйелге Жәнібекті сатқан фигуранттар анықтала бастады
коллаж: turkystan.kz
6200

Арқалықтық Жәнібек Жұмағұловты шетел азаматына сатуға атсалысқан аудармашы анықталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл жайында анасын іздеген Жәнібек Жұмағұловтың ресми өкілі Қымбат Досжан растады. Осыған байланысты ол әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

«2025 жылдың алғашқы күні бүгін... Жәнібек жаңа жыл мерекесімен құттықтады. «Қазақстанға тағы да мені алдыртыңыз, билет алып беріңізші, жаңа жылды сіздермен қарсы алғым келеді» деп айтқан өтінішіңді орындай алмадым. Уақыт тығыз болды, екіншіден, сені шақырғаныммен қуантатындай жаңалығым жоқ, әзірге... 2024 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі мен ҚР Бас прокуроры атына ресми хат жолдадым. Хатта Жәнібек Жұмағұловты асырап алған бельгиялық жалғызбасты әйел — Валери Савельеваның бала асырап алуға Арқалыққа келгенде *** деген аудармашыға 12 мың АҚШ долларын бергені туралы және ақшаны алған адамның аты-жөні ашық жазылды. 2024 жылдын көктемінде осы мәліметті растап, Валери Савельева асырап алған ұлы Жәнібекке берген видеосұхбатында өз аузымен сол оқиғаны тағы айтты. Валери Савельева Бельгиядан Арқалыққа келгенде, Астана әуежайынан көлікпен екі адамның күтіп алғанын, Арқалыққа сол көлікпен жетіп, аудармашы әйелдің үйіне қонғанын, таңертең 12 мың долларды санап қолына беріп, Балалар үйіне екеуі бірге барғанын ашық айтты. Балалар үйіне барғанда ақша алған әйел: «...бірден Жәнібекті таңдамай, ойланған кейіп танытып, басқа балаларға да қарап, өтірік істеп тұрыныз...» деп үйреткен. В.Савельева оның айтқанын бұлжытпай орындапты. Бұл сұхбаттың түпнұсқасы Жәнібек Жұмағұловта жене Жәнібектің заңды өкілі мен — Қымбат Досжанда», — деп жазды ол.

Сондай-ақ ол халықтың көкейінде жүрген бірнеше сұраққа да жауап бере кеткен.

«Жәнібектің туған шешесі неге табылмай жатыр?» деген жанашыр халыққа айтарым, қателеспесем, сол жылдары босанған әйелдін 54-нен ДНК материал алынды. Жәнібектікімен ешқандай әйелдікі сәйкес келмейді. «Қалган әйелдер қайда, олар неге тапсырмайды?» деген сауал да орынды. Оған келер болсақ, «Ол әйелдерді табу қиынға соғып тұр, шетелге кешіп кетіпті, бізде тергеуші жетіспейді..» деген сыңды түрлі сылтау естимін полициядан. Болжамды әкесі табылды дедім, ол рас. Бірақ ол кісінің өзі бұл өмірде жоқ, туған балалары ДНК анализ тапсырудан бас тартты, бірақ, сол қайтыс болған кісінің туған бауырлары бар, олар да бәрін біліп отыр. Мен тіпті полиция қызметкерімен арнайы барып жолықтым, айғайға басып, өтінішімді тыңдамады. Кезінде осы балаларды шетел азаматтарына ұсынып, долларды санап алғандардың қазір ұйқысы тыныш еместігіне сенімдімін. Бұл оқиғада аудармашы жалғыз фигурант емес. Тергеп-тексеру жұмысы дұрыс, әділ жүрсе, Астанадан жеке көлікен Арқалыққа жеткізгендерден бастап, ресми лауазым атқарғандардың барлығы жауап беруі тиіс. Міне, бір жыл өтті, Жәнібек екеуіміз осындай нәтиже күтіп жүрміз. Осы бір жыл ішінде қаншама әйелдін тағдырымен таныстым. Бірінің де атын атап немесе фото-видеосын жариялап жіберген жоқпын. Өйткені Қазақ медиасына 40 жыл қызмет етіп келе жатқан мен - жауапкершілік дегеннің не екенін білемін. Дәл солай, Валери айтқан аудармашы кім, ол қазір қайда тұрады, бұрын қайда жұмыс істеді, қазір қайда жұмыс істеп, қандай қызмет аткаратынына дейін білемін, Жәнібек те біледі», — деді Қ. Досжан.

Сонымен қатар автор қолда бар мәліметтерді жарияламауға маңызды себеп барын да атап өткен.

«Осы елдің заңына бағынатын азамат және Жәнібектің ресми өкілі болғандықтан, ен бастысы, тергеу ісіне кедергі келтірмейін деп әлеуметтік желіге жарияламай отырмын. Хайп қуған біреу болсам, жайып салып қарап отырмаймын ба? Бала саудасына қатысы барларға айтарым, Жәнібектің шындығын ашыңыздар, маған хабарласыңыздар. Біздің қазіргі басты мақсат — баланың туган шешесін табу. Ал бала саудасына қатысты мәселемен тиісті органдар айналыссын. Жиырма жыл тұрмақ, елу жыл өтсе де, бала саудасының жүгі жеңілдемейді-ay. Қазір Жәнібек Испанияда, қолына түскен жұмыска жегіліп, түрлі салада қызмет етіп жүр. Туа сала туған анасынан, туған жерінен жырақ кеткен ол қиындыққа әбден шыңдалған, иммунитеті мықты, бірақ жадайы онша емес. Күлсе де, әлемнің ең көрікті жеріне саяхаттаса да «Менің шешем кім?» деген сұрақпен өмір сүріп келеді. Баланың кеші солай батады, таңы солай атады», — делінге автордың жазбасында.

Айта кетейік, бұған дейін бельгиялықтар асырап алған Жәнібек Жаңа жылды анасымен қарсы алғысы келетіні жайында жазғанбыз.

 

Серіктес жаңалықтары