«Шанхайдан» «Оскарға» дейін...

Биыл көрерменге ұсынылған отандық фильмдердің ішіндегі үздіктері

«Шанхайдан» «Оскарға» дейін...
944

2024 жылы қазақстандық көркем фильмдердің керуеніне ондаған жаңа туынды қосылды. Біз коммерциялық, арзан әзіл мен жеңіл драмаға құрылған жадағай фильмдерді емес, «Өнер – өнер үшін» принципін негіз еткен (арт-хаус) фильмдер туралы айтып отырмыз. Бүгін жыл қорытындысында көрерменге ой салған, киносыншылардың назарына іліккен бірнеше толықметражды фильмді атап өтуді құп көрдік. Әрине, кино өндірісі бір жылдың еншісімен шектелмейді, оған дайындық ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Биылғы кинолардың ішінде «Шанхай» кинофестивалінен жүлде алған туындыдан бастап, «Оскарға» жол тартқан отандық фильм де бар. Әлемді аралап, талай кинофестивальден олжалы оралғандары да көп. Отандық киноның бағы да, бабы да, кемшілігі мен кері кеткен тұсы да жоқ емес. Дегенмен кинотеатрларда көрсетіліп, көрерменге ұсынылған уақытымен бір жыл ішінде жарыққа шыққан фильмдердің ішінен өзімізге ұнағандарын іріктеп, шағын ойымызды ұсынып отырмыз.

«Талақтың» бағы мен соры

Режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі «Шанхай» кинофестивалінде «Ең үздік фи­льм» номинациясын жеңіп алды. «А» класқа жа­та­тын кинофестивальден жүлде алу­ды қазақ киносы көп жылдан бері арман­дап келді. Кезінде Сергей Двор­­­цевойдың «Ай­ка» фильміне түскен отанда­сы­мыз, акт­ри­са Самал Исламованың Канн фести­ва­лінен «Үздік әйел бейнесі» жүлдесін жеңіп алуы көп­тің қуанышын еселегенін білеміз. Әлем­дегі ең бе­делді кинофестивальде қазақ қызы жүлдегер атан­ды деп қуанғанымыз күні кеше сияқты еді. Биыл «Шанхай» кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» үшін сыйлығын «Талақта» ойнаған актриса Амира Омар иеленді. 
Фильм кинотеатрларда көрсетілгенде, кө­­­­рер­мен­нің пікірі екіге  айырылды. Бір тобы бұл фильм­нің кәсібилігіне, айтпақ ойының өзектілігіне, кадр­лар­дың ерекшелігі мен режиссердің шеберлігіне тән­ті болса, енді бір топ «қазақты қорлау» деп  на­лы­ды. Екінші топ­тың айтар уәжі – кинодағы «алба-жұл­ба киім». «Қазақ бұлай киінбеген, қазақ сон­ша­лық­­ты жабайы, тұрмысы жүдеу болмаған» де­генге саяды. Ал түсіруші топ «бұл ашар­шы­лық пен Қызыл империяның коллектив­тен­діру кезеңін» көрсететін туынды бол­ған­дық­тан, ащы да болса шындықты тас­паладық дей­ді. Ұлт прозасының классигі Бейім­бет Май­линнің шығармалары негізінде («Әже», «Та­лақ» әңгімелері) түсірілген фильм болған­дықтан, оқи­ға желісі өткен ғасырдың 20-30 жылдарын қам­тиды. Ол кезде қазақ екі рет зұлмат күнді – ашар­шы­лықты бастан өткерді. Байлар тоналып, алдын­дағы малынан айы­рылды. Ел ішер ас, киер киімге жары­мағаны тарихтан мәлім. Бұл тұрғыдан қара­саңыз, түсіру­ші ұжымның пікіріне иланасың. Ал екін­ші жағынан қарағанда, аштық болса да, күн­де­лікті киер киімін жамап-жасқап болса да бүтіндеп кию­ге мүмкіндігі болғанын да жа­сыра алмайсың. Көр­кемдік шешім үшін тым әсірелеп көрсеткен тұсы­ның бар екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ фи­льмнің өзе­гі осы екі талас-тартысқа ғана құрыл­ма­ға­нын, айтар ойы өзге екенін ұмытпаған жөн.
Әуелі, бұл қорғансыздық туралы реквием. Ұлт­тың қорғансыздығы. Тұтас бір қауымның қор­ған­сыздығы. Қызыл империя ешкімді аяған жоқ. Олар «жаңа ұлт жасаумен» айна­лыс­ты. Сондағысы, дала­ны мекен еткен көшпелі өркениетті жойып, оларды бір күнде басқа форматқа күштеп енгізуге ұмтылды. Оны сол ұлттың әпербақандарының қо­лы­мен іске асыр­ды. Шын мәнінде, екеуі де қор­ғансыз еді. Әпер­бақандардың қорғансыздығы өздерінің қор­ған­сыздығын түсінбеуінде болса, қараша жұрт өңкей үстем «закон ие­ле­­рінен» қаймықты. Оған қарсы тұ­рар еш амал-айла жоқ еді.
Одан кейін, дәстүрлі отбасының әлеу­меттік фор­маттың өзгерісіне қарсы тұруға қауқар­сыздығы. Алдындағы малынан айырылған әлеумет кім күштінің илеуінде кетуге бар. Бірін-бірі түсін­бей­ді. Байы да, бағ­ланы да дәрменсіз. Олар бұйрықты орын­дай­ды, сәл қиыс жаза басқаны үшін бастарынан әңгіртаяқ кетпейді. Мұндай шақта отбасында құн­дылық күйрейді. Бұрынғы құндылықтар­ды сақ­тайын десе, оған елді кезген пропаганда жар бер­мейді. Бір қарасаңыз, «әйел теңдігін» алдыңғы планға шығарғандай көрінгенімен, шындығында олардың отбасылық ішкі әле­міне қол сұғып, ірітіп отыр. Демек, дәстүрлі құндылық пен отбасы туралы жаңа көзқарас тайталасқа түседі. Теңдікті сылтау еткендер ойына келгенін істейді.
«Талақ» – ұлттық киноның бір олжасы де­­сек бола­ды. Біз фильмнің тұтас сюжетін қам­­тып, оны тал­дауды мақсат тұтпаған­дық­тан, оқырманға аңдат­па ғана пікір беріп отыр­мыз. «Талақты» іздеп көріп, өз пікіріңізді түйе жатарсыз.
Данияр Саламат бұған дейін де «Әкем екеу­міз» се­кіл­ді сүбелі кинокартинасымен елді қуантқан ре­жиссер. Авторлық фильмнің майталманы ретінде аты мәлім режиссер Бейімбет Майлин шығар­ма­ларын болашақта да кино тілінде сөйлетуді мақсат ететінін айт­қан болатын.

Алаңкөңіл баланың жан сыры

Бұған дейін Сергей Дворцевойдың фильм­де­рін­де актер ретінде танылған Асхат Кучин­чере­ков­тің «Бауырына салу» фильмі 2024 жыл­дың ең үз­дік туындысы десек болады. Бұл – ре­жис­сердің алғашқы то­лықметражды фильмі. Қазақстан аты­нан «Ос­кар» сыйлығына ұсынылып, негізгі ті­зім­ге енген фи­льм келер жылы жалпы көрерменге ұсы­нылуы мүм­кін.
Бұл – жасампаз режиссердің алаңкөңіл ба­ланың жан әлемін ақтарған, мұңын мұң­да­ған фильм. Аты ай­­тып тұрғандай, әжесінің бауы­рында өскен ба­ла­ның еш­кімге мұңын ша­ға алмайтын, өзінің күйін тек өзі ғана тү­сінетін, өзінің шерін өзінен басқа жан бала­сы­на ақтара алмайтын халін оператор мен ре­жиссердің көзімен кестелеген ғажап дүние. Тұңғышын ата-әжесі асырап алатын дәстүр қа­зақта бұрыннан бар. Ол дәстүрді әдетте та­лай ғасырлық тәжірибе, өте орынды бауыр­мал­дық, ұлттық һәм отбасылық құндылық деп те қарайтынымыз жасырын емес. Бірақ ата-әжесінің бауырында өскен баланың бәрі ба­қытты болмайтыны түсінікті. Қазір пси­хологиялық травма, бала кездегі жарақат тура­лы психоаналитиктер жиі айтады. Біз жал­ған коучтар, псевдопсихологтар туралы ай­тып отырған жоқпыз, ғылыми практика мен теориядан өткен таза ғылым туралы сөз қоз­ғап отырмыз. Ол туралы Зигмунд Фрейд­тің еңбектерінен бастап, көптеген акаде­мия­лық зерттеу жасалған. Қазақтың тұң­ғыш не­­­­­мересін асырап алу дәстүрін батыстықтар ес­т­ісе таңырқауы да, тіпті, бұларың қиянат қой деп қарсы тұруы да мүмкін. Өйткені бала ата-әжесінің қо­лына өз қалауымен бармайды. Ең әуелі, балаға қа­шан да ата-анасы қымбат.
Психологтардың айтуынша, туған ата-әже­сінің қо­лында өссе де, бала санасында ата-анасына деген ақпарат сақталады. Ондай бала екі ортада алаңкөңіл болып өсуі мүмкін. Өзінің әке-шешесіне жақындайын десе, ата-әжесінен ыңғайсызданады, солардың көңі­ліне келе ме деп қорқады. Ал ата-әжесіне бү­тін­дей бауыр басып, өз әке-шешесін жат са­найын десе, ішін­дегі «Мені» жібермейді. Осы жерден өтірік жек көру, әке-шешесінен әдейі алыс болып көріну процесі бас­талады. Ата-әжесі баланы еркелетеді, өсіреді, бірақ оның жан әлеміне көп жағдайда кереғар әрекет жа­сауы мүмкін: оның таңдауына, ата-ана­сын көруіне шек қойып, өз бауырларына жа­қындаса, «сатқын, өзін табуын қарашы» деп сынап-мінеуі де талай естіген әдепкі жайт. Тіпті, ата-анасымен мүлдем ара­лас­тыр­май, қызғанатын ата-әже де кезігеді. Мұндай қарым-қатынас баланың жан дүниесін түте-түте етпесіне кім ке­піл? Үлкен үйдің бауы­рын­да өскен бала психоло­гиясында «Әке-ше­шем мені жек көреді, сол үшін бере салды» де­ген ой жатуы кәдік. Мұны фильмдегі Ер­сұл­тан­нан да анық байқайсыз. «Мен сендерге ке­рек емес­пін» дейтіні де сондықтан... Әрине, ата-әжесінің бауырын­да өскен баланың бәрі бақытсыз болуы да мүмкін емес. Түрлі жағдай мен орта, отбасы құн­ды­лығы, ата-әже мен әке-шешенің қарым-қатынасы сияқ­ты толып жат­қан факторлармен дені сау, ойы орамды та­лай ұрпақ өсіп-жетілді. Ата-әжесінен көр­ген мейір мен шапағат оларды үлкен қоғамға еркін араласуға жетеледі. Ондай да мысалдар көп. Дегенмен... бұл фильм бүгінгі күн тұр­ғы­сынан осы дәстүр туралы сұрақ қоюға итер­мелейді. Кешегі дәстүрлі отбасылар құраған дәстүрлі қоғамдағы өмір сүру философиясы бү­гінге жарамауы мүмкін. Оны да қаперге алған жөн. 
Дегенмен фильм бұл дәстүрді жоққа шы­ғару үшін түсірілмеген. Баланың жан дү­ние­сін пафоссыз, әсіресіз, шынайы көрсете біл­ген. Ерсұлтан мен әкесі, Ерсұлтан мен анасы, Ерсұлтан мен әжесі арасындағы жылы да шы­найы қарым-қатынасқа сүйсіне отырып, кей сәттерінде күрсінбей тұра алмайсыз. 
Фильмдегі таза, саф өмір бояуы кім-кімге де әсер етеді. Мұн­да қылаудай жасандылық жоқ. Диалогтары да, әре­кеттері де – бәрі күн­делікті өмірдегідей. Өмірді осынша шынайы өнер тіліне айналдыруға болатынын түсіне­сің. Әдетте, ауыл тұрмысын қарабайыр, мә­де­ниет­тен, эти­кадан жырақ қып көрсететін киноларды көргенде, опы­нып та, өкініп те қалуың мүмкін, ал «Бауы­рына салуды» көр­генде шынайы түсіре алса, ауылдағы тұрмыс қара­байыр емес, қарапайым тіршілік оты еке­нін қайта бір бажайлайсың. Өзіңнің алыс­тап кеткен балалық шағың есіңе түседі. Фи­льм кадр­ларын­дағы осынша шынайы өмір аурасымен тыныстағың келеді. Мұндағы әр кейіпкердің бұрыннан осылай өмір сүріп жатқанына иланасың! «Бауырына салу» – сол шыншылдығымен құнды, соны­сымен үздік.   

Әкесін іздеген «Бауырлар»

Жас режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайын­дылар» фильмі – автордың дебюті. Жастарға тән мінезге бай фильм халықаралық кинофестивальдерден бірнеше жүлдеге ие болған. Олденбург фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын алған. Қазір киносыншылар жас ре­жиссердің болашағынан зор үміт күтіп отыр. Өйткені дебюттік жұмысында тем­пе­ра­мент, энергия басым. Актерлік шеберлікпен қа­тар, режиссерлік шешім, операторлық жұ­мыс, камераның магиясы өзара ұштасқан жан­ды дүние. 
Балалар үйінен шыққан Ақжол есімді жі­гіт Дәлен атты өзінің туған інісі бар екенін бі­леді. Мүлдем күтпеген жайт, екеуара қарым-қа­тынас, метафоралық иірімге бай сюжет, әке мен бала, бала мен жаңа орта арасындағы нә­зік те ауыр байланыс көрерменін ширық­ты­рып, жаңа ситуацияларды күттіреді. 
Режиссер Дархан Төлегеновтің өзі болса, бір-бірін көрмеген, мүлдем таныстығы жоқ ағайын­ды балалардың бір анадан туғанын біл­ген сәттегі ішкі жан дүниесіндегі құбы­лыс­тар­ды білуге ұмтылғанын айтады. Бірін-бірі мүл­дем білмейтін екі адам ойламаған жағ­дай­да танысса, бірі ағасы, бірі інісі бар екенін біл­се, бұл жайт бауырларға қандай әсер сый­лай­ды, олардың өмірінде қандай өзгеріс бо­ла­ды? Автор осы мәселенің шешімін кейіп­кер­лер болмысы мен мінезі арқылы ашуды көз­дегенін айтады. Шындығында, өзінің бір ту­ғанын күнде көріп жүрсе де, біртүрлі жат­сы­ну сезімі әр адамның бойында болуы мүм­кін ғой. Ал мүлдем көрмесе ше?
Біздіңше, «Ағайындылар» – бір туғандар­дың тек қан арқылы байланысын ашуды емес, жан, рух байланысының мәнін іздеген туын­ды. Бірі қатқыл, бірі жұмсақ мінез иеле­рі­нің жүріс-тұрысы да, ортаны, айналасын тү­сінуі де бөлек. Өмір сүру дағдылары да өзге. Фи­льмді көріп отырып, көрермен де өзінің ай­наласына зер салмай тұра алмаса керек. Бауыр­дан жақын ешкім жоқ десек те, кейде оның мінезі жаттан бетер жатырқатуы мүм­кін. Алыстағыны жақын тұтсаңыз, сырласа алсаңыз, болмысыңыз бір арнада тоғысса, он­да тұрған түк те жоқ. Ал жақыныңыздан жат­тық көрсеңіз ше?
Бұл – бір қарағанда, әлеуметтік драма. Өз әке­сін іздеген ағайындының ішкі арпалысы. Екін­ші жағынан қарасаңыз, бұл өткеннен қашу, бала кездегі естеліктерді оятып алмауға тырысқан жанның айғайы іспетті. Өмірде із­деген, ізденумен өткен жақсы, бірақ ізде­ге­ніне жеткеннің бәрі бақытты болуы екіталай. Олар әкесін іздеп тапқанымен, әкесі оларды іздемегенін білгендегі ағайындының ішкі күйзелісін экраннан тараған энергия анық сездіреді. Арпалысумен күн кешкен Ақжол да, мейірімге тұнған жүрек иесі Дәлен де осы шақтағы өмірінен гөрі, әкесіне жолықпаған, оны іздеген шақтағы сәттерімен бақытты ма еді дейсіз?..
Ағайынды екеу жолығатын кедергілер, әлеу­меттік теңсіздіктер – кез келген қоғам­ның ішінде шырматылған түйткілдер. Деген­мен фильм әлеуметтік дүниені алдыңғы қа­тар­ға шығармаған. Ашық әлеуметтік теңсіз­дік­ті көрсететін жадағай сюжетке құрыл­ма­ған. Көрермен кино көріп отырғандай емес, өзінің ішкі әлемін оқып отырғандай күй кешеді. Бұл – оператордың шеберлігі. 
Қазақ киносына жас талант келді деуі­міз­ге әбден болады. Оның аты – Дархан Тө­ле­генов. Актерлер құрамы да кілең жастар. Де­бютанттың алғашқы жұмысы көпті тәнті етті. Тіпті, шетелдіктерді де бейжай қалдыр­ған жоқ. Енді алдағы уақытқа зер саламыз. Бірін­ші шығармадан гөрі, екінші шығарманы жазу қиын, әдетте. Бірінші фильмнен гөрі, екін­шісін ойдағыдай түсіру де оңай болмақ емес. Өйткені көпшіліктің назары ауады... 

«Дала қасқыры»

Белгілі режиссер, бұған дейін ондаған фи­льм түсіріп, әлемнің талай елінен жүл­демен оралған Әділхан Ержановтың «Да­ла қасқыры» да өз көрерменін тауып үлгерді. Бель­гияда өткен халық­ара­лық кино­фес­ти­валь­де бас жүлде еншіледі. Ұйымдастырушы­лард­ың өзі тәнті боп: «Әділхан Ержановтың фи­льмін көру бақыты бұйырды. Қазақ ки­но­сының жаңа тынысын сездік. Бізді Әділхан Ер­жановтың әлемі, эстетикасы қызық­ты­ра­ды» деген сыңайда хат жазғанын ақпарат құ­рал­дарынан оқыған болатынбыз. Демек, бұл фильмнің көрерменін өзіне тартар ма­гиясы бар деген сөз.
Әділхан Ержанов символикаға баса мән бе­ретін суреткер. Оның «Үкілі кәмшат», «Сары мы­сық», «Қап-қара адам», «Голиаф» секілді он­­ға жуық туындысы көрерменнің қызы­ғу­шы­лығын тудырған. Алғаш­қы фильмдерінің бірі «Үкілі кәмшаттағы» таңба тілі, симво­ли­ка­лық емеурін, өнердің түрлі жанрларына сіл­теме берген терең ізденісі кейінгі фи­льм­деріне де тән ерекшелік, авторлық жол. 
«Дала қасқыры» – баласын іздеген ана жайын­да өрілген жұмыс. Режиссер қауқарсыз жан­дардың қажырын паш етеді. Әр фи­ль­мін­де айтылатын Қаратастағы оқиғаның тағы бір қыры ашылады. «Голиафта» әйелінен айы­­­­­рылған, тұтас Қаратасты шеңгелдеп ал­ған үстем топпен алысса, мұнда өзінің бота­сын іздеген бозінгендей ана тағы да сол се­кіл­ді ортамен тайталасып, шарқ ұрады. Ба­ла­сы үшін барын салып күреседі. Қаратастағы қатал заңға да мойын­сұнып, олардың ере­же­ле­ріне де көнеді. Әділхан Ержанов Қаратасты жан-жақты ашуға ұмтылыс жасап келеді. Мұндағы Қаратас – тұтас бір жүйе, былыққа бат­қан, іріген, полицейінен тартып, әкімқара, ауыл адамдарына дейін озбыр, өзімшіл, ақыл-естерінің түзу екеніне де күмән бар жазған­дар. Әділхан әр фильмінде Қаратас тұрғын­да­рын әр қырынан көрсетуді жоспармен жү­зеге асырып келе жат­қандай.
Әділхан Ержанов – өз фильмдерінің де­нін өзі қаржыландыратын еңбекқор ре­жис­сер. Ол жылына бір, кей жылдары екі фильм түсіруі мүмкін. «Партизандық кино» өкілі ре­­тінде ол өнерге шексіз беріл­гені үшін де өзі­нен соңғы буынға үлгі.
«Дала қасқыры» – режиссердің шедеврі де­мейміз, бірақ көрер­мен көрсе, көп ой түйері анық. Әділхан Ержановтың кез келген туындысын көрсеңіз, өкінбейсіз. Оның фи­льмдерінде арзан әзіл мүл­дем жоқ десек болады, бірақ ащы юмор бар. Сарказм басым. Тура өзіңді-өзің мазақтап тұрғандай өзгеше күй кешесің. Ол ой­ланту үшін жұмыс істейтін режиссер. Дайын дүние ұсынбайды. Өнердің мағынасы – ой айтудан бұрын ойланту болса керек.

«Дала қасқыры»

Белгілі режиссер, бұған дейін ондаған фи­льм түсіріп, әлемнің талай елінен жүл­демен оралған Әділхан Ержановтың «Да­ла қасқыры» да өз көрерменін тауып үлгерді. Бель­гияда өткен халық­ара­лық кино­фес­ти­валь­де бас жүлде еншіледі. Ұйымдастырушы­лард­ың өзі тәнті боп: «Әділхан Ержановтың фи­льмін көру бақыты бұйырды. Қазақ ки­но­сының жаңа тынысын сездік. Бізді Әділхан Ер­жановтың әлемі, эстетикасы қызық­ты­ра­ды» деген сыңайда хат жазғанын ақпарат құ­рал­дарынан оқыған болатынбыз. Демек, бұл фильмнің көрерменін өзіне тартар ма­гиясы бар деген сөз.
Әділхан Ержанов символикаға баса мән бе­ретін суреткер. Оның «Үкілі кәмшат», «Сары мы­сық», «Қап-қара адам», «Голиаф» секілді он­­ға жуық туындысы көрерменнің қызы­ғу­шы­лығын тудырған. Алғаш­қы фильмдерінің бірі «Үкілі кәмшаттағы» таңба тілі, симво­ли­ка­лық емеурін, өнердің түрлі жанрларына сіл­теме берген терең ізденісі кейінгі фи­льм­деріне де тән ерекшелік, авторлық жол. 
«Дала қасқыры» – баласын іздеген ана жайын­да өрілген жұмыс. Режиссер қауқарсыз жан­дардың қажырын паш етеді. Әр фи­ль­мін­де айтылатын Қаратастағы оқиғаның тағы бір қыры ашылады. «Голиафта» әйелінен айы­­­­­рылған, тұтас Қаратасты шеңгелдеп ал­ған үстем топпен алысса, мұнда өзінің бота­сын іздеген бозінгендей ана тағы да сол се­кіл­ді ортамен тайталасып, шарқ ұрады. Ба­ла­сы үшін барын салып күреседі. Қаратастағы қатал заңға да мойын­сұнып, олардың ере­же­ле­ріне де көнеді. Әділхан Ержанов Қаратасты жан-жақты ашуға ұмтылыс жасап келеді. Мұндағы Қаратас – тұтас бір жүйе, былыққа бат­қан, іріген, полицейінен тартып, әкімқара, ауыл адамдарына дейін озбыр, өзімшіл, ақыл-естерінің түзу екеніне де күмән бар жазған­дар. Әділхан әр фильмінде Қаратас тұрғын­да­рын әр қырынан көрсетуді жоспармен жү­зеге асырып келе жат­қандай.
Әділхан Ержанов – өз фильмдерінің де­нін өзі қаржыландыратын еңбекқор ре­жис­сер. Ол жылына бір, кей жылдары екі фильм түсіруі мүмкін. «Партизандық кино» өкілі ре­­тінде ол өнерге шексіз беріл­гені үшін де өзі­нен соңғы буынға үлгі.
«Дала қасқыры» – режиссердің шедеврі де­мейміз, бірақ көрер­мен көрсе, көп ой түйері анық. Әділхан Ержановтың кез келген туындысын көрсеңіз, өкінбейсіз. Оның фи­льмдерінде арзан әзіл мүл­дем жоқ десек болады, бірақ ащы юмор бар. Сарказм басым. Тура өзіңді-өзің мазақтап тұрғандай өзгеше күй кешесің. Ол ой­ланту үшін жұмыс істейтін режиссер. Дайын дүние ұсынбайды. Өнердің мағынасы – ой айтудан бұрын ойланту болса керек.

Әзірлеген

Т.ӨСКЕНБАЙ
 

Серіктес жаңалықтары