Қарағанды облысында жоғалып кеткен жылқылар мұз басқан көлден табылды
Көлдердің бірінен 47 жылқының өлексесі табылды.
Қарағанды облысында еркін жайылымда жүрген 47 жылқы суға батып кетті.
Қарқаралы ауданының полициясына бір ауылдың тұрғындары өздеріне тиесілі малдың жоғалғаны туралы арызданды. Жоғалған жылқыларды іздеуге полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан құралған еріктілер жұмылдырылды. Шамамен 10 іздестіру тобы құрылып, олар аумақты көліктермен және атпен аралады.
Іздеу шаралары Қарқаралы ауданында ғана емес, облыстың көршілес аудандары мен Павлодар облысының Баянауыл ауданында да жүргізілді. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жылқылар анықталды. Көлдердің бірінен 47 жылқының өлексесі табылды. Жануарлардың иелері өз малдарын таныды.
Алдын ала болжам бойынша түнде далада жүрген табын мұз басқан көлге түсіп кеткен. Мұздың жұқалығы салдарынан жануарлар суға құлаған.
Қарағанды облысының полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малды бақылауда ұстаудың маңыздылығын ескертеді. Малдың қараусыз жайылуы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін: жануарлар ұрлықтың, жол-көлік және басқа да оқиғалардың құрбаны болуы ықтимал.