Достық, татулық, сыйластық: «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты
Елордада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Чэнь Чжоумен кездесті.
Сөз басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүйелі және құрылымдық реформалар жүргізіліп, Әділетті Қазақстан – барлық азамат үшін тең мүмкіндіктер елін құру бағыты қолға алынғанынан хабардар етті. Бұл ретте Президенттің қоғамдық тірегі бола отырып, «АМАNАТ» партиясы еліміздегі барлық саяси реформалардың алғы шебінен көрініп келеді.
Өз кезегінде Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Чэнь Чжоу екі партия арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігі саналатынын атап өтті. Қытайлық әріптестер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің екі ел арасындағы ынтымақтастықың жаңа күн тәртібін ілгерілету мақсатында «AMANAT» партиясымен жұмыс істеуге дайын.
Кездесу соңында тараптар екі партия арасындағы байланыстарды нығайтуға, тиімді тәжірибе алмасуға уағдаласты. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар партиялық оқыту мен партия кадрларын даярлауды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Еске сала кетейік, биыл Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында «Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат партияаралық байланысты күшейтуге, мемлекеттердің достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға, сондай-ақ екі партия арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.