Индер ауданында шаруа қожалығының жұмысшысын қасқыр тістеп алған
Ветеринардың айтуынша, қасқырдың басы облыстық ветеринарлық зертхана тапсырылған.
Атырау облысында шаруа қожалығының жұмысшысына қасқыр шауып, қолын тістеп алған. Ер адам қолынан жарақаттанған, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 19 желтоқсанда Индер ауданындағы Елтай ауылдық округінің аумағында орналасқан Көктөбе қыстағында болған. Мұнда «Бекзат» шаруа қожалығының малшылары қоныстанған.
Ауылдық округ ветеринары Амантай Мұқатовтың дерегіне сүйенсек, қожалық жұмысшысы Болат Сариев малға шөп салу үшін аулаға кірген. Сол кезде оған түз тағысы шапқан.
– Қасқыр Болат Сариевтің қолын тістеп алған. Оның қолында қасқыр тісінің ізі бар. Ол қасқырмен алысқан сәтте інісі Аманжол дереу жеткен. Екеуі қасқырды ұрып өлтірген, -деді Амантай Мұқатов.
Ветеринардың айтуынша, қасқырдың басы облыстық ветеринарлық зертхана тапсырылған. Ал өлексесі санитарлық талапқа сай өртеліп, кейін көмілген.
Түз тағысы тістеген Болат Сариев аудан орталығы – Индербор кентіндегі ауруханада амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Жарақат алған Болат Сариевтің баласы әлеуметтік желіде қасқыр түсірілген видеоны жүктеді.
Оның айтуына қарағанда, екі-үш күн бұрын дәл осындай оқиға Ынтымақ ауылында да болған.