Түркістанның инвестиция тартуға зор әлеуеті бар – Темір Қырықбаев
2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитінде түркі мемлекеттері Түркістан қаласын – түркі әлемінің рухани астанасы ретінде таныды. Бұл көне шаһарға баса көңіл бөлуге түрткі болды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беруді тапсырды.
Қазір Түркістан гүлденіп, ағылған туристер легін қабылдайтын орталыққа айналып келе жатыр. Қаланың туристік әлеуетін одан әрі дамыту, инвестиция тарту үшін заң аясында ауқымды жұмыстар атқару қажет. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алдағы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралмақ. Осыған орай біз аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қырықбаев Темір Базарбайұлымен сұхбаттасқан едік.
– «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы қандай мүмкіндіктерге жол ашады?
– Біріншіден, Заң жобасын қабылдаудағы мақсат пен міндеттерден бастаған дұрыс.
Ең алдымен, Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану. Одан бөлек, қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілерді сақтау – Заң жобасының негізгі қағидаттары.
Мұның барлығы Түркістанды еліміздің рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығына айналдыруға бағытталып отыр.
Осы орайда Түркістан өңірінің орнықты экономикалық өсуі мен инвестициялар тарту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан ерекше мәртебе беру осы әлеуетті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді және қала мен өңірдің көркеюіне оң әсерін тигізеді деп есептеймін.
Сонымен қатар, Түркістан бүгінде туристер үшін тартымды. 2023 жылы қалаға 1,5 миллионнан астам адам келді. Туристік инфрақұрылымды дамыту, қонақүйлер мен мәдени нысандарды салу айтарлықтай инвестицияларды қажет етеді. Ерекше мәртебе мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ауқымды жобаларын іске асыруға, отандық және шетелдік қарым қатынасты дамытуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде алдағы жылдарда туристер легі артып, өңір экономикасына жыл сайын қосымша қаражат әкеледі деген болжам бар.
Бұл заң жобасын қолдау – Түркістан мен бүкіл елдің болашағына салынған инвестиция деп айтуға болады.
– Бұл заң жобасы қалаға көптеп инвестиция тарту мәселесін қамти ма? Болашақта үлкен инвестиция тарту мақсаты көзделген бе?
– Атап кеткенімдей, бұл заң жобасының басты мақсаты мен тұжырымдамасы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріп, оның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуын қамтасыз ете отырып, тарихи мұраны сақтап қалу. Яғни тарихи бірегейлігімізге назар аудара отырып, оның дамуына септігімізді тигізу.
Нәтижесінде, әрине, қала көркейе келе, инвесторлар да тартыла бастайды.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, жыл басынан бері өңірге 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 685 млн долларға жетіп отыр. Яғни өңір басшылығы да орталықтан қаражат сұрап, қолын созып отырған жоқ. Сондықтан қаланың ерекше мәртебесі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикаға қолайлы жағдай жасайды.
Жалпы, Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.
Бүгінгі күні өңірге инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатымен жұмыстар жүргізілуде, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді, оны білемін, көріп жатырмын.
Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар да бар. Олар қаламыздың инвестициялық тартымдылығын арттыруға арналған тиімді механизм. Бұл аймақтарда жұмыс істеу инвесторларға шығындарды азайтып, бизнес жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады деп сенеміз.
– Осы заң жобасы қабылданғаннан кейін Түркістан қалай өзгермек? Алдағы 5-10 жылда біз қандай Түркістанды көре аламыз?
– Түркістанның ерекше мәртебесі туралы Заңның қабылдануы оның өңірдің мәдени, рухани және экономикалық орталығы ретінде орнықты дамуына жағдай жасайды. Ағымдағы деректер мен болжамдарға сүйене отырып, өзгерістердің бірнеше бағыттарын бөліп көрсетуге болады.
1. Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін нығайту
2. Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру
3. Білім беру және мәдени бағдарламаларды кеңейту
5-10 жылдан кейін Түркістан өзінің бірегей мәдени бірегейлігін сақтай отырып, заманауи инфрақұрылымы бар дамыған қала болады деп сенеміз. Ол туристер, инвесторлар мен түркі халықтарының өкілдері үшін тартымдылық орталығына айналады, бұл оның Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да маңызын нығайтады. Барлық өзгерістер жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақ үшін мәдени мұраны сақтауға бағытталған болады.
– Түркістанды нағыз туризм орталығына айналдыру жоспарда бар ма? Соңғы бес жылда ел ішінен және шетелден қанша турист келген?
– Биыл «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» ресми мәртебесі беріліп, бірқатар туристік және мәдени іс-шаралар өткізілді. 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Түркістан қаласына 1 күндік келуші мен туристер саны 953,9 мың адамға жетті.
Түркістан қаласының туризм саласына инвестиция тарту бойынша 2024-2027 жылдар аралығында құны 145,1 млрд.тг. құрайтын 13 жоба іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 955 жаңа жұмыс орны, 398 млн.тг. жылдық салық түсімі күтілуде.
Түркістан қаласында туризм саласын қолдау, өңірдегі қолөнер саласын дамыту мақсатымен қаланың мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынуда.
Сонымен қатар, Түркістан қаласын Әлемнің халықаралық қолөнершілер қаласы ұйымына (WCC International) мүше болу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ қолөнершілерді қолдау мақсатымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасында қала қолөнершілерінің шығындарын субсидиялау қарастырылуда.
Туристік бизнес өкілдерін мемлекеттік қолдау бағытында бірқатар қолдау көзделген. Ол үшін заң жобасында қала төңірегінде туризмді дамыту бойынша жергілікті атқарушы органдарға 10 жаңа құзырет қарастырылып жатыр.
Атап айтар болсақ:
Туристік қызмет объектілерін яғни қонақ үйлерді салу, қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу.
Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу.
Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне яғни автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу.
Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау.
Түркістан қаласында қолөнершілерін қолдау мақсатында Түркістан қаласының аумағында қолөнер саласындағы шеберлер үшін шығындардың бір бөлігін жергілікті бюджеттен субсидиялау қарастырылған.
– Бұл заң жобасы 4 тараудан, 15 баптан тұрады екен. Арасындағы ең ерекше баптарды айта аласыз ба? Айрықша басымдық беріліп отырған мәселелер қандай?
– Заң жобасының негізгі новеллаларын айтатын болсақ келесілерді ерекше айтар едім.
Біріншіден, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру.
Археология ескерткіштерінің резерваты – тарихи-мәдени мұраның ең осал бөлігі ретінде олардың сақталуын, тұтастығын, шынайылығын қамтамасыз ету үшін анықталған археология ескерткіштерінің аумағы.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган археология ескерткіштерінің резерватын құру және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
Екіншіден, Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу.
Үшіншіден, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау.
Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.
Және соңғысы, Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді, мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарды, ауруханалар мен емханаларды салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру.
– Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру және сақтап қалу үшін қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Бұл мәселе уәкілетті органның құзыретіне жатады. Олар тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган археология ескерткіштерінің резерватын құру және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді. Біз өз тарапымыздан жасалып жатқан жұмыстың заңдылығы мен ашықтығына назар аударып отырамыз.
Негізінде археология ескерткіштерінің резерваты ұғымы бұрын болмаған. Еліміздің заңнамасында алғаш рет енгізіп отырмыз. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аударамыз.
– Ерекше қала мәртебесі неге дәл Түркістан қаласына беріліп отыр?
– Түркістан – Қазақстанның көне қалаларының бірі. Бұл қала еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан. Түркістан қаласы қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Орта ғасырларда (ХҮІ – ХҮІІІғғ) ол Орта Азия мен Қыпшақ даласы халықтарының саяси орталығы болған. Беріде Қазақ хандығының ордасы болды. Қасиетті Түркістанды Екінші Мекке» деп атаған.
Түркістан – барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт.
Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды.
Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру.
Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз.
Сол себепті, Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде таныды. Нәтижесінде 2022 жылғы 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында арнайы тапсырма беріліп, бірлескен жұмыстың нәтижесінде осы заң дайындалды.