Ішкі істер министрлігі бейнеролик арқылы ата-аналарға үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды өз балаларының қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады!

Ішкі істер министрлігі бейнеролик арқылы ата-аналарға үндеу жасады
скриншот
194

Ішкі істер министрлігі жасөспірімдер мен жастар арасындағы есірткі қылмысы туралы мәселені көтерген әлеуметтік бейнеролик жариялады, деп хабарлады turkystan.kz сайты Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Бейнежазбада ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов ата-аналарға арнап сөз сөйледі.

«Мен сіздерге ішкі істер органдарының қызметкері ретінде емес, ең алдымен әке ретінде үн қатқым келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда, әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында есірткі қылмысының көбею үрдісі байқалуда. Олар қарапайым отбасының балалары», - деді Әлжанов.

Оның айтуынша, жасөспірімдер көбіне есірткі қылмысына интернет, әлеуметтік желі немесе таныстары арқылы тартылады. Оларға оңай әрі жылдам ақша уәде етіледі, бірақ мұндай жолдың соңы қайғылы жағдайларға ұласатынын бала біле бермейді.

«Кінәні мектептен, интернеттен немесе айналамыздағы адамдардан іздеуге бейімбіз. Бірақ бәрі үйден басталатынын мойындауымыз керек», – деп атап өтті Әлжанов.

Ол ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге шақырды.

«Егер бала өзіне қызықтырған сұрағына үйден жауап таба алмаса, оны көшеден іздейді. Біз бірге олардың болашағын қауіпсіз әрі бақытты ете аламыз», – деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары