Қытайдан әлемдегі ең ірі алтын кен орны табылды

Қытайдан әлемдегі ең ірі алтын кен орны табылды
сурет: istockphoto.com
551

Қытайдың орталығында жалпы құны 83 миллиард АҚШ долларына бағаланатын жоғары сапалы алтын кені анықталды.

Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Хунань провинциясының солтүстік-шығысындағы Пинцзян ауданында 40 алтын тамыры табылған. Бұл тамырлардың шамамен 2 километр тереңдікте орналасқаны және 300 тонна алтынды қамтитыны анықталған. Сонымен қатар, 3D модельдеу нәтижелері бойынша, алтын қорларының қосымша көлемі 3 километрге дейінгі тереңдікте болуы мүмкін деген болжам бар.

Бұл кен орнының жалпы қоры 1000 метрлік тонна алтын немесе шамамен 1100 АҚШ тоннасы деп бағалануда. Бұл оны Оңтүстік Африкадағы әйгілі South Deep кен орнынан да ауқымды етеді. South Deep кен орнында 900 метрлік тонна алтын бар деп есептелген еді.

Хунань провинциясының геологиялық бюросы бұл алтын кені жайлы жариялай отырып, көптеген бұрғылау үлгілерінде көзге көрінетін алтынның анықталғанын мәлімдеді. Бюроның өкілі Чэнь Жулиньнің айтуынша, алынған рудалардың әрбір метрлік тоннасы 138 грамм алтынға дейін болуы мүмкін, бұл жер астынан өндірілетін рудалар арасында өте жоғары сапа саналады.

Қазіргі уақытта Қытай әлемдік алтын нарығында көшбасшы болып табылады. Елдің жалпы қоры 2024 жылдың басында 2000 тоннадан асады деп бағалануда, ал оның өндірісі әлемдік алтын өндірудің 10 пайызын құрайды.

Жер астынан табылатын алтынның жаңа қорлары туралы мәліметтер ғаламдық сұраныс өскен сайын алтын бағасының өсуіне ықпал етуде. Алайда сарапшылар алтын өндірісінің ең жоғарғы деңгейіне жеттік пе деген сұрақ төңірегінде пікірталасуда.

Алтын — ғарышта жұлдыздардың жарылуынан пайда болып, Жер бетінде миллиардтаған жылдар бойы қалыптасатын шектеулі ресурс. Дегенмен, Хунань провинциясында табылған жаңа қорлар экономикалық тұрғыдан тиімді алтын қорларының сарқылмағанын дәлелдейді. Ғалымдардың айтуынша, бұл аймақтың жер асты резервтері күткеннен де ауқымды болуы мүмкін, бұл жаңалықты «айдаһардың алтыны» деп те атауға болады.

Серіктес жаңалықтары