Интернатта бірге оқыған балалардың арманын орындаған Сәлімхан

Күніне бір жақсылық жасасам, күнімнің бекер өтпегені.

Интернатта бірге оқыған балалардың арманын орындаған Сәлімхан
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
690

Арамызда мүмкіндігі шектеулі болса да, жанкештілік танытып, көп шаруа атқарып жүргендер жетерлік. Әрі олар қоғамдық істерге белсенді араласып, түрлі жиында өзекті мәселелерді ортаға салып жүреді. Сондай замандастың бірі – Сәбитов Сәлімхан Жанатұлы. Ол ­– Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған автомектеп директоры.

«Сыныптастарым мектепке шанамен апаратын»

«1991 жылы Ақмола облысы, Көкшетау қаласында дүниеге келдім. Немеренің үлкені болғандықтан қазақ дәстүрі бойынша ата-әжемнің қолында өстім. Туғаннан екі аяғымды баса алмаппын. Әжем күн сайын аяғымды уқалап, массаж жасап, соның арқасында жүре бастадым. Атам көп нәрсе үйретті. Атам мен интернаттағы ұстаздарымның арқасында көп нәрсеге икемді болып өстім. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Егінді-ағаш ауылында (Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Сырымбет ауылының қасында) бірінші сыныпты тәмамдадым.  Сыныптастарым қыста мектепке дейін шанамен апарып жүретіні әлі есімде. Сол достарыма ризамын. Петропавл қаласындағы №13 орта мектепте, Шәміл Шақшақбаев атындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернатта оқыдым. Ол Қазақстан Республикасы бойынша ең алғашқы инклюзивтік интернат болатын. Отбасымызда бес ағайындымыз. Екі інім, екі қарындасым бар. Анам – әлеуметтік қызметкер. Жалғыз қалған қарттарға көмектеседі. Әкем 20 жылдай БАҚ саласында жұмыс істеді. «Айыртау таңы» аудандық газетінде, «Қазақстан-Петропавл» облыстық телеарнасында қызмет етті. Бала күнімнен әке жолын қуып, журналист болуды армандадым. Әкем басында мені аяп, қарсы болған. Кейін келісімін берді. Сөйтіп, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне журналистің оқуына грантқа түстім», –  дейді кейіпкеріміз.

Сәлімхан бала күнінен белсенді болған. Мектепте де, студент кезінде де қоғамдық істерден қалыс қалмаған. «Шаңырақ» студенттік театрының актері, пікірсайыс, шахмат, тоғызқұмалақ, ping-pong турнирлерінің белсенді қатысушысы болған. Еңбек жолын қалалық мәдениет үйінде референт болып бастаған ол бүгінде «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде жұмыс істейді. Бұл жұмыстан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау үшін қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған.

«Күніне бір жақсылық жасасам, күнімнің бекер өтпегені»

«Атамның: «Күніңді құр өткізбе, ол күнді қайтара алмайсың. Жақсы іс жасап отыр», – деген сөзі есімде. Атамның сол сөзі итермелейтін шығар, күніне бір жақсылық жасасам күнімнің бекер өтпегені деп білемін. 2013 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық бірлестік аштық. Оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен құқығы туралы ақпарат жеткізіп, әлеуметтік маңызы бар әртүрлі форматтағы іс-шаралар (турнирлер, байқаулар, концерттер, мастер-класстар) ұйымдастырып отырдық. Әрине, біріншіден, бұл іс өзіме ұнайды. Екіншіден, мені қоғамдық мәселелер, атап айтқанда қаламыздың дамуы, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, экология, нашақорлық, лудомания алаңдатады. Сол себепті қоғамдық істерге белсене араласамын», –  дейді өзі.

Сәлімхан Жанатұлы 2018 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, «Равная дорога» көлік жүргізу мектебін де ашқан. Бұл мектеп бастапқыда 23 түлек оқытып шығарған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жеті адам бар. Төртеуі кейін көлік сатып алып, өздерінің тұрмыстық мәселелерін шешіп, күні бүгін қосымша табыс тауып жүр. Бұл – Сәлімханмен интернатта бірге оқыған балалардың арманы болыпты. Сондықтан ол оны жүзеге асыруды мақсат санаған. Алайда соңғы үш жылдағы пандемия, су тасқыны сияқты еліміздегі қиын жағдайларға байланысты қазір автомектеп жұмысы уақытша тоқтап тұр. Дегенмен бұл мектепте оқығысы келетіндер әлі баршылық. Сәлімхан алдағы уақытта басқа қалалардан автомектептің филиалын ашып, жобаны дамытуды жоспарлап отыр.

Сәлімхан – бүгінде сүйікті жар, ардақты әке. Өмірлік жарын да бала күнінде, өзі оқыған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатта жолықтырыпты.

«Келіншегіммен интернатта таныстық. Мен интернатқа 2001 жылы бардым. Ал ол 2004 жылы келді. Бір мектепте, бір университетте оқыдық. Жұбайым университетті педагог-психолог мамандығы бойынша тәмамдады. Қазір өзіміз оқыған мектепте педагог-профориентатор болып қызмет етеді. Балаларға мамандығын таңдауға көмектеседі. Сүйіктім мен тәп-тәтті қызым – менің  мотивациям. Үй салып, ағаш егіп, еліміз мақтанатын бала тәрбиелегім келеді. Бұл менің – басты арманым. Алдымда жүрген ата-анам, ұстаздарым мен қолдау көрсетіп жүрген достарым да ерік-жігерімді шыңдайды, қанаттандырады», –дейді ол.   

 

 

 

Серіктес жаңалықтары