Әскерилердің күнделікті өмірін жасанды интеллект пен анимация арқылы көрсеткім келді – жас сарбаз

/
Әскерилердің күнделікті өмірін жасанды интеллект пен анимация арқылы көрсеткім келді – жас сарбаз
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жасанды интеллект ел өмірінің әр саласына дендеп еніп жатыр. Жақында Астанадағы 5573 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы Айдын Рахимов сарбаздар туралы алғашқы мультфильм әзірлеп шығарды. Анимациялық туындыда «АЛЖИР» музейіне барған сарбаздар мен әскерилердің өмірінен шынайы сәттер бейнеленген. Turkystan.kz сайтының тілшісі жас сарбазға хабарласып, аз-кем тілдескен болатын.

Айдын үшін анимация – тек хобби емес, патриоттық сезім мен рухани құндылықты дәріптейтін құрал. Қаруластары оның жобаларына атсалысып, кейіпкерлерді дыбыстауға, идея ұсынуға көмектессе керек. Ал командирлері сарбаздың шығармашылығын қолдап, мұндай бастамалар әскери рухты көтеріп, ұжымның бірлігін арттыратынын айтады.

«2007 жылы Ақмола облысы, Шортанды ауданында дүниеге келдім. Қазір толық жасым 18-де. Бурабайдағы ауыл балаларын оқытатын IQanat мектебінде оқыдым. Алгебра, тарих, физика пәндерін жақсы көрдім. Биыл көктемде әскер қатарына алындым. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Астана қаласындағы №1 жедел мақсаттағы бригадасы, «Құрмет қарауыл» жеке ротасының сарбазымын. Отан алдындағы борышымды өтегеннен кейін «Дипломатия және халықаралық қатынастар» мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Анимацияға қызығушылық бала кезімнен бар, хобби ретінде айналысатынмын. Комикстерге қызығып, оқып, өзім де ойдан құрастырып, альбом жинап жүретінмін. Әскерге келгеннен кейін сарбаз өмірінде күнделікті қызықты сәттер, түрлі оқиғалар болатынын байқадым. Сол сәттерді альбомға салып, сызып, кейін оны ноутбукке түсіре бастадым. Әскердің күнделікті осындай бір сәтін алып, анимациялық қалыпқа салғым келді. Сөйтіп жүргенде Презиентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының  жасанды интеллект туралы Жолдауы халыққа жол тартты. Сол Жолдау менің бұл іске шындап кірісуіме түрткі болды. Жасанды интеллектіні әскерилердің өміріне енгізіп, жақсы бір дүние жасап шығарғым келді», – дейді жас сарбаз.

Айдынның айтуынша, әскери бөлімнің басшылығы оның бұл бастамасына қолдау білдірген.

«Күнде таңғы алтыда тұрамыз. Таңғы жаттығудан кейін саппен рота болып таңғы асқа барамыз. Одан кейін әскери жаттығулар басталады. «Құрмет қарауыл» ротасы болғандықтан бізде мылтық айналдыруға ерекше көңіл бөлінеді. Түскі асқа дейін сонымен айналысамыз. Түскі астан кейін тағы да жаттығамыз. Кешкі жетіде кешкі асымызды ішіп, тоғызда ұйқыға жатамыз. Түскі ас пен кешкі астан кейін бір сағат бос уақытымыз болады. Сенбі-жексенбі демаламыз. Осындай уақытта шығармашылықпен шұғылдануға мүмкіндігіміз бар. Әркім өзі қызығушылығымен айналысады. Түрлі аппаратымыз бар. Біреулер дыбыс жазады, енді біреулер ән айтып, кейбіреулері шахмат пен дойбы ойнайды. Басшылық тарапынан толықтай қолдау бар, жан-жақты көмек көрсетеді. Осы мультфильмді әзірлеп шығаруға бір айға жуық уақыт кетті. Оны ең алдымен рота командирлеріне көрсеттім. Барлығы мені бір ауыздан қолдай кетті. Бұл мені одан бетер жақсы туынды жасауға шабыттандырды. Мультфильм әуелі өзіміздің бөлімнің сарбаздарына көрсетілді. Сосын басқа бөлімдерге жібердік. Кейін қазақстандықтардың патриотизмін, рухын көтеру мақсатында YouTube-қа жүктедік. Біз үнемі түрлі сапарға шығамыз ғой. Алдағы уақытта сондай сәттерді анимация түрінде көрсеткім келеді», – дейді сарбар сөз соңында.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары