9 желтоқсанда магистратураның грант конкурсына құжат қабылдау басталады

Болашақ магистранттар құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.

9 желтоқсанда магистратураның грант конкурсына құжат қабылдау басталады
istockphoto.com
Автор
Админ
84

9 желтоқсанда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады. Ол 13 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 10 мыңға жуық адам тапсырды. Олардың 32%-ы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 71 балл, бейіндік бағыт бойынша 24 балл. Ең жоғары балл – 135.

Тестілеу қорытындысы бойынша 38 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 25 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 12 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Сондай-ақ тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 1 адамның балы жойылды. Бөгде тұлға анықталған жоқ.

Республикалық апелляциялық комиссияға 5,5 мың өтініш, оның ішінде мазмұны бойынша 5,1 мың, техникалық себептерге байланысты 344 өтініш түсті. Апелляциялық комиссияның шешімімен 54 бірегей тест тапсырмасы қанағаттандырылды: мазмұны бойынша – 44, техникалық себептерге байланысты – 10 тапсырма.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 9-13 желтоқсан аралығында ЖОО-ның қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни болашақ магистранттар құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады.

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.

Магистратураға түсушілер 4 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 25 желтоқсанға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Болашақ магистранттардың оқуға қабылдануы 26 желтоқсан мен 2025 жылдың 10 қаңтары аралығында жүргізіледі.

Серіктес жаңалықтары