Шымкентте 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады
Аймақта жалпы көлемі шамамен 166 млрд теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады.
Шымкентте биыл 438 гектар аумақта 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты.
Қала әкімінің ақпаратынша, биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сі іске қосылып, 67,1 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
«Оның ішіндегі ірі жоба: Трансұлттық «COCA-COLA» компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру жобасы. Құны 27 млрд теңге, қуаттылығы жылына 262 млн литр дайын өнім шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орындары ашылды. Келесі, «Wan Sheng Ceramic» компаниясы салған керамикалық тақтайшалар өндіру заводы жылына 13 млн шаршы метр тақтайшалар өндіреді. Құны 25,5 млрд теңге, ашылған жұмыс орны 350 адамды қамтиды. Келесі жылы екінші кезеңі құрылысын бастап, жылына қосымша 12,5 миллион шаршы метр тақтайшалар өндіру жоспарлануда. Оның құны 12 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны шамамен 300 адамды қамтиды», – деді қала әкімі.
Өнеркәсіп саласында индустриялық аймақтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қалаға деген бизнес өкілдерінің қызығушылығы мен сенімін білдіреді. Қазіргі таңда 438 гектарды құрайтын жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылды. Біріншісі – «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Бұл аймақты құру жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл толықтай іске қосылды. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланған.
Аймақта жалпы көлемі шамамен 166 млрд теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады. Екіншісі, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы. Мұнда құны 44 млрд теңгені құрайтын 2 мыңнан астам жұмыс орнымен 25 жоба іске асады.
«Осылайша бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың саны 7-ге жетті. Бұл аймақтарда 293 жобаны іске асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылып, қала экономикасына 225 млрд теңге инвестиция құйылды. Мегаполистің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 5 өндіріс аймақтарын құру және кеңейту жұмыстарын қолға алдық. Оның ішінде, 2 индустриялық аймақтың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Оңтүстік өңірінде барлық тауарларды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құруды тапсырған болатын. Осы мақсатта қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстарын бастадық», – деді шаһар басшысы.
Аймақ өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бизнес пен сауда үшін жаңа мүмкіндік береді. Екіншісі, «Стандарт» жеке индустриялық аймағы. Мұнда дайын өндірістік алаңдармен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы өндіріс алаңдары салынады. Бұл индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді.
Өңірдің экономикасын көтеру үшін инвесторларға жағдай жасау маңызды екені белгілі. Биылдан бастап инвестиция тарту жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында, қала аумағында «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдейтін «Shymkent Invest» фронт-офисінің жұмысына біраз өзгерістер енгізіліп, жандандырылды. Онда инвесторларға бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап жобаны іске асыруға дейін қажетті барлық рұқсат беру құжатын сүйемелдейтін 2 мыңға жуық қызмет көрсетіледі. Инвесторларды қолдау нәтижесінде, тартылған инвестиция көлемі 536 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артты.
Үкіметтің 2028 - жылға дейінгі бекітілген жоспарына сәйкес, қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгіннің өзінде 2,7 трлн теңге болатын 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Оның ішінде Alarko Holding» түрік компаниясымен құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын, елімізде аумағы жағынан ең үлкен 650 гектар жерге заманауи жылыжай кешені құрылысын салу жобасы бар. Оның 500 гектарына жылыжай, қалған 150 гектарға оқу корпусы, қойма, зертхана мен жатақханалар салынады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
«Бүгінгі таңда, инвестиция құны 226 млн АҚШ долларын құрайтын жобаның 1 кезеңіне 208 гектар жер телімі бөлініп, жерді дайындау жұмыстары басталды. Өткен аптада польшалық «Fabe Polska» компаниясымен құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын, 150 гектар аумақта жоғары технологиялы жылыжай салу бойынша келісімге қол қойылды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады», – деді спикер.
«AKSA energy» компаниясымен құны 700 млн АҚШ доллары болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салу. Жобаны іске асыру арқылы қала тұрғындары сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі. Тағы бір ірі жоба «INTERTRANS» компаниясымен 150 млн АҚШ долларына мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы ұнтақталған полипропилен өндіретін завод салу. Жобаны іске асыруға 30 гектар жер телімі бөлінді.