Ауыл шаруашылығы ғылымы неге алға баспай тұр?

Ауыл шаруашылығы ғылымы неге алға баспай тұр?
www.istockphoto.com
1043

Ауыл шаруашылығы ғылымында айтарлықтай мәселе көп.  Маман тапшы, қаржы жеткіліксіз, сәйкесінше сапалы зерттеу жұмыстары саусақпен санарлық. Оған қоса, сол зерттеу нәтижелері өндірісте қолданылып жатқан жоқ.

Сапалы ғылыми негіз – қай сала­ның болсын дамуының басты алғы­шар­ты, берік тіні. Еңбектеніп екшеусіз, зер сала зерттеусіз, жіті жоспарлаусыз ат­қ­арылған жұмыс құмға сіңген сумен тең. Аграрлық ғылым неге алға баспай ке­леді? Кедергілер қандай?

Тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндет

Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лері­­нің бірінші форумында сөйлеген сө­зін­­де Мемлекет басшысы ауыл шар­уа­шы­лығы ғылымын өркендету аса маңыз­ды екеніне жеке тоқталып өт­кен болатын. Президент, сондай-ақ қа­зір дүние жүзі бойынша азық-тү­лік на­рығында бәсеке күшейіп ке­ле жат­қа­нын, соған төтеп беру үшін ғылымды да­мытуға баса мән бер­ген жөн екенін де жетізді. Соның ішін­де тұқым шаруа­шы­лығын жан­дандыру – стратегиялық мін­деттің бірі болуы керек.
Алайда бұл салада түйткіл көп. Бір ға­на мысал –  қазір картоп пен қант қы­­­зылшасы бойынша отандық тұқым­ның үлесі  10  пайызға да жетпейді. Бұл рет­те, Үкіметке диқандарды елімізде өн­дірілген тұқыммен қамтамасыз ету көр­сеткішін 2028 жылға дейін 80 пайыз­ға жеткізу міндеті жүктеліп отыр.
– Биыл дәнді дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту ту­ралы кешенді жоспар қабылданды. Нақ­ты міндеттер қойылды. Үкіметке ди­­қандарды елімізде өндірілген тұ­қым­мен қамтамасыз етуді тапсыра­мын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайыз­ға жеткізу қажет, – деді Прези­дент.
Ал сапасы жоғары тұқым үлесін кем дегенде 15 пайызға жеткізу керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерт­теген жөн екені де айтылды. Сон­дай-ақ Мемлекет басшысы жақында француз кәсіпкерлерін осы саладағы инвестициялық жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырғанын жеткізді.

Жылқы шаруашылығы институты құрылмақ

Мал шаруашылығында да асыл тұ­қым­­ды мал басын көбейтуге баса мән берілуі керек. Осыған байланысты елі­мізде жылқы шаруашылығы институты құрылмақ. 
– Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайыз­ға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқы­ның 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондық­тан мал тұқымын асылдандыру жұмысына ба­са мән берген жөн, – деді Мемлекет бас­­­­шысы форумда сөйлеген сөзінде. 
Қазақстанда бірнеше жылқы тұқымы өсіріледі, олардың ішінде қазақ халқының та­рихымен тығыз байланысты жабы жыл­қы­сының орны айрықша. Уақыт өте келе оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұ­қым­дары қосылды. Әр тұқымның өзіндік ерек­шелігі бар.
– Мен бұған дейін Адай жылқысы Маң­ғыс­таудың баға жетпес қазынасы екенін айт­тым. Оны әлемге таныту үшін нақты шара­лар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ре­тінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жо­рығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мық­ты екені белгілі, алайда, жоғалып кету­дің аз-ақ алдында тұр: небәрі 280 бас қалды. Сондықтан жылқының санымен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақ­тау және көбейту үшін арнайы заң қа­былданған болатын. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасалмақ. Институт құру туралы бастаманы сала мамандары көптен бері айтып жүрген болатын. Құзыр­лы органдарға қысқа мерзім ішінде осы мә­селені пысықтап, қаржы көздерін нақ­ты­лау туралы тапсырма берілді.

Су саласын зерттеуге де серпін қажет

Су тапшылығы дүние жүзін алаңдатып отыр. Қазір тіпті ұлттық қауіпсіздік мәсе­ле­сіне айналды десек болады. Сырттан ке­­летін су азайып барады. Сол судың өзін тиім­сіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
Бұған дейін суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек екені, бұл нәтиже ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін 4,5 есе өсіруге ықпал ететіні айтылған еді.
– Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми не­гіз­деме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәсе­ле­лерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу ор­нын анықтаған жөн. Су саласын да­мыту­дың үш жылдық жобасын әзірлеу керек, – деген еді Президент.
Осылайша, елде Су ресурстары және ир­ригация министрлігі құрылды. Бұл сала­да да іргелі ғылыми зерттеулер қажет екені анық байқалады. Дегенмен, ғылымды да­мытуды кенжелетіп тұрған ортақ проб­ле­мелар шешілмейінше, кешенді мәселенің түйіні тарқай қоймайды.

Кері тартқан кедергілер қандай?

Елімізде аграрлық ғылым саласында айтарлықтай мәселе көп. Ең алды­мен, қаржыландыру деңгейі төмен. Бұл зерт­теулердің сапасына және олардың шаруа­шылықтарға енгізілуіне кері әсер етеді. Ғылыми жобалардың көбісі мемлекет гранттарына ғана иек артады.
Екінші – маман тапшылығы. Жас­тар­дың ғылымға қызығушылығы төмен. Се­бебі еңбекақысы аз. Осылайша, аграрлық сек­торда жұмыс істейтін ғалымдардың ор­та­ша жасы өсіп келеді, ал білікті жас ма­мандардың жеткіліксіздігі уақыт өткен сайын анық сезіліп отыр. Мәселен, биыл түлектерге жалпы 62 мыңнан астам грант бөлінсе, соның 2 600-ден астамы ауыл шаруа­шылығы мен биоресурстар ма­ман­дығына қарастырылған. Ал магистратураға бөлінген грант саны – 460, докторантураға – 67.
– Жаңадан келіп жатқан мамандар, өкініш­ке қарай бәсекеге қабілетті емес. Олар­ды бәсекеге қабілетті ету үшін өте көп жұ­мыс істелуге тиіс. Өте көп. Университет дең­гейі емес, мектеп деңгейінен бастау ке­рек. Одан қала берді жүйені дұрыстау ке­рек. Тереңнен бастап жұмыс жүргізілсе, бә­рі оңалар еді. Ал біз қазір тек «мынау дұ­рыс емес» деп, проблемамен, оның салда­ры­мен күресеміз, ал негізінен мәселенің се­бебімен күрескен өнімдірек болар еді. Егер мәселеге шын назар салып, үңілер болсақ, көп нәрсені қазбалап айтып, басын ашу керек болады, – дейді сала сарапшысы Д.Жәлелов.
Ғылым мен өндіріс арасындағы алшақ­тық та – маңызды проблема. Жүргізілген ғылыми зерттеудің нәтижелері өндірісте қолданылып жатқан жоқ. Себебі қаржы жағынан шаруашылықтардың мүмкіндігі шек­теулі, сондай-ақ технологиялық жаңа­лықтарды енгізу дағдысы қалыптаса қой­маған. Ғылыми жұмыстар мен қорғалған еңбектердің сапасы да көп сұрақ тудыруы мүмкін екені жасырын емес.
Материалдық-техникалық базаны жаңар­­ту қажет. Көптеген зерттеу институты мен университеттің зертханалары ескірген. Бұл халықаралық деңгейде бәсекеге қабі­летті зерттеулер жүргізуге кедергі келтіреді.

Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы ғылымының материалдық-техникалық базасы жаңармаған, өткен ғасырдағы деңгейде қалып отыр. Маман да, қаражат та тапшы. Сол себепті тартымсыз болып келді. Енді әлемдегі тұрақсыздық пен сын-қатер алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Осылайша, сала ғылымының қазіргі көшіне ілесу басты қажеттілікке айналмақ.

Серіктес жаңалықтары