Кенттер мемлекеттің қолдауына зәру – депутат
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, шағын қалалардың мәселесін көтерді.
Қаланың, не ауылдың санатында жоқ Кенттер мемлекеттік қолдауға зәру. Кешегісінен бүгіні, бүгінінен ертеңі қиындап бара жатқан Кент тұрғындарының жанайқайына көңіл бөліңіз. Қалалардағы секілді инфрақұрылымы, басқа да өмір сүруге қолайлы мүмкіндіктер жоқ болғандықтан, ауылдардаға тиесілі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдаудан тыс қалғандықтан Кенттерге білікті жас мамандардың келуі өте сирек, – деді Аманжол Әлтай.
Депутаттың айтуынша, соның салдарынан кадр тапшылығы күн сайын күрделеніп барады.
Қалалық типтегі кенттер — тек елді мекендер ғана емес, ондағы өмір сүріп жатқан сан мыңдаған халықтың атамекені, тағдырын тәуекелге байлаған алтын ұясы, бүгіні мен болашағының қастерлі қарашаңырағы. Алайда, осы өңірлердегі халық, өкінішке қарай назардан тыс қалып, «ауылдық вакуумда» өмір сүруге мәжбүр. Қалалық типтегі кенттер өздерінің арнайы аралық мәртебесі жоқтығы салдарынан көптеген мемлекеттік бағдарламалардың қамту аймағынан шеттетілген, бұл жағдай жергілікті тұрғындарды күрделі әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен бетпе-бет қалдырып отыр, – деді депутат.
Қалалық типтегі Кент тұрғындарының басты мәселелерінің бірі – білім беру саласындағы мұғалімдер тапшылығы. Әсіресе химия, биология, физика және математика пәндері бойынша педагог кадрлардың жетіспеушілігі оқушылардың сапалы білім алуына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Денсаулық сақтау саласында да кадр тапшылығы байқалады. Білікті дәрігер мамандардың жетіспеушілігінен халықтың денсаулық деңгейі төмендеп барады.
Қалалық мәртебеге де, ауылдық мәртебеге де толық сәйкес келмегендіктен, бұл аймақтар екі бағыттағы да мемлекеттік қолдау шараларынан шет қалуда. Нәтижесінде жолдар, су және энергиямен қамту, әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі шешімін таппаған басқа да мәселелер тұрғындардың әл-ауқатына кері әсер етіп отыр.
Қалалық типтегі кенттер 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына да енгізілмеген, осы себепті олар қолдау шараларынан тыс қалып отыр. Бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырады. Сондықтан, осы маңызды мәселелерді шешу үшін нақты шаралар ұсынылады:
1. Ұлттық экономика министрлігі қалалық типтегі кенттерге инфрақұрылымдық және экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуі тиіс.
2. Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған аймақтардағы педагогикалық кадр тапшылығын жою, әсіресе STEM пәндері бойынша мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін нақты бағдарлама қажет.
3. Жас мамандарды осы аймақтарға тарту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы ынталандыру тетіктерін қарастыруы қажет.
4. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қалалық типтегі кенттерге заманауи инфрақұрылымдық жобаларды енгізу маңызды.
5. Кенттерге келген жас мамандарды баспанамен қамту мәселелері оң шешімін табуға тиіс, – деді Аманжол Әлтай.