Жеті шелпек таратудың қандай мән-мағынасы бар?
Жұма сайын жеті шелпек пісіріп, көрші-қолаңға таратып жататынымыз бар.
Бірақ оның түпкі мән-мағынасын, маңызын жете түсіне бермейтінімз де рас. Жеті шелпектің адам баласы үшін қандай пайдасы бар? Қалай көмектеседі? Не үшін таратады? Осы сұрақтардың жауабын төмендегі әңгімелерден табасыздар.
Баяғыда бір жолаушы келе жатып, сандық тауып алады. Ашып қараса, ішінде алтын тас жатыр. «Кұдайым жоқ жерден берді ғой» деп шаттанған бейбақ алтынға қолын соза бергенде алтын тас үлкен жыланға айналып, өзіне тап береді.
– Ей, бейшара, не тапсаң да, өз сорыңнан көр. Сандықта жатып мың жыл бойына: «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен қаптаймын», деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін: «Кім де кім құтқаратын болса, соны жұтамын», - деп серт бердім. Сен кезіктің. Енді сертімді орындаймын дейді. Жолаушы шыр-пыр болып жалынса да, жылан көнбейді. Кенет отыз жолаушыны оның көзі шалады. Куанған жолаушы олардан араша сұрайды. Олар жыланнан қорқып:
– Бұл жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпес, деп кетіп қалады.
Жылан жақындай түседі. Бейбақ:
– Өлген жерім осы болды ғой, - дей бергенде, тағы да бес кісінің сұлбасы көрінеді.
Жолаушы: «Құтқар!» - деп жалынады.
– Отыздың шамасы жетпегенде, бізден не күтесің? - деп олар да кетіп қалады.
Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір аласа бойлы адам келе қалады.
– Ей, жылан, мына бейбақтың не жазығы бар? - деп сұрайды.
Жылан мән-жайды баяндап:
– Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда, сен не істей аласың? Жолыңнан қалма, - дейді.
Аласа адам:
– Ей, жылан, жазықсыз жанға жала жаппа. Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен, кішкене сандыққа қалай сыйдың? Көз көрмей, көңіл сенбейді, - дейді.
Жылан бұлқан-талқан ашуланып, сандықтан қалай шықсам, солай сыйып та кетемін, дейді де, түтінге айналып, жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді.
Аласа адам сандықты тарс жауып:
– Жыланнан кұтылдың. Енді жолыңнан қалма, - дейді. Жолаушы қуанып:
– Айлаңды асырдың, батыр. Қарыздармын. Жөніңді айт, кімсің? - дейді.
– Бұл жылан - орынсыз айтқан өз сөзің. Он пәленің тоғызы тілден. Орынсыз сөз иесін табады. Ақылды адам тілін буады. Отыз кісі - ұстамаған оразаң, бес кісі - қаза қылған бес уақыт намазың. Кұлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайран болмады. Бірақ сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей-кепшіктерге садақа бердің. Мен - өзің пісіріп таратқан шелпекпін. Сені құтқаруға Құдай жіберді, - депті. Жолаушының жеті шелпегі өзін бір апаттан құтқарған екен.
Енді бір аңызда жеті шелпектің қауіп-қатерден сақтайтын шарапаты былай баяндалады.
Ертеде бір аңшы болыпты. Ол қыран құсты баулып, саятшылық құрады екен. Аңға шыққанда бірнеше күн жүріп, қанжығасы майланып оралып жүреді. Бір күні ол тағы да тауға кетуге әзірленеді. Құзар шыңға ұя салатын ақиық қыранның балапанын үйіне әкеліп баптауды ойлайды. Сапарға шығатын күні ұйқысынан шошып оянады. Бір бәлені жүрегі сезеді. Әйеліне:
– Мен аңға шыққан мезетте жеті шелпек таратып жібер, - деп тапсырады.
– Жарайды. Айтқаның болсын, - деп әйелі ері аттанған кезде жеті шелпек пісіріп, көршілеріне таратып жібереді. Жұрт: «Қабыл болсын!» - деп, күлше наннан дәм татысады.
Аңшы бұдан бұрын да бүркіттің балапанын алып кетеді екен. Қыран аңшының тағы келерін сезеді. Олжа іздеп кетер кезде ол балапанын тауға аманаттайды:
– Бөгде біреу ұяма тиісіп, балапанымды алып жатса, жартасты жаңғырықтырып хабар берерсің. Оны құздан лақтырып, көздерін ояйын, дейді. Тау бүркіттің өтінішін қабыл алады. Біршама уақыттан соң, қыран ұяға келсе, балапаны жоқ. Ол аңшының алып кеткенін біліп, қатты налиды. Тауға:
– Саған хабар жеткіз деп едім ғой. Балапанымды неге беріп жібердің?-деп ренжиді. Тау:
– Мен саған хабар бергім келген. Бірақ, аңшы балапаныңды алып жатқанда жеті күш жеті жағымнан басып, тырп еткізбеді. Қозғалуға мұршам болмады, деп ақталыпты. Жеті күлшенің шарапаты алып тауды басып, аңшыны бір апаттан сақтапты. «Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз осыдан қалған деседі.
Шелпектің жетеу болуы жайлы аңыз Оңтүстік Қазақстан өңірінде жақсы сақталған.
Қазығұртта өмір кешкен Ысқақ қожа есімді әулие кісі болыпты. Ол ел-жұртын адамгершілікке, арлылыққа, ізгілікке шақырып, зұлымдықтан тыйып отырады екен. Ысқақ қожа дүниеден өткенде, баласы Ысмайыл қожа әкесін жерлеп, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек пісіріп, халыққа таратыпты деседі. Бір күні одан біреу:
– Тақсыр, неліктен жеті күлше таратасыз? Бір күлше берсе болмай ма?- деп сұрапты.
– Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал, бір күлше өз қара басыңа ғана жетеді, - депті.
Садақаға таратылатын күлшенің жетеу болуында да осындай мән бар екен.
Әңгімелер «Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді» кітабынан алынды.