Балабақшада жұмыс істеуден шаршамаймын – тәрбиеші Арман Кәрібайұлы

Жас ұрпақты тәрбиелеп, қоғамды жақсылыққа бағыттағым келеді.

Балабақшада жұмыс істеуден шаршамаймын – тәрбиеші Арман Кәрібайұлы
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Автор
Админ
1183

Балабақшада ер адамның тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргенін елестете аласыз ба? Не көзіміз, не құлағымыз үйренбеген, қабылдауға қиын дүние. Бірақ шөп арасынан ине іздегенмен бірдей болса да, балабақшада бүлдіршіндермен жұмыс істеп, тәрбие мен білімді қатар беріп жүрген азаматтар жетерлік. Олардың бірі – Досмағамбетов Арман Кәрібайұлы. Арман Щучинск қаласындағы «Арман» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығына қарасты «Болашақ» шағын орталығының тәрбиешісі болып жұмыс істейді.

«Балаларды тәрбиелеу оңай емес. Сол үшін барлық ісіңде өзіңе есеп бере алатындай мұқият болуың керек. Болашақты бағамдай алатын көрегенділік қажет. Әр балаға жауап бересің, жалғыз тастауға болмайды. Әрдайым қадағалап отыру керек. Топтағы балаларды  дәретханаға апару, қыз балаларды киіндіру жұмыстарын көмекшім Жанар Қабылқызына тапсырамын. Бұл жұмысқа келгеніме еш өкінбеймін. Балалармен жұмыс істегеннен жүйкем шаршамайды, керісінше мотивация аламын. Еліме пайдам тиіп жатқанына қуанамын. Жас ұрпақты тәрбиелеп, қоғамды жақсылыққа бағыттағым келеді. Ұстаздық ету үлкен абырой және балаларды тәрбиелеу үлкен борыш деп санаймын. Ашық есік күндерін өткізіп, ата-аналарды түрлі іс шараға, семинарларға, тренингтерге қатыстырып отырамын. Достарым да, жақындарым да мені әрдайым қолдайды», – дейді Арман.

Арман Кәрібайұлының ұстаздық жолға келуіне анасы себепші болыпты. Ал балаға деген мейірім-махаббат әжесінен сіңсе керек.

«1979 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлихан ауданы, Сарыадыр ауылында дүниеге келдім. Әкем Кәрібай жылқышы, шопан болған адам. Ал анам қара жұмыс істеді. Отбасымыз қарапайым. Мен үйдің үлкені болғандықтан әжемнің бауырында өстім. Өзімнен кейін бір қарындасым, екі інім бар. Анам мен ұстаз болса екен деп армандапты. Өз арманым дәрігер болу еді. Бірақ анамның дұғасы қабыл болған сияқты. 1996 жылы мектепті бітіріп, ауылда 2 жылдай жұмыс істеп, қалып қойдым. Қиын кезеңдер болатын. Көршіміздің Әлия деген қызы «Арман, сен оқуға түссеңші, бойыңда жақсы қабілеттер бар» деп ақыл-кеңесін айтатын. Сонымен Щучинск қаласының Педагогикалық колледжіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түстім.  2001 жылы дипломымды алып, елге оралдым», – дейді Арман Досмағамбетов.

Арман еңбек жолын Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастайды. Сол ауылда шаңырақ көтеріп, үш қызы өмірге келеді. Ал тәрбиешілік жұмысы 2007 жылы қалаға көшкеннен кейін басталыпты.

«Тілдер орталығында ұстаз болып жұмыс істедім. «Арман» мектептен тыс оқыту-тәрбиелеу орталығына аудармашы болып орналастым. Сол кездері орталықта ерте жастан дамытатын, 4-5 жастағы балаларға арналған студия жұмыс істейтін. Өкінішке қарай тек орысша еді.  Бір күні мұғалімдері келмей қалып, мені сол балалармен жұмыс істей тұруға жіберді. Мен бар ықыласыммен балаларға сабақ беріп шықтым. Сол кезде әріптестерім балалармен жақсы тіл табысатынымды көріп, оң бағасын берді. Сөйтіп орталықтың директоры Айгүл Айтжанқызы студияны қазақ тілінде де ашамыз деп ұсыныс айтты. Мен бірден келістім. «Болашақ» деген атын да өзім ұсындым. Содан бері осы орталықтың тәрбиешісімін», – дейді кейіпкеріміз.

«Тәрбиеші ағай» сабақты көбіне ойын түрінде өткізеді екен. Бастапқыда орысша шүлдірлеп келген балалар осы жерде қазақшаны үйреніп, қазақ мектептеріне барып жатқан көрінеді. «Болашақ» орталығындағы тәрбиешілік жұмысынан бөлек, қоғамдық істерге де белсене араласып тұрады.

«Көпшілікпен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Отбасылық сайыстарға да қатыстық.  Белсенді әке болғандықтан ауданымыздың Әкелер одағының төрағасы етіп сайлады. Қаламыздың мектептерінде Әкелер клубы ашылды. Ол жерде де әкелермен түрлі шара, кездесулер, спорттық жарыстар ұйымдастырамыз. Жақсы әкелер баршылық, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып жатады. Өтірік сөйлемейтін, уәдеге берік, батыл, қамқор әкелер көп болуы керек деп ойлаймын», – дейді ол.

Ұрпақ тәрбиесіне тікелей араласып, балабақшада баланың «іргетасын» қалауға атсалысып жүрген ер-азаматтардың көбейіп жатқаны көңіл қуантады.

Серіктес жаңалықтары