«Бір аяғынан айырылды»: Оралда 15 жастағы қызды тепловоз қағып кеткен

Тепловоз тиесілі компания директоры оқушы қыздың отбасына көмектесуге дайын екенін айтты.

«Бір аяғынан айырылды»: Оралда 15 жастағы қызды тепловоз қағып кеткен
istockphoto.com
280

Орал қаласында тепловоз қағып кеткен 15 жастағы оқушы қыз бір аяғынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz сайты «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай осы жылдың 27 қыркүйегінде болған. Оқушы үйден қалаға қарай бағыт алған. Жалғыз жол теміржол арқылы өткен. Сол жерде ол тепловоз астында қалады. Салдарынан 15 жасар Аруна оң аяғынан, сол аяғындағы бас бармағынан айырылды. Қазір ол әлі ауруханада жатыр.

«Сол күні мен жұмыста болдым. Маған қоңырау шалынып, қызымның тепловоз астына түскені жайлы айтылды. Қызымды көргенде «Аруна, Аруна» деп айқайлай бастадым. Ол ауыр халде деп ойладым. Сол уақытта қызым аяғына қарамауын өтінді. Оның қасында фельдшер көмек көрсетіп отырды. Аруна өзінің аяғын рельстен көтеріп, жанына қойып, күртесімен жауып қойған. Ол осының бәрін өз көзімен көрді», – деді Арунаның анасы Әсия Тукжанова.

Бүгінде дәрігерлер қызды ауруханадан шығаруға дайын. Алайда ол жерде күн сайын пойыздардың дыбысы естіледі әрі үйінде жағдай жасалмаған. Оқушының анасы ауруханада зертханашы болып жұмыс істейді, ал әкесі қарапайым жұмысшы. Арунаның 11 жасар інісі бар.

«Аруна ауыр психологиялық күйзелісте жүр. Оны түсінуге болады. Ол қайтадан өмір сүруді, жүруді үйренуі керек. Енді ол мектепке бара алмайды. Адаптация да оңай өтіп жатқан жоқ, ол бір аяғынсыз тепе-теңдікті сақтауға үйренбеген. Дәрігерлер оның бұл жағдайды қабылдамайынша денесі ауыратынын айтты», – деді оқушының анасы.

Мектеп директоры Ләззат Қастуғанованың сөзінше, бұл темір жол арқылы 50-ге жуық оқушы мектепке барады.

«Мұндай қайғылы оқиға бірінші рет болып отыр. Балалар бұл жолмен мектепке барады. Себебі басқа қауіпсіз жол жоқ. Көпір жөнделген кезде жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақтар жасау туралы ешкім ойланбады. Кейін белгілі болғандай, Арунаға басқа орта мектептің жетінші сынып оқушысы көмектескен. Ол самокатпен өтіп бара жатқанда рельстердің жанындағы қызды көріп, басқа шақыруға бара жатқан жедел жәрдемді тоқтатты», – деді мектеп басшысы.

Оқушылардың ата-аналары бұл темір жолдарда жарық пен бейнекамералар жоқ екенін жеткізді. Бұдан басқа ол маңда қаңғыбас иттер де көп жүретін көрінеді.

Қызды қағып кеткен тепловоз «ВЕСТ ТРАНС СЕРВИС» ЖШС-не тиесілі. Компания директоры оқушы қыздың отбасына көмектесуге дайын екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары