Қарағанды облысында қайғылы жағдай болды
Өрт салдарынан 2 адам қаза тапты
Қарағанды облысындағы Ғабиден Мұстафин ауылында түнде тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан екі адам қаза тапты. Тағы бір адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 6 қарашада түнде Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин ауылында жалпы аумағы 40 шаршы метр болатын жеке тұрғын үйде өрт шыққан.
Облыстық ТЖД мәліметінше, өрт салдарынан 2 адам қаза тапты. Күйік шалып, иіс тиген үй иесін төтенше жағдайлар қызметі мамандары құтқарды. Зардап шеккен азамат ауылдық ауруханаға жатқызылған.
«Тілсіз жау ашық от көзінен шыққан (сөндірілмеген темекі, сіріңке)», — деп түсіндірді Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті өкілдері. Бұған дейін Қарағандыда 2 қабатты жеке монша ғимаратында төбесі мен төбесінің ағаш қаптамалары өртенгені хабарланған едік. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.