Желіде Оралда болған жаппай төбелестің видеосы пайда болды

Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, ұсталған

Желіде Оралда болған жаппай төбелестің видеосы пайда болды
фото: видеодан скриншот
253

Желіде жаппай төбелестің видеосы жарияланды – видеодан таяқпен қаруланған бірнеше ер адам арасындағы төбелесті көруге болады. Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды "Мой город" басылымы.

Басылым мәліметінше, жаппай төбелестің видеосын редакцияға оқырмандар жолдаған. Жанар-жағармай құю бекетінің аумағында таяқпен қаруланған бір топ ер адам төбелескен.

Видеоның басында бір ер адамның бір топ ер адамнан қашып бара жатқанын көруге болады. Сонан соң қуып жеткендердің бірі атыс қарумен қарсыласын екі рет атқанын естиміз. Содан кейін бір топ ер адам бір жігітті ортаға алып таяқпен ұра бастайды.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдай қаладағы түнгі клубтардың бірінде болғанын хабарлады. Олар келушілердің бірін жарақаттаған ер адамды ұстаған.

"Таңғы 5-тер шамасында бір ер адам түнгі клубқа кірмек болған, бірақ ол мас және агрессивті күйде болғандықтан күзетші оны ішке кіргізбеген. Сонан соң ер адам келушілерді және мекеменің күзетшісін пышақпен жарақаттаған. Клубқа келіп отырған бір топ ер адам мен күзет қызметі пышақ ұстаған ер адамды ұстап, полиция қызметкерлері келіп жеткенше соққыға жыққан.

Ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды; ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген ведомство хабарламасында. 

Полиция департаменті өкілдері мекеме күзетшілеріне қатысты да бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті. Олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, ұсталған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары