Өрт қауіпсіздігі маңызды
Астана қаласы Алматы ауданының төтенше жағдайлар басқармасы Алматы ауданының әкімдігімен және Алматы ауданының Полиция басқармасымен бірлесіп, өрт жағдайларының алдын алу мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерде профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Соған орай Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы, 36/2 мекенжайы бойынша тұрғын үйдің профилактикалық іс-шарасы өтті. Онда қызметкерлер өрт қауіпсіздігі бойынша кемшіліктерді анықтай отырып, тұрғын үйді тексерді, сондай-ақ үй тұрғындарымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар табыс етілді.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті көппәтерлі тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу мақсатында қала тұрғындарымен және қызмет көрсететін ұйымдармен тұрақты негізде «Көпқабатты тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі ережелері», «Шатырлы және жертөле үй-жайларына кіруді шектеу», «Тұрғын үйлерде электр жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтау», «Балалардың терезеден құлауының алдын алу» тақырыптарында профилактикалық іс-шаралар мен нұсқаулықтарды тұрақты өткізіп келеді. Алайда атқарылған жұмыстарға қарамастан, өрттің негізгі факторы адам болатындықтан, көппәтерлі тұрғын үйлер жиі өрт құшағына оранды. Мәселен, былтыр 55 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл олардың саны 89-ға жеткен.
Бүгінгі таңда Алматы ауданында 885 көппәтерлі тұрғын үй бар, олар 128 қызмет көрсететін ұйымға (ПИК, ЖШС, ЖК, ТҚК) және 267 МИББ (278 КТК) қызмет көрсетеді.