Футболшы Мбаппе қыз зорлады деп айыпталды
Оқиға Стокгольмдегі Bank қонақ үйінде болған
Швеция прокуратурасы әлемге әйгілі француз футболшысы Килиан Мбаппеге қатысты зорлау ісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz AFP агенттігіне сілтеме жасап.
Дегенмен қазір тергеу барысында күдіктінің аты-жөні ресми түрде аталған жоқ.
Expressen швед басылымының мәліметінше, оқиға Стокгольмдегі Bank қонақ үйінде болған. 12 қазанда TV4 телеарнасы шағымданған әйелдің зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетуге маманданған ауруханаға медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады.
Мбаппе бұл айыптауларды жоққа шығарып, олардың шығу себебін «Пари Сен-Жермен» клубына қарсы басталған сот процестерімен байланыстырды.
Сондай-ақ мадридтік «Реал» шабуылшысы Париж клубының өзіне 55 миллион доллар қарыз екенін, ал әлгі жалған айыптау осы сот процестерінің негізі болуы да мүмкін екенін алға тартты.