Абай университеті әлемнің жетекші ғалымдарымен байланыс нығайтпақ

Абай университеті әлемнің жетекші ғалымдарымен байланыс нығайтпақ
412

Абай атындағы ҚазҰПУ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және педагогикалық тәжірибе алмасу мақсатында Бурса Улудаг университетінің профессоры Салих Чепниді, Трабзон университетінің профессоры Муаммер Чалихты (Түркия) және Окаяма университетінің профессоры Хироки Фуджиді (Жапония) шақырған болатын.

Қазір шетелдік профессорлар университеттің Жаратылыстану және география факультетінің білім алушыларына дәрістер мен семинарлар өткізіп, оқытушылар және жас ғалымдарымен тәжірибе алмасуда.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – педагогикалық тәжірибе мен озық инновациялармен алмасу алаңын құру. Шетелдік ғалымдармен өзара байланыс орнату заманауи білім беру технологияларын енгізуге және жаңа формациядағы бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ықпал етеді. Университеттің бастамасымен ғалымдар Ораз Жандосов атындағы №105 гимназияда болып, университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайта түсті.

Сапар барысында шетелдік профессорлар қазақстандық мектептің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен және ұстаздармен отандық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін талқылап, сондай-ақ оқу үрдісінде қолданылатын инновациялық тәсілдерді зерделеді.

Абай университетінің бастамасы қазақстандық мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне халықаралық сарапшылармен білім және тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік берді. Шетелдік профессорлардың пікірінше, жетекші дамыған елдермен мұндай тәжірибе алмасу кәсіби дамуға ықпал етіп қана қоймай, қатысушылардың көкжиегін кеңейтіп, оларға заманауи білім беру тенденциялары мен тәсілдерін тереңірек түсінуге ықпал етеді.

Мұндай іс-шаралар әртүрлі дамыған елдердің білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете отырып, бірлескен ғылыми және білім беру жобалары үшін жаңа перспективаларға жол ашады. Бұл бастамалар халықаралық байланыстарды нығайтып қана қоймай, жоғары оқу орындары мен мектептердегі білім сапасына оң әсер ететін инновациялық білім беру технологияларын енгізу үшін жағдай жасайды.

Серіктес жаңалықтары