«Аустралияға домбыраны тапсырыспен алдырттым» – Марк Истон
Сіздер бүгінде Аустралия туралы көп дерек білмейсіздер. Себебі бізде расымен сіздердегідей бай мәдениет жоқ. Сіздерде шынымен бай мәдениет бар.
Бүгінде Instagram желісіндегі көпшілік Президент оркестрінің «Рух», «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің «Ер Тұран», HasSak тобының «Аманат» секілді рухты шалқытатын композицияларын жиі қолданады. Кейінгі кезде бұл қатарға «Kazakhstan» туындысы қосылды. Әсіресе, ол бокс кештерінде былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға беттеп келе жатқан кезде жиі қойылатын болды. Көпшілік бұл туындыны қазақстандық сазгердікі деп ойлап жүрсе керек. Ал негізінде оны Аустралияда тұратын музыкант әрі композитор Марк Истон жазған. Жуырда Алматыға келіп, «Almaty» шығармасын жарыққа шығарған Маркке хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Бүгінде АҚШ-та домбыраның үніне елітіп, Қазақстанға арнайы келіп, сабақ алып жүрген америкалық музыканттар жетерлік. Мен сізді дәл солар секілді біздің дәстүрлі өнерге қызыққан америкалық болар десем, Аустралия тумасы екенсіз. Жер шарындағы ең кіші материк тұрғындарының ұлттық аспабымызға осыншалық қызығатынын білмеппіз.
– Мені америкалық деп ойладыңыз ба сонда? (күліп). Мен – Аустралия тумасымын. Аустралияның оңтүстік-шығысында орналасқан, серфингі, жағажайымен танымал Голд-Кост қаласында тұрамын. Ұлттық аспаптарыңызға жай ғана қызығып қоймаймын, қатты қызығамын. Мен – музыкантпын. Ес білгелі музыкамен шұғылданамын. Рок, блюз, панк-рок стиліндегі музыкамен әуестендім. Ал домбыраны қайдан білдің десеңіз, бірде біздегі телеарналардың бірінен көрсетілетін «Аустралия дауысы» шоуын көзім шалды. Әлемдік форматтағы сайыс, ондай бағдарлама сіздерде де бар шығар. Сол кезде моңғолиялық қатысушының өзінің төл аспабын тарта отырып, көрсеткен өнеріне риза болдым. Осылайша, моңғолдардың музыкасына «ғашық» болдым. Оны зерттеп жүргенде домбыраның үніне «тап» болдым. Алғаш оны естіген кезде таң-тамаша болғаным сонша, «Мынау қайдан шығып жатқан әуен?», «Мынау қандай әуен?» деп қайта-қайта тыңдаумен болдым. Домбыраның үні қатты ұнады. Моңғолдардың музыкасы әлі де ұнайды, алайда қазақтардың музыкасы әлдеқайда әуезді, сазды, сарынды. Домбырадан «төгілетін» әсем әуен, адамның тұла бойын шымырлатып, өзгеше күйге енгізетін құдіреті мені бейжай қалдырмады. Осылайша, домбырамен орындалатын әндердің жанкүйеріне айналдым. Сосын 2020 жылы әлемді пандемия жайлаған кезде YouTube-тан қазақ музыкасы туралы деректер іздестіре бастадым.
Сол кезде «Ұлытау», HasSak, «Тұран» секілді қазақстандық топтардың шығармашылығымен таныстым. Оларға хат жазып, идея алмастым. «Ұлытаудың» домбырашысы маған бар ақылын айтып, көп көмегін тигізді. Одан бөлек, тағы басқа дүлдүл домбырашылар туралы көп дерек білдім. Содан соң Алматыда домбыра шертуді онлайн үйрететін маманмен танысып, әлемнің 20 елінен үйренгісі келетіндермен бірге одан бірнеше сабақ алдым. Ол сабақтарда домбыра тартудың негізін жете түсіндім. Содан соң әрі қарай өз бетімен үйренемін деп шештім. Өйткені мен топпен бірге дамуды емес, өз дара жолымды салып, жеке болмысымды қалыптастырғым келді. Ешкімге ұқсағым келмеді. Түрлі стильді жаныма серік етіп жүргендіктен, домбырамен өзгеше дүние әзірлеп шығаруды мақсат еттім. Бүгінде хитке айналған «Kazakhstan» туындысының «құрылымына» зер салған Қазақстандағы көпшілік маған хабарласып, «Сен мұны қалай істедің?» деп сұрайды. Мен батыстың гитара тарту мәдениетіне еліктеп өскен музыкантпын. Менде домбыраның үнін айрықша ететін стиль бар. Әлбетте, домбыра тартуды үйрену маған челленж болды. Себебі мен бұрын-соңды мұндай аспапта ойнап көрмегенмін. Сөйтіп, 3 жыл бұрын алғашқы домбырамды сатып алдым. Күн сайын ойнап, қолымды үйретіп алдым. Тіпті, тоқтамай, ұзақ уақыт шерткен кездерім де болды.
– Ал «Kazakhstan» туындысының Қазақстанда көп тыңдалатынын әлеуметтік желіден білдіңіз бе?
– Иә, ол осы өмірімде құрастырған өзге әуендермен салыстырғанда, ең көп таралған шығарма сол болды. Instagram желісіндегі кеңінен қолданылып жүргенін байқап, қатты таңғалдым. Себебі мен олай болады деп тіпті де ойлағам жоқ. Кейін Қазақстаннан бір бала хабарласып, ол туындымның ұнайтынын айтты. «Сен оны қайдан естідің?» деген едім, «Қазақстанда барлығы осы әуенді тыңдап жүр. Әсіресе, Instagram-дағы жазбаларын сол шығармамен «сүйемелдейді», – деді. Сосын футбол, күрес, теннис жарыстарына, тіпті Miss World Kazakhstan сындарында да жиі қолданылатынын айтты. Мен басында сеніңкіремей, қалжыңдап тұрған болар деп ойладым. Содан соң әлеуметтік желіні ақтарып шықсам, расында түрлі ивентте қойылып жүр екен. Қатты таңырқадым.
– Бір ай бұрын Алматыға келіп кеттіңіз. Ал бірнеше күн бұрын «Almaty» атты туындыңыз жарыққа шықты...
– Иә, Алматыға барып қайттым. Жалпы, Қазақстанды өз көзіммен көргім келді. Адамдар менің музыкамды ұнатып, үнемі тыңдайтын болса, тыңдарманым тұратын ол елге барып, ол елдің қандай ел екенін көруім керек деп ойладым. Мәдениетімен жақын танысқым келді. Қазақстанға бұрын-соңды табаным тимегендіктен, үш күнге барғаным жетер деп ойладым. Бәрі мен ойлағаннан да көңілді өтті. Алматы ұнап қалды. Әсіресе, мейірімге толы адамдарын жақын тарттым. Тиісінше, көп дос таптым. Қаланың біраз көрікті жерін араладым. Көшеде бірнеше рет домбыра тарттым. Сол кезде өтіп бара жатқан көпшілік таңғалып, видеоға түсіріп, алғысты қарша боратты. Музыка адамды жақындастырады ғой. Домбыра орындап тұрғанымда, бәріміздің бір тілде сөйлеп тұрғанымызды сезіндім. Керемет уақыт өткіздім. Үш күннен де артық уақытқа қалуыма болатын еді. Әсіресе, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қатты көргім келген-тін. Алайда Аустралияда бірнеше шоу мен фестиваль өткізуім керек болды. Сөйтіп, амал жоқтықтан елге қайтып кеттім.
– Әлеуметтік желідегі суреттеріңізден Қазақстанның Туы бейнеленген жейдені көп киетініңізді байқадым.
– Ол жейдені Көктөбедегі жейде сататын дүкеннен сатып алғанмын. Алдында Қазақстанның Туы бейнеленген, ал артында I’m big in Kazakhstan деген жазу бар. Ол жейдені қазір Аустралияда тастамай киіп жүрмін. Мұны көрген көпшілік мені есінен адасқан деп ойлайды (күліп). Ал достарым мені «Қазақстан патшасы» деп қалжыңдайды. Себебі олар менің қазақ музыкасына деген сүйіспеншілігімді беске біледі. Әрі мен құр жүрмей, аустралиялықтарға Қазақстанды таныстырып жүрмін. Аустралияда бірнеше қазақ тұрады. Алайда мұндағы көпшілік, қазақ ұлты, Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Сондықтан өзімді Аустралиядағы Қазақстан амбассадоры секілді сезінемін. Мұнда концертте, көшеде қазақ музыкасын көп ойнаймын. Алматыда сатып алған қазақтың дәстүрлі киімдерін фестиваль болғанда үнемі киіп шығамын. Расында, өзімді Аустралиядағы Қазақстанның бейресми амбассадорымын деп есептеймін (күліп). Жоғарыда әр синглге видео жасаймын дедім ғой. Осы жолы Алматыға барған сапарымнан клип әзірлеп шығардым. Алматының әсемдігін көрсеткім келіп, дронмен түсірілген бейнелердің біразын сұрап алдым. Оны көрген Аустралиядағылар «Мына жердің әдемісін-ай!» деп таңғалды. Көп адам қоңырау шалып, «Қазақстан керемет ел екен ғой! Біз де сенің соңыңнан баратын секілдіміз», – деп ағынан жарылды. Осылайша, келесі жылы менімен ере барғысы келетіндердің қатары артты. Осыдан кейін турист агенті болып жұмыс істеуім керек секілді (күліп). Басында көпшілік «Қазақстанға не үшін барғың келеді?» дейтін. Расында, Қазақстан аустралиялықтар барып демалатын жер емес. Сол кезде шынымен не үшін барғым келетінін түсінбейтінмін. Ақырында табаным тиген соң қайта-қайта барғым келетін орынға айналды. Әрі әдепкіде «Не үшін?» дегендер, қазір «Енді түсінікті болды» дейтінді шығарды. Әрі оларға Қазақстанға баруға кеңес беріп, бар білгенімді айтып жүрмін.
– Домбыра үнін естігенге дейін Қазақстан туралы білеріңіз бар ма еді?
– Мен Қазақстан туралы алғаш «Борат» фильмінен білдім. Оған дейін ондай елдің барын еш естімегенмін. Маған ол кино тіпті де ұнаған жоқ. Кейін домбыраға қызыға бастап, интернеттен Қазақстан туралы көп дерек іздестірген шақта әлгі киноның өтірікке құрылғанын аңғардым. Өкініштісі сол, мен секілді осындағы көпшілік те ол елді сол кино арқылы танып-білді. Аустралияда домбыраны таныстырып, «Мына ән – Қазақстандағы музыканттардың шығармасы» деп айтып жатсам, біразы «Борат сипаттаған ел ме?» деп шығады. Оларға «Борат – қазақ емес, шетел азаматы әрі ол кино Қазақстанда түсірілмеген, сенбеңіздер» деп, үнемі түзетіп жүремін. Ойын өзгерту үшін бар білетінімді аянып қалмаймын. Мен үшін бұл – құрмет. Мен қазір альбом жазып жатырмын. Оның ішіне былтыр шыққан хит туындым «Kazakhstan», жуырда жарияланған «Almaty» шығармасын қостым. Қазір үшіншісін жазып жатырмын. Ол бірнеше айдан соң жарық көреді. Қазақстан туралы тұтас альбом шығармақпын. Қазақстанның 10 қаласына 10 ерекше туынды арнаймын деп шештім. Сондықтан ол қалаларға қайтсем де барамын деп белімді бекем буып отырмын. Сосын ол сапарым туралы видео жасап, оны альбом ішіне қосатын боламын. Теңдесі жоқ жоба болатынына сенімім мол. Айтпақшы, Алматыда Ләйлә есімді қобызшыны жолықтырдым. Екеуіміз бірге коллаб жасап, бір туынды әзірлеп шығармақ ойымыз бар. Одан бөлек, бірнеше қазақ музыкантын бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Қалай болатынын алдағы уақытта көреміз. Ләйлаға «Егер бәрі ойдағыдай шықса, сені Аустралияға шақырамын. Менімен бірге фестивальдер мен шоуларға қатысып, өнеріңді біздің жаққа паш ет» дегенмін. Сосын келесі жазда мен Қазақстанға барғанда бірлесіп, концерт ұйымдастырсақ керемет болар еді.
– Жаңа бір сөзіңізде «Домбыра сатып алдым» деп қалдыңыз. Оны Аустралияға тапсырыспен алдырттыңыз ба сонда, әлде?
– Иә. Алғашқы домбырамды eBay желісі арқылы онлайн сатып алдым. Ол арзан құрал әрі сапасы нашар болды. Алматыға барған себебімнің бірі де сол. Әлеуметтік желіде жоғары сападағы домбыра жасайтын бірнеше маманның жұмысын көзім шалып қалды. Олар беріп жібергісі келген еді, алайда мен өзім барып, сатып алғым келді. Қолымнан түспейтін болғасын, жақсы естілетін, сапалы аспап болғанын қаладым. Жалпы, мен музыкалық аспапты онлайн сатып алғанды ұнатпаймын. Көзіммен көріп, қолыммен ұстауым керек. Үнін де естуім керек. Сөйтіп, Алматыда домбыра дүкеніне арнайы барып, сапалысын сатып алдым. Ойлағанымнан да асып түсетін аспап алғаным үшін бақыттымын.
– Репертуарыңызда домбырамен орындайтын қанша туынды бар?
– «Көк ту» шығармасын ойнай аламын. Қазір естігеннің делебесін қоздыратын «Адай» күйін үйреніп жүрмін. Сосын «Ұлытау» тобының «Two Warriors» туындысы қатты ұнайды. Соны да үйренуді қолға алдым. Одан бөлек, HasSak-тың қоржынынан бірнеше туынды үйреніп жүрмін. Содан соң «Тұранның» орындауындағы «Домбыра» туындысын тарта аламын. Олардың ел ішіне таратқан сол нұсқасы қатты ұнады. Мен де солай өз нұсқамдағы туыдыны ойлап табамын. Әуен жазу – жан қалауым. Мен жасөспірім кезімнен бері сахнада жүрмін. Алайда маған бәрінен бұрын әуен жазған ұнайды. Бұл өнердің құдіреті бар. Сен бір аспаппен жай шығарма емес, адамдарды өзара байланыстыратын үлкен дүние жасап шығарасың. Кез келген музыкант я домбырашы сазгер бола алмайды. Саз құрастырудың өзі – биік өнер. Сенің туындыңның тыңдарманға ұмытылмас әсер сыйлайтынын ойласаң, тіпті көп шаруа атқарғың келеді. Келесі жылы Қазақстанның біраз қаласын аралаймын. Шоу жасағым келеді. Оған дейін альбомымды аяқтауым қажет. Алматы туралы туындым шықты. Енді Астанаға арнап, композиция шығарамын. Онда тұратын америкалық досымнан қала туралы дерек сұрағанымда Астананың жаңа, заманауи қала екенін баса айтты. Онда дәстүрлі музыка және хип-хоп пен хэви метал стилін араластырып, туынды шығаруды мақсат еттім.
Мен қазақтың тек музыкасына емес, мәдениетіне де қызығамын. Әсіресе, көшпенділер мәдениеті, соның ішінде бүркітпен аң аулау ісі маған сондай қызық. Домбыра туралы зерттеуімнің соңында елдің тарихы туралы көп оқыдым, көп білдім. Қатты қызықтырған тұсы осы болды. Сіздер бүгінде Аустралия туралы көп дерек білмейсіздер. Себебі бізде расымен сіздердегідей бай мәдениет жоқ. Сіздерде шынымен бай мәдениет бар. Біздегі мәдениет соншалық қызық емес. Екі жүз жыл бұрын бірнеше топ жиналып, осында жан бітіріп, тұрақтауды жөн көрген. Мұндағы тарих Қазақстан тарихы секілді қызық әрі елең ететіндей емес. Қазақстанның тарихы одан әлдеқайда қызығырақ. Әрі аһ дегізетін тұсы көп. Сондай-ақ маған дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарыңыз қатты ұнайды. Мұның бәрін көру, қызықтау – аустралиялықтарға қызық. Сондықтан келесі жылы біздің материктен Қазақстанға саяхаттайтындар саны артады деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ