Жеті санының қасиеті қандай?
Жеті саны қазақта ғана емес, әлем халықтарының барлығында көне дәуірден қасиетті саналады.
Әр халықтың тұрмыс-салтында, дінінде, мифологиясында, мейрамдарында жеті саны белгілі бір символдық ұғымда үнемі қолданылады. Осы орайда біз Зейнеп Ахметованың «Жетілік ұғым» кітабында жеті санының қасиетіне тереңдей жазылған дүниені назарларыңызға ұсынбақпыз.
Алуан түрлі ұлт-халықтардың ойшылдары жетінің құпия сырын тынбай іздеп, зерттеулер жасаған. Айталық, Пифагордың тылсым сандар туралы ілімінде жеті саны жайлы, оның құпия астары жайлы талдап жазылған. Ал Пифагор Иса пайғамбардан 600 жыл бұрын өмір сүрген. Жас кезінде Мысыр жрецтерінен 23 жыл оқып, білім алып, содан кейін ғана еліне оралған. Сандардың тылсым мағынасын ашу өте қажет екенін қазір Батыс Еуропа, Америка ғалымдары мойындап отыр.
Тіпті құдайға сенбейтін социалистік мемлекеттердің ғылымы да амалсыздан бет бұруда. Себебі «сандардың қайталанатын циклдары – кездейсоқтық» деген пікір бұл күнде жалған болып қалған. Жеті – ғарыштық тәртіп, оны айдың жеті циклымен жеті планета анықтайтындығы айтылып жүр. Барлық дінде осы жұлдызды жеті саны құдайдың құдіретімен байланыста екенін айтылады. Көне Мысырда жетілік сан – мәңгі өмірдің белгісі. Байырғы Иранда митра дінінде адам кәмелетке толғанда жеті сыннан міндетті түрде өтетінін көрсетеді.
Үндістанда да Будданың жеті қасиеті ерекше аталады. Үндістер үйленгенде жеті рет отты айналып, жеті тілек тілейді. Иудаизмде жеті мейрам бар. Құдай жаратылысты жеті күнде жаратқан. Исламда дүние – жеті жерден, жеті теңізден, жеті қабат аспаннан тұрады, пейіштің жеті қақпасы, тозақтың жеті сатысы бар, қажылыққа барғанда Қағбаны жеті рет айналады делінеді. Көне грек дәуірінде олардың Аполон құдайы айдың жетінші күні дүниеге келгенін, оның музыка аспабы – арфаның жеті ішекті екені айтылады. Біздің эрадан 2500 жыл бұрын өмір сүрген Шумер мемлекетінің ұлы патшасы Лугуланиемунд Адаба қаласында әйел құдайы Нинтуға арнап храм салған.
Ол храмның жеті қақпасы, жеті есігі болған. Храм ашылғанда оны жеті рет адыраспанмен аластап, жеті бұқа, жеті қой құрбандық шалған. Парсыларда жеті шайтанға қарсы тұратын жеті періште бар және рухани таза жандардың жеті панасы бар, ал тозақ жеті қабат жердің астындағы әлемде екенін айтады. Арабтардың көне аңыздарында «жеті періште күнді қармен, мұзбен суытып тұрады, әйтпесе жер өртеніп кетеді, жеті мың періште азанда күнді қараңғы түнектен күш салып шығарады» делінген.
Жетімен байланысты неше түрлі таным-наным ұғымдар барлық халықтарда осылай көптеп кездеседі. Әңгіме – аңыздарда емес, жеті санының барлық елдерде жиі қайталануында. Біздің қазақта да жетілік ұғым молынан ұшырасады. Діндердің барлығында «жеті қат көк» деген түсінік бар, яғни жеті саны жеті планетамен тылсым байланыста. Жеті саны ғарыштық планеталардан туған сан екеніне көне замандарда-ақ күмәнданбаған. Жұлдыздарды космос әлемінің көзі де, күші де деп есептеген. «Жеті – рухани әлемнің саны және Жаратушы иенің дүние сырларын ашуға берген кілті әрі жетілік уақыт пен кеңістікті басқарушы күш» делінген.
Осыдан үш мың жыл бұрын Вавилон абыздары жеті күндік аптаны ойлап шығарған екен. Олар «әр күнді бір құдай басқарады» деп ұққан. Құдай дегендері – планеталар. Вавилонша Күн құдайы - Шамаш, Ай құдайы – Син, аспан – Шамму. Ал Шамме деген – планета. Сонымен күндер аспан шырақтарының атымен аталған. Бірінші күн – Шамаш, яғни Күн күні, екінші күн – Ай, ары қарай Марс күні, Меркурий күні, Юпитер күні, Венера күні, Сатурн күні. Абыздар шығарған осы ұғым дүниежүзінің көптеген халықтарына тарап, салтқа айналып, күнделікті қолданыс тіліне енген. Санскрит тілі мен көне парсы тілдерінде бір – ека, екі – ду, үш – срғи, төрт – шар, бес – нандж, алты – алтан. Міне, осыдан келіп, екішамму – жексенбі, душамму – дүйсенбі, срғишамму – сейсенбі, шаршамму – сәрсенбі, паджшамму – бейсенбі, алтаншамму – жұма, бәрінің жиынтығы шамму – сенбі шыққан. Шамму деген аспан екен. Үндістандағы хиндитілділер күн аттарын қазірдің өзінде жеті планетаның атымен атайды.
Ал астрономия ғылымында аспанды жеті қабатқа бөледі. Атмосфера, тропосфера, стратосфера, мезосфера, термосфера, экзосфера, ионосфера. Ғылыми дәлел бойынша, жетінші қабат – ионосферадан бірде-бір тірі организм ары өте алмайды екен. Ар жағы адамзатқа құпия, тек Жаратушы біледі оны. Жалпы жеті санымен байланысты бүкіл адамдарға ортақ нәрселер бар.
Соның бірі жаратылыспен бірге келген жеті бояу, яғни жеті түс: ақ, қара, қызыл, жасыл, көк, сары, қоңыр. Ал қалған түстер – осылардың арасындағы жеті түстен туындайтын әртүрлі реңдер.
Көне дәуірде тәуелсіз жеті өнер: грамматика, арифметика, геометрия, астрономия, логика, музыка, риторика.