Жошы ұлысын ұлықтау жорығы

Жошы ұлысын ұлықтау жорығы
350

Қарағанды облысында Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай 2024 жылдың 20 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында «Талас-Ұлытау-Сарайшық» атты республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап айтқандай, «Алты ғасыр бойы жошылықтар Орталық Еуразия тағдырында шешуші рөл атқарды, кең аумақта біртұтас өркениеттік қауымдастық құруға ұмтылды. Жошы Ұлысы Рим империясы сияқты, Ұлы Дала мемлекеттері мен халықтары үшін көптеген ғасырлар бойы даму стандарттарын белгілеп, мемлекеттік басқаруды сапалы жаңа деңгейге көтерді. Әлемнің Алтын Орданы қабылдауы Қазақстанмен тығыз байланысты болуы өте маңызды» деп атап өтті.

Жошы Ұлысының тарихына қатысты ескерткіштерді сақтау, зерттеу, насихаттау мақсатында өткізілген экспедиция көне Тараздан бастау алды. Экспедицияның қасиетті Тараз жерінен  басталуы тегін емес. Себебі, ол өңір Жошы Ұлысының қалыптасуына  тікелей байланысы бар. Олай дейтініміз Талас өзені бойында алғашқы құрылтайдың өтуі маңызды шешім болған еді. Міне, содан бері талай тарихқа куә болып келе жатқан бұл өңірдің қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуындағы тарихи салмағы артпаса кеміген емес. Олай болса, экспедицияның бастауы Тараз даласынан басталуы заңды құбылыс.

Сонымен қатар экспедиция маршруты бойынша, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе және Атырау облыстарында болып, Жошы Ұлысының тарихымен байланысты археологиялық, архитектуралық, мемориалдық нысандардың қазіргі жағдайына бақылау жүргізілді, әр облыста жергілікті тарихшы-ғалымдар, археологтармен кездесіп, пікір алмасып дөңгелек үстел өткізіліп, туристік бағыттарды дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Одан бөлек жүріп өткен жерлердің фото, бейне, аудио форматта танымдық ақпараттық өнімдер дайындалып, ғалымдар, тарихшылар мен мамандардың сұхбаты негізінде түсірілген деректі фильм көпшілікке ұсынылатын болады.

«Жалпы бұл экспедиция Жошы Ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан тарихи ескерткіштерін насихаттауға  мүмкіндік бергенін ерекше атап өтуіміз керек. Осылайша 11 күнде, 7 мың шақырым жолды артта қалдырған экпспедиция сапары Жошы ханның кесенесі орын тепкен Ұлытау жерінде түйінделді. Бүгін Астанамыздың төріндегі Ұлттық музейде тарихи ұлы сапарды сіздермен қорытындылауға жиналып отырмыз», – деп  кіріспе сөзін Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жұмакенов Еркебұлан Қайроллаұлы бастады.

Экспедицияға қатысқан мамандар да экспедициядан алған әсерін, ұсыныстарын, сырлы естеліктерін айтып, Жошы Ұлысының тарихына қатысты тың мәліметтерді ортаға салып, пікір алмасты. 

 «Әйгілі Жошы Ұлысының құрылған жерінен бастап, астанасына дейін көріп, аралап, жүріп көрдік. Жалпы ортағасырлық ескерткіштердің тарихи маңызын зерттеу арқылы көптеген ақтаңдақтардың бетін ашамыз. Экспедицияның басты идеясы да осы еді, демек, бұл тұрғыда мақсатына жетті. Мен өз тарапымнан осы экспедицияның қорытындысы ретінде өз келесі ұсыныстарымды айтқым келеді:  1.Экспедиция тек Қазақстан аумағын ғана емес, алыс-жақын шет елдік сандарды да қамтитын халықаралық дәрежедегі іс-шараға айналдыру керек. 2. Экспедиция құрамын әр сала мамандарының өкілдерімен, мысалы, этнография, мәдениет, өнер саласындағы білікті мамандарды да тарту керек», – дейді Профессор, белгілі археолог Елеуов Мадияр.

Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас маманы, белгілі археолог Дөкей Әбдікәрімұлы бұл тарихи ескерткіштерді кешенді түрде зерттеу керек екенін тілге тиек етті.

«Жошы Ұлысының тарихы жалы сөз болғанда Жібек жолының бойында тұрған ортағысырлық қалаларды айналып өте алмаймыз. Мәселен, біз атбасын тіреген Қышқала қалашығы тікелей Жошы ұрпақтары билеген уақытта теңге бастырып, сауда- экономикалық қатынастары дамыған мәдени орталықтардың бірі болған. Осы қатарға Сыр бойында тұрған Сығанақ, Жент, Жанкет сынды тарихи нысандарды қосуға болады. Ендігі жерде осы ескерткіштерді кешенді зерттеуді, оны туристік нысан ретінде дамытудың жолдарын жетілдіруді ұсынамыз», – дейді  Дөкей Әбдікәрімұлы.

Қарағанды өңірінің өлкетанушысы, Жошы ұрпағы, Төре руынан тараған Асылбек Алтынов экспедицияның жоғары деңгейде өткенін баса айтты.

«Экспедицияның ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушы мен жетекшілік еткен, қолдау көрсеткен ұйымдарға үлкен алғысымды білдіремін», – дейді ол өз сөзінде.

Бауырлас Түркия елінен келген қонағымыз, археолог Чобан Аккаял Гүлшах та тарихи нысанды көзбен көрудің жөні бөлек екенін айтты.

«Мен Қазақастан аумағында Жошы Ұлысының осынша көлемдегі тарихи нысандарының бар екенін оқып, біліп жүрсем де оны көзбен көріп, жаныңмен түйсінудің жөні бөлек екен! Қазақстандың ағайынды тағы да Жошы Ұлысының тарихын ұлықтау жолындағы қажырлы еңбектеріне жеміс тілеймін», – дейді ол.

Ал Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор, тарихшы Смағұлов Нұртас Бірлікұлы Жошы Ұлысның құрылуы және оның Евразия тарихындағы маңызы зор екенін атап өтті..

«Жошы Ұлысының құрылуы қазақ мемлекеттілігінің бастауы. Сондықтан ұлыстың 800 жылдығы еліміздің тарихы үшін саяси идеологиялық мән-мазмұны терең. Оны ұлықтау бүгінгі ғылыми-саяси зиялы ортаның өткен алдындағы борышы», – деп экспедицияның рухани-мәдени маңыздылығын баяндады.

Серіктес жаңалықтары