Салт- дәстүрден айныған емеспіз
– 1950 жылы Пәкістан елінің Пешавр қаласында діни ғұлама ғалым, қоғам қайраткері Халифа Алтай ақсақалдың отбасында дүниеге келдім. 1953 жылы Түркияға қоныс аударып, Салихлы қаласында орта мектепте білім алдым. Ал 1989 жылдан Франция мемлекетінде өмір сүріп келемін. Франциядағы ақсақалдар алқасының төрағасымын.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі атажұртпен байланыс жақсара түсті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Құрылтайлар өткізілді. Одан басқа да мәдени шаралар жүзеге асты. Абай бабамыздың 150 жылдығы Францияда ЮНЕСКО ұйымы көлемінде тойланды. Біз тілімізді дұрыс сақтай алмасақ та, дінімізді сақтап келеміз. Салт-дәстүрден айныған емеспіз. Әкемнің айтып кеткен өсиеті – ағайынмен, әр адаммен тату болу еді. Ұлыс күні әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киіп, ер адамдар бір-бірімен қос қолдасып төс қағыстырады. Ал әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Әдетте осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңдерінде шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып, тоқтатылды. Құдайға шүкір, қазір бұл мейрамды бүкіл түркі әлемі тойлайды. Париждегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін асыға күтеді. Тіпті, бұл тойымызға осы елде жүрген түркітілдес ұлттардың өкілдері де келіп қатысады. Қырғызстан, Түркия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Пәкістан, т.б. елдердің азаматтары Наурыз мейрамымен құттықтап, кіріп шығады. Әсіресе, 2013 жылы Париждің іргесіндегі Goussainville қалашығында өткен Наурыз мерекесі есімде қалыпты. 22-23 наурыз күндері той тойлап, жергілікті қазақтар бар өнерін ортаға салды. Сол шараға арнайы қатысқан Қазақстанның Франциядағы елшісі, қала әкімі ерекше ризашылық білдірген болатын. Себебі киіз үй тігіп, Наурыз дастарқаны жайылды. Әр ұлт өз тағамдарын дайындап, дәм татқызды. Соңынан түркітілдес ұлт өкілдері ұлттық өнерін ортаға салып, әннен шашу шашты. Ұлттық киім киінген олар елге деген сағынышын осылай басып, арқа-жарқа болды. Тіпті, ұлттық қолөнер бұйымдарынан кішігірім көрме ұйымдастырды. Әз-Наурыз мейрамы дегенде, ең бірінші дәм – наурыз көже ойға оралмай ма?! Жиналған қауым наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болады. Ал ең қызығы, бұл мерекелік шараны қатысушылардан, қазақ диаспорасынан бөлек, жергілікті тұрғындар да қызыға тамашалады. Біз мейрам кезінде ұлттық ойындарды да сағына еске аламыз. Сондай-ақ, футбол сайысынан бас жүлдені қазақ құрамасы жеңіп, бір-бірімізге тамаша көңіл-күй сыйлаған едік. Жылда осы дәстүрден қол үзбейміз. Ұлыстың ұлы күні ескерусіз қалған емес. Биыл да бұл шараға ерекше ынта-ықыласпен дайындық жүруде. Париж қаласында жергілікті қазақтардың басын қосатын «Қорқыт» қоғамы бар. Ұлттық мерекені өз деңгейінде атап өту үшін ұйымдастыру шараларын қолға алатын қоғамның арқасында қазақ бауырлар кездесіп тұрамыз. Мұрат Есжан, Сан-Франциско қаласындағы Өнер академиясының магистранты:
Америкада да қой сойылып, қазан көтеріледі
Абайдың рухы Реннде асқақтады
– Францияға 1999 жылы қыркүйекте Эндокринология мамандығы бойынша Ренн қаласындағы медицина университетіне келгенмін. Сосын 4 жыл резидентурадан өтіп, француз дәрігерінің дипломына мемлекеттік байқау тапсырдым. 2011 жылы желтоқсан айында медицина докторы дәрежесін қорғадым. Халықаралык гериатрия қауымының мүшесімін.
Ренн қаласы Алматы қаласымен 25 жылдан бері бауырлас қала. Мұнда келген күннен бастап сол комитетке мүшелікке кіріп, Қазақстаннан қол үзбедім. 2012 жылы сол комитеттің вице-президенті, 2013 жылдан бері президентімін. Бауырластық комитетінде менен басқа 30 француз бар.
Ренн қаласы 2011 жылы біздің бауырмашылықтың 20 жылдық құрметіне «Алматы бағын» ашқан болатын. Ал 2016 жылдың қазан айында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, сол бақтан ұлы Абай атамызға ескерткіш ашылды. Алматы және Ренн қаласының әкімі кездесіп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты, мәдениетті жақындастырған үлкен той жасадық. Бұл менің бастамамды толық қолдаған екі елдің әкімдігінің, екі елдің елшіліктерінің көмегімен өткен ұлы той. Біз осы бақта көктеммен бірге келетін Наурыз мейрамын атап өтеміз. Абай атамның әруағы риза деп ойлаймын. Енді ақын рухы Реннде де асқақтайтын болады. Туған жерімді, Отанымды сағынған кезде Абай ескерткішіне барып, дұға етемін. Маңайын қоқыстан тазалап тұрамын.
Ренн Халықаралық үйінде жылына 4 рет Қазақстан жайлы көрмелер мен конференциялар ұйымдастырамыз. Екі қаланың экономика және коммерциялық жоғары оқу орындарының арасын байланыстыратын меморандумға қол қойылды. Былтыр Алматыға барып №44 және №122 мектептен француз тілі сыныбын аштық. Келешекте екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта береміз деп сенемін.
Арман Өмір, Стамбұл қаласының тұрғыны:
Ата-анам тек қазақша сөйлеуді талап етті
Биылдан бастап Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтеміз
Жанарбек Ақби, Баян-Өлгий аймағының тұрғыны:
– Моңғолиядағы қазақтың көп бөлігі шоғырланған Баян-Өлгий аймағында Наурыз мейрамы ресми түрде 27 жыл қатарынан тойланып келеді. Моңғолияда кеңес билігі тұсында 70 жылдан аса тыйым салынған Наурыз мейрамын халық тек 1987 жылдан бастап әр өлкеде атап өте бастады. Баян-Өлгийде наурыздың 20-21-і күндері ақындар айтысы ұймдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда қазақша күрес, бәйге, көкпар, тоғызқұмалақтан сайыс өтеді. Сол күндері әрбір мекеме алдын ала наурыз көже пісіріп немесе ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырады. Бір-бірін құттықтап, сый-сыяпатын беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Ұланбатыр қаласындағы студенттер наурыз көжеден дәм татқызып, қазақ халқының өнері мен салт-дәстүрін дәріптейді. 22 наурыз күні, таңғы 9-да орталық алаңға жиырма шақты киіз үй тігіліп, жиналған көпшілікке наурыз көже таратылады. Баян-Өлгий басшылары мен 1700 шақырым қашықтықтағы Ұланбатырдан келген Үкіметтің ресми өкілдері қазақ халқын төл мерекесі – Наурыз мейрамымен арнайы құттықтайды. Бұндай шараға кей жылдары ел президенті, кейде үкімет басшысы немесе парламент төрағасы арнайы келеді. Ал президент Баян-Өлгийге келе алмаса, Ұланбатырда өтетін Наурыз мейрамына міндетті түрде қатысады. Бұдан кейін мерекелік шеру басталады. Бұл күні мемлекеттік ұйымдар тайлы-тұяғы қалмай жыл он екі айдың мүсінін жасап, шеруге қатысады. Әр мекеме тарихтан сыр шертетін шағын қойылым сахналайды. Баян-Өлгий халқына жаппай түрде ұлттық киім кию міндеттеледі. Ел билігін ұстаған басшылардан бастап, үйдегі қария мен бала-шағаға дейін ұлттық киім киеді. Наурыз шеруін Баян-Өлгий бүркітшілері бастап жүреді. Ал көшпенділер өмірін сомдаған түйелі көштің өзі шеруге ерекше сән береді. Аттың құлағында ойнаған қыз-жігіттер мен ұлттық киіммен шеруге шыққан мектеп оқушылары өнерлерін ортаға салады. Алаңға келген әр адам мерекелік шарадан кейін қазақтың ежелгі салты бойынша ауыл-аймақты аралап, бір-біріне қонаққа барып, амандық-саулық, жақсылық тілеп, наурыз көже ішеді. Әр әулеттің шаңырағы шаттыққа толады. Бұдан бөлек Баян-Өлгий аймағының Орталық ұлттық музыкалық театрында Наурыз мерекесіне арнайы дайындаған мерекелік концертті тамашалаймыз. Айта кету керек, Ұланбатыр қаласында соңғы 10 жыл көлемінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған. Оған Моңғолия президенті Ц.Элбэгдорж мырзаның өзі арнайы қатысып, Ұланбатырда оқып жатқан талантты қазақ студенттері мен Баян-Өлгийлік әртістердің өнерін тамашалайды. Сондай-ақ, бұл күндері қазақтың қолөнер шеберлерінің бұйымдары көрмеге қойылып, ерекше дәріптеледі. Жарқын Өтешова, Мәскеудегі Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттің дамуын қолдау «Астана» қорының президенті: – 2008 жылы өз жұмысын бастаған «Астана» қорының мақсаты – қанатының астына ұлтына қарамай Мәскеудегі барлық қазақстандықтарды жинай отырып, халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұрпақ бойына сіңіру, сақтау. Бұдан бөлек Мәскеуде қазақстандықтардың басын қосатын тұрақты мәдени орталық, кітапхана, мұражай ашу. Мәскеу және Мәскеу өңіріндегі қазақстандықтардың ескерткіштерінің тізімін жасап, мемлекеттік дәрежеде қорғауға алу. Ресей Сыртқы істер министрлігіне қарасты жерде орналасқан «Меридиен кантри клаб» атты гольф-клубы бар. xОсы жерде ҚР Президенті сыйлаған қазақтың киіз үйі тұр. Сол киіз үйді «Астана» қоры қамқорлыққа алып, сол жерде «Наурыз» т.б. ұлттық мерекелерді өткізіп келеміз. Оған сол жақта тұрып жатқан қазақ, түрік, өзбек, әзірбайжан, т.б. түркітілдес ұлттардың өкілдері де қатысады. «Астана» қорының жанынан «Ақсақалдар кеңесі» ашылған. Ондағылар – сонау елуінші жылдарда Мәскеуге келіп орналасқан ағаларымыз бен апаларымыз. Кезінде СССР Жоғарғы Кеңесінде қызмет жасаған Фахир Абдухалықов, Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник Хәкімжан Мұхамеджанов ағаларымыз әр уақытта ақыл қосып, қордың жұмысына көмектесіп отырады. Сонымен қатар Мәскеу мен Мәскеу төңірегіндегі қазақ халқының атақты тұлғалары - Абай Құнанбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткіштерді деf заңды түрде қорғауға алар уақыт келген сияқты.

